Әсірелеп айтудың қажеті жоқ шығар. Қазір ауылдан қазақылықтың бояуы, қаймағы мен қайнары кете қойған жоқ. Тіршілік ағынымен біраз адамы қалаға қоныс аударғанымен, елді мекендерде ұлттық болмысымызбен тыныстап отырған тұрғындар баршылық. Дегенмен, ауылда тұрып жатса да қолына әлі күбі ұстап көрмеген, диірменнің тасын айналдырып үлгермеген балалар бар.
Жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды ұмыттырмаудың жолы – этноауылдар құру. Осы бағытта құндылыққа мән беріп жүрген кәсіпкердің бірі – қордайлық Мақсат Барманқұл. Жас кәсіпкер Қордай ауданы, Қарасу ауылында біраз жұмыстарды жолға қойып отыр. Солардың негізгісі – этноауыл. Бұл күнде ауыл шетіндегі суы сарқырап ағып жатқан бұлақтың басына екі киіз үй тігіп, оның ішін қазақы құндылықтарға толтырған. Арнайы ұлттық нақышпен безендірілген тапшандар да бар. Мұнда 4-5 бие байланып, келушілерге қымыз, саумал ұсынылуда. Атқа мініп серуендеушілер саны да артып келеді. Осы этноауылға атбасын бұрушылар қазақтың ат әбзелдеріне, қамшысына, күбісі мен диірменіне ерекше мән беруде. Жүрегі қазақ деп соққан Мақсаттың мақсаттары үлкен. Жалпы, қазақы құндылықтар жөнінде Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай:
«Этноауыл деген – өте жақсы жоба. Біз бұл бағыттағы кәсіпкерлерді үнемі қолдауға дайынбыз. Бірақ, бұл жобаның өзіндік қиындықтары да бар. Жақында көшпенділер ойынына жерлестерімізді шығарып салу рәсіміне қатысты Шарбақты өзенінің бойына 5 киіз үй тіктіріп, алтыбақан құрып, көшпелі этноауыл жасадық. Барлығы көңілден шықты. Дегенмен, біздің аудандардың бойынан Талас, Шу, Аса секілді өзендер өтпейді екен. Осы жағы ойландырады. Жалпы, іргесінен арқырап өзен ағып жатқан ауылдар үшін бұл қолайлы жоба», –деді.
Ұлттық құндылықтарды қолдау бағытында Меркі ауданында да іргелі істер аз емес. «Меркі» шипажайының маңайында жеке кәсіпкерлер киіз үй тігіп, қазақы құндылыққа назар аударып отыр. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбеков: «Табиғаты тұмса Меркіде ұлттық құндылықтарға селқос қарауға болмайды. Ертеректе бұл жобаны жақсы жүзеге асырған едік. Қазір де жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен этноауыл жобасын жандандыру мәселесін назарда ұстап отырмыз» десе, Шу аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева:
«Шу өзенінің бойынан кәсіпкерлерді ұйымдастыра отырып, бірнеше киіз үй тіктірген жайымыз бар. Дәл қазір ол ісіміз этноауыл жобасының талабына толық сәйкес болмағанымен, ниетіміз оң. Ең бастысы, жас ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінеміз», – деді.
Біз осы орайда облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы туризм бөлімінің басшысы Жомарт Хажының пікірін білген едік.
«Бұл жобаны зерделеп, зерттеп көрдік. «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне де бір кездері ұлттық нақыштағы киіз үйлер қойылды. Бірақ, бұл жобаға қызығатын ешкім жоқ. Аралап көруге құлшынып тұрған ешкімді байқамадық. Шығыны көп. Әр киіз үйдің бағасының өзі кемі 2-3 миллион теңге көлемінде. Оның безендіруі, әрлеу жұмыстары тағы бар. Қысқасы, бұл жоба біраз ойлануды, тиімділігін тағы бір таразылауды қажет етеді. Бұл енді кәсіпкер азаматтардың отансүйгіштік қасиетіне де байланысты», – деді ол.
Тағы бір айта кетерлік жағдай, осыдан 5-6 жыл бұрын Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылы аумағындағы «Айша бибі» кесенесінің жанына киіз үйлер тігіліп, этноауылдар жасақталған болатын. Бұл туралы «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени қорық мұражайының директоры Берік Жүсіп:
«Айша бибі ескерткіші жанындағы киіз үйлер заңсыз тігілген екен. Кезінде жергілікті әкімшіліктің ұсынысымен жүзеге асқан болар. Олардың тұрған орны басқа мақсатқа қарастырылған. Сондықтан заң аясында ол үйлерді тарихи ескерткіштің маңынан алыс жерге көшірдік», – деді.
Ал, Талас ауданының Құрметті азаматы Есенаман Бейсеуов:
«Этноауылжақсы, бірақ, ол бабалардың болмысынан, құндылығынан ажыраған, ұлттық құндылықпен байланысы ақи-тақи үзіліп қалған халықтың ұрпағына көрсетілетін дүние деп ойлаймын. Қазақы құндылық қазақ жастарының бойында сақталып тұр», – дейді.
Ал, Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұржан Мұхтаров:
«Біз Талас өзенінің бойына мұндай жобаны әлі жүзеге асырмадық. Біздің ауылдардың барлығында қазақылықтың қаймағы сақталған. Арғы тарихтан тамыр тартып, терең әңгіме айта алатын ақсақалды, 7-8 келінін ұлағатты сөзімен баурап, бір өзі басқарып отырған ардақты әжелерді әр ауылдан кездестіруге болады. Дегенмен, бірнеше ауылдың тұсынан Талас өзені ағатын аудан аумағына осындай жобалар ыңғайлы секілді. Алдағы уақытта кәсіпкерлік және өнеркәсіп, туризм бөлімімен және округ әкімдерімен бірлесіп, жүзеге асыруға болатын іс. Этноауыл болған соң ол ауылға белгілі өнер адамдары келіп жатса, кешкілік халық әндері шырқалып, күйлер күмбірлесе. Ақындар айтысы өтіп, көкпаршыларымыз ат үстінде өзара күш сынасып жатса жақсы болар еді. Қазақы болмысты бағалау дегеніңіздің өзі осы болса керек.
Ойдан ой туады емес пе, осы сәтте әр ауылда тұратын, ескінің тарихи әңгімелерін айта алатын қазына қарттардың, он саусағы он кісі болып отыратын қолөнер шебері – әжелердің асыл өнерін бағалайтын уақыт жетті. Ал, бұл жас ұрпақ үшін таусылмас тағылым болар еді, – дейді.
ТҮЙІН:
Осыдан отыз жыл бұрын ауылдардағы әр шаңырақтың ауласына киіз үй тігетін. Бұл күнде тек атасы мен әжелері бар әулет қана киіз үйді қадірлеп отыр. Оған себеп, бұрынғы киіз үйлер тозды, ескірді. Жаңасын сатып алуға киіз үйдің бағасы өте қымбат. Оның үстіне ауылдан зәулім үй салғандар түрлі бастырмаларды көлеңкелеп, сол жағына көңіл аударып кетті. Дегенмен, біз қашанда қазақы болмыстан ажырамауымыз қажет. Этноауылдар – ұлттық құндылықты дамытудың жарқын жолы екенін жауаптылар мен жас ұрпақ естен шығармаса екен.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді