«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел үміті ақталды

Ел үміті ақталды
Ашық дереккөз
Төрткүл дүние көз тіккен Париж Олимпиадасында жерлесіміз Елдос Сметов жеңіске жетіп, дзюдодан ел тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. 60 килограмм салмақта белдескен отандасымыз дүбірлі доданың ақтық сынында кілем қожайыны франциялық Лука Мхелидзеден айласын асырып, спорттық мансабындағы үшінші Олимпиадасында алтын жүлдеге қол жеткізді. Айта кетейік, бүтіндей елдің ұлы атанған Елдостың бұл жеңісі – Париж Олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олимп шыңын бағындырған оғланды жарқын жеңісімен құттықтап, спортшыға және оның отбасына амандық тіледі.

«Қазақтың рухын, жалпы халқымыздың мықты мінезін көрсеттің. Бәріміз сені мақтан тұтамыз. Сөзіңде тұрдың, тамаша жеңіске жеттің, нағыз жігітсің. Сен сияқты жігіттердің арқасында туымыз әрқашанда асқақтап, желбірей берсін. Жаңа жеңістерге жете бер. Саған және отбасыңа аманшылық тілеймін», – деді Президент чемпионмен телефонмен арқылы сөйлескенде.

ТАРИХИ СӘТ – ЖЕҢІЛІССІЗ ЖОЛ

Бұған дейін Рио Олимпиадасында күміс, Токиода қола медаль алған жамбылдық жампоз Парижге тәжірибесі толысқан шағында аттанғаны белгілі. Дәл осы себепті, ұлттық құрама көшбасшысы айтулы додадағы алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Татамиде шаршауды білмейтін ол бірінші айналымда Нидерланд спортшысы Торнике Чкадуамен кездесті. Бұл жекпе-жектің басында қос спортшы да баяу күрескендері үшін төрешіден ескерту алған еді.

Уақыт өте отандасымыз тағы бір шидо алып қалды. Осылайша, негізгі уақытта жеңімпаз нақты анықталмады. Ал, қосымша уақыт Сметовтің бағына бұйырды. Осы сәтте қарсыласы да екінші ескертуін еншілеген. Торникенің ережені бұзғанын байқаған төрешілер оған үшінші мәрте шидо берді. Нәтижесінде Елдос алғашқы белдесуінде жеңіске жетті. Орайы келгенде айта кетейік, дәл осы қос палуан Токио төрінде қола жүлде үшін күрескенде біздің жігіт өз мықтылығын дәлелдеп, үздік үштікті түйіндеген болатын.

Екінші айналымға сенімді түрде шыққан тараздық татами шеберінің бұл жолғы қарсыласы Украина өкілі Дильшот Халматов болды. Кездесу басталысымен-ақ бір ұпайға қол жеткізген Сметов жекпе-жектің соңына дейін басымдылығын жоғалтқан жоқ. Сөйтіп, сайыстың ширек финалына жолдама алған ол мұнда қытайлық Ян Ю Вэймен күресті. Әлемдік рейтинг көшбасшысы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ян Ю Вэй де оңай шағылар жаңғақ емес. Ю Вэй өткен жылы Ханчжоуда өткен Жазғы Азия ойындарында топ жарғаны ел есінде. Десе де, Елдос білгенінен жаңылған жоқ. Ол бұл жолы байырғы қарсыласынан әлдеқайда мықты екенін көрсете білді. Өз кезегінде Вэй жұбаныш раундына қатысуға мәжбүр болған еді. Сметов жолын бөгеген спортшылардың қатарында Еуропа чемпионатының 3 дүркін жеңімпазы, испаниялық Франсиско Гарригос та бар. Жалпы, екі татами шебері осыған дейін 4 мәрте күш сынасқан.

Ал, бұл жолғы текетіресте біздің спортшы қарсыласын қосымша уақытта (golden score) ұтты.

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАЛҒАСЫ – ЧЕМПИОННЫҢ КӨЗ ЖАСЫ 

1980 жыл. Мәскеу Олимпиадасы. Жер шарының алтыдан бір бөлігіне әмірі жүрген КСРО-ның астанасында қазақтың ұлы Жақсылық Үшкемпіровтің абыройы асқақтады. Аты аңызға айналған классикалық палуан қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Ұлтымыздың спорттық шежіресіне тың парақ қосқан осынау айтулы жеңістен кейін де 44 жыл уақыт өтті. Содан бері 10 Жазғы Олимпиада ойындары тарих қойнауына кетті. Арада қырық жылдан астам уақыт өткенде Жамбыл жерінің тағы бір тумасы Елдос Сметов күрестен, дәлірек айтқанда, дзюдо күресінен Олимп шыңында ат ойнатты. Бір қызығы, марқұм Жақсылық ағамыз осыдан 8 жыл бұрын «Астана ақшамы» газетіне берген сұхбатында:

«Менің жолымды Елдос Сметов басады. Менен кейін күрестен Олимпиада алтынын алатын қазақ сол болады», – деген екен.

Мұны ерекше мистикаға балаған ел-жұрт қос спортшының тұрысы, тіпті, киген киімдеріне дейін ұқсастық бар екенін жасырмады. Демек, тарих қайталанды. Ал, ер Елдос Париждегі жарқын жеңісінен кейінгі сұхбатында Жақсылық Үшкемпіровтің арманы орындалғанын айтты.

– Мүмкін емес нәрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Бәрі де қолдан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, жекпе-жек түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын. Өзімнің үшінші мүмкіндігімде чемпион атандым. Бұған дейін күмісті де, қоланы да алдым. Әлем чемпионы атандым. Халқымды қуантудан артық бақыт жоқ, – деді чемпион.

Естеріңізде болса, жерлесіміз Рио Олимпиадасының финалында ресейлік Беслан Мудрановтан жеңіліп қалғанда Токио олимпиадасында есе қайтарамын деген. Бірақ, Токиода жартылай финалда жапониялық Наохиса Такатаға есе жіберіп, қола медальды місе тұтты. Оның үстіне, Токио Олимпиадасынан соң Сметовтің салмағы да өсіп, ол 60 килограммнан 66-ға ауысқан. Десе де, жаңа салмақта көп жеңіске жете алмаған соң өз салмағына ауысты. Оның ортасында біраз уақыт үзіліс алып, жарақатын емдеп, татамиге де шықпады. Дегенмен, Париж Олимпиадасына жолдама алу үшін Гран-при, Гранд слам жарыстарына барып, жолдамасына қажетті ұпай жинады да, ТОП-30 дзюдошының қатарына кірді.

Жалпы, 60 килограмм бұл салмақта Қазақстанның екі жас палуаны Мағжан Шамшидин мен Нұрқанат Серікбаев Сметовтен жоғары тұрған еді. Егер рейтингке салса, 15-орынға жайғасқан Серікбаев баруы тиіс болған. Алайда, бапкерлер Олимпиада алдында үш палуан арасында кіші іріктеу өткізіп, сол кезде Елдос екеуін де жеңген. Осылайша Елдос сөзінде тұрып, тұғырдың ең биігіне көтерілді. Қазақтың қыз-жігіттеріне жігер сыйлаған ол Әнұран шырқалғанда көз жасына ерік берді. Шын мәнінде, бұл – қуаныштың көз жасы еді.

Осы ретте Париж төрінде атой салған отандасымыздың тарихи жеңістерін тізіп көрейік. Жамбылдық жампоз 2010 жылы дзюдодан жастар арасында өткен әлем чемионатында жеңімпаз атанған алғашқы қазақ палуаны. Сонымен қатар, 2014 жылы жалауы желбіреген Азия ойындарында чемпион болған бірінші қазақ дзюдошысы. Араға бір жыл салып ересектер арасында дүние жүзінің жеңімпазы деп танылған қазақтан шыққан алғашқы дзюдошы. Ол аз десеңіз, Сметов ересектер арасындағы 2015, 2019 және 2022 жылы түндігі түрілген әлем чемпионаттарында медаль ұтқан Қазақстанның тұңғыш дзюдошысы. Бұдан бөлек, дзюдошы Елдос Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған бірінші қазақ. Әрі ол қатарынан үш Олимпиада ойындарында медаль олжалаған алғашқы қазақстандық дзюдошы. Ең бастысы, Сметов бүтіндей қазақ елінен шыққан дзюдо күресінен Олимпиада чемпионы деген атағы бар бірінші палуан. Атап өтерлігі, қос палуан Жақсылық пен Елдос ең жеңіл салмақта топ жарды. Ал, Франция мемлекетіндегі финалдық белдесуінде отандасымыз Жақсылық ағасының жолын сәтті жалғағаны мерейімізді өсірді.

Жалпы, Париж төрінде өтіп жатқан ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында біздің өңірден 5 спортшы өнер көрсетеді. Олардың бірегейі – Парижде Қазақстан туын ұстап шыққан Асланбек Шымбергенов. Өкінішке қарай, ұлттық құрама капитаны дүбірлі додадағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты. 71 килограммда шаршы алаңға көтерілген қазақстандық боксшы иорданиялық Зейад Йшайшке есе жіберді. Әрине, талай сыннан сүрінбей өткен Асланбектің сағы сынбай, келешекте өтетін түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарады деп сенеміз. Сонымен, әзірге ел құрамасы 1 алтын, 2 қола жүлдемен Олимпиада ойындарында медаль саны бойынша 7-ші орынға табан тіреді. Енді Әйгерім Сарыбай (семсерлесу), Александра Ле (оқ ату), Дмитрий Панарин (бадминтон), Қамшыбек Қоңқабаев (бокс) бақ сынаса, садақ атудан Қазақстан-Италия арасындағы командалық бәсеке өтпек. Ендеше, ел намысын қорғайтын спортшыларға бірге жанкүйер болайық!

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар