Ғылымда мұндай өкіндірер құбылысқа «ақыл ағыны» деген атау берілген. Бұл кім үшін өкінішті? Оқыған азаматтар тәрк еткен ел үшін бұл өкініш, ал құшағына басқан ел үшін бұл сөзсіз қуаныш.
Ақыл ағыны – ғалымдардың, мамандардың және білікті азаматтардың елден экономикалық, саяси, діни немесе басқа себептермен эмиграциялану процесі. Мұндай үдеріс өткен ғасырдың елуінші жылдары қылышынан қан тамған сталиндік жүйенің салдарынан орын алған еді. Мәскеудің әлеуетті ғалымдары өрескел қатаң жүйеге шыдай алмай, заңсыз жолмен жаппай Еуропа асып кеткен болатын. Ал, бейбіт күнде мамандардың тәуелсіз елді тәрк етуіне не себеп? Осы сауалға өздігімізше жауап іздеп көрдік.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері елден 3,8 мың адам кеткен, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 42 пайызға көп. Оның ішінде қаладан 2,8 мың адам, ауылдан 1 мың адам кеткен. Ал, облыстан кеткендердің саны – 145 болса, келгендердің саны – 78. Елден кеткен мамандардың үлесі бойынша көшті техникалық мамандар бастап тұр. Экономика саласының мамандары екінші, педагогтар үшінші, медицина мен заң саласының мамандары төртінші орында.
Қазақстаннан таппаған дүниені осында тауып, қызмет істеп жатқандар көп. Одан бөлек университеттерде білім сапасы өте жоғары. Оқу ақысы арзан. Мысалы Тараздағы университеттерге жылына 500 000 теңге төңірегінде ақы төлесе, мұнда оқу ақысы жылына 150 000 теңгеден басталады.
Маусым айындағы үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақстандық студенттер қай елдерде оқып жатқаны туралы ақпарат берді. Министрдің айтуынша, бүгінде 80 мыңнан астам қазақстандық студент шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
– Студенттердің ең көбі Ресейде. Көрші елде 60 мыңнан астам қаракөзіміз жүр. «Болашақ» бағдарламасы аясында мыңнан астам студент бар, негізінен Ұлыбританияда, Еуропа елдерінде, сонымен қатар АҚШ-та білім алып жатыр. Гонконг пен Оңтүстік Корея университеттері біздің мектеп түлектерін қуана оқуға қабылдайды. Оның 450-ге жуығы Гонконгта, бір мыңдай студент Оңтүстік Кореяда білім алуда», – деді Саясат Нұрбек.
Министр қазақстандық студенттердің шетелге не себепті кететінін атап өтті. «Халықаралық стандарттарға негізделген жақсы білім беру жүйесі бар Оңтүстік Корея, Жапония, Гонконг, Сингапур сынды үлкен елдерде қазір демографиялық құлдырау байқалады. Сол себепті бұл елдер ТМД аумағынан келетін студенттерді қуана қабылдайды. Яғни, корейлік әріптестеріміз де мұны жасырмай, ең дарынды студенттерді Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге шақыратынын айтады, – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, жастардың шетелге ағылуына әсер ететін тағы бір фактор – ұлттық ғылым, білім сапасы. Осы себепті министрлік қазір қазақстандық түлектер өз елінде шетелдік жоғары оқу орындарының стандарттары бойынша білім алуы үшін Қазақстанда әлемдегі беделді университеттердің филиалдарын белсенді түрде ашумен айналысып жатыр.
Расында да, біздің студенттеріміздің шетелде оқуды таңдауының басты себептерінің бірі – сапалы білім мен халықаралық тәжірибе алуға ұмтылу. Ресей университеттері кең желісімен, географиялық жақындығымен және салыстырмалы түрде ұқсас мәдени ортасымен көптеген адамдар үшін қолайлы таңдау болып табылады. Сонымен қатар, Ұлыбритания, АҚШ, Оңтүстік Корея сияқты елдер студенттерді жоғары білім деңгейімен, инновациялық технологияларымен және әлемдік нарықтағы жұмыс мүмкіндіктерімен қызықтырады. Министр атап өткендей, демографиялық құлдырауды бастан өткерген кейбір елдер тек білім деңгейін көтеру ғана емес, сонымен қатар ішкі демографиялық мәселелерді шешу үшін шетелдік, оның ішінде қазақстандық студенттерді белсенді түрде тартуда. Мысалы, Оңтүстік Корея біздің студенттерді тартуды университет аудиторияларын толтыру ғана емес, сонымен бірге дарынды жастарды өз экономикалық ортасында жұмыс істеуге шақыру мүмкіндігі ретінде қарастырады. Алайда, Қазақстаннан студенттердің жаппай кетуі бірқатар проблема тудырады. Біріншіден, бұл ұлттық білім беру жүйесінің осалдығы. Жастардың едәуір бөлігі шетелдік университеттерді таңдаса, бұл жергілікті білім сапасына деген сенімсіздікті көрсетуі мүмкін. Бұл қазақстандық жоғары оқу орындары үшін білім бағдарламаларын қайта қарау, инфрақұрылымды жақсарту және халықаралық байланыстарды нығайту қажеттігін айғақтайды. Екіншіден, жас мамандар оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстанға қайтып келмесе, үлкен ауқымдағы «ақыл ағынына» әкелуі мүмкін. Бұл еңбек нарығында теңсіздік тудырып, халықаралық тәжірибесі мен білімі бар жоғары білікті кадрлар тапшылығына алып келеді. Осы тұрғыда бұл мамандарды Қазақстанға қайтару және олардың туған жерінде кәсіби өсуіне жағдай жасау стратегияларын әзірлеудің маңызы зор.
Дегенмен, студенттердің шетелге кетуін мүмкіндік ретінде қарастыруға да болады. Халықаралық білім мен жұмыс тәжірибесі біздің студенттерге Қазақстанға қайтара алатын құнды дағдылар мен білім алуға мүмкіндік береді. Бұл ұлттық экономиканың дамуына және оның әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ете алады. Сонымен қатар, шетелде білім алып жатқан студенттер Қазақстан мен басқа елдер арасындағы халықаралық серіктестік пен ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін көпір бола алады.
Ал, сарапшылар қауымдастығының өкілдері бұл туралы не ойлайды? Отандық білім саласының үздік маманы, ұстаз, тарихшы Марат Ыдырысовтың айтуынша, студенттердің шетелге кетуін екі жақты қарастыруға болады.
– Бір жағынан, бұл біздің білім беру жүйесі мен экономикамыз үшін күрделі сынақ. Жаппай көшу жергілікті білім сапасына сенімсіздікті көрсетуі мүмкін және біздің ең дарынды, болашағы зор жастарымыз оқудан кейін елге оралмаған кезде «ақыл ағыны» қаупін тудырады. Бұл білікті мамандардың тапшылығына және елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының баяулауына әкелуі мүмкін. Екінші жағынан, оңтайлы тұсы да аз емес. Шетелде оқитын студенттер Қазақстанның игілігіне пайдалануға болатын құнды білім, тәжірибе және халықаралық байланыстарға ие болады. Олардың қайтарылуы біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңа идеялармен және тың тәсілдермен байыта алады. Студенттердің алған білімдерін тиімді пайдалануға және қайта оралуға ынталандыратын жағдай жасау маңызды. Ендеше, сыртқа ағынмен шектеу арқылы емес, оларды қайтару және Қазақстанда кәсіби түрде жүзеге асыру үшін тартымды жағдай жасау арқылы күресу керек», – деп өз пікірімен бөлісті ұстаз.
«Студенттер неге Ресейге көбірек көңіл бөледі?» деген сұраққа жауап бере отырып, сарапшы бірнеше себептерге байланысты Ресей Федерациясы Қазақстан Республикасынан келген студенттер үшін тартымды таңдау болып кеткенін атап өтті.
– Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихы, мәдени байланыстары және тілдік орта бар. Ресейде оқу қазақ студенттері үшін жеңіл әрі ыңғайлы. Тілдік кедергінің болмауы және ұқсас мәдени, әлеуметтік аспектілер бейімделу процесін жеңілдетеді. Сонымен қатар, Ресейде қолжетімді бағамен сапалы білім беретін көптеген университет бар. Ресейлік университеттер әлемдік рейтингтерде жиі көш бастайды. Ресей университеттерінде оқу құны Батыс елдеріне қарағанда төмен, ал шәкіртақы мен қолдау бағдарламаларының көптігі қазақстандықтарға тіпті ыңғайлы», – дейді ол.
Сонымен қатар, педагог Қазақстанның да шетелдік студенттер үшін тартымды елге айналуға мүмкіндігі бар екеніне сенімді.
– Біздің университеттер қазірдің өзінде білім бағдарламаларын ағылшын тілінде ұсынып, халықаралық университеттермен ынтымақтаса жұмыс істеуге белсене кіріскен. Бұл олардың беделі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Шетелдік студенттерге білім беру сапасын, инфрақұрылымды жақсарту арқылы бұл жұмысты жүйелі жүргізудің маңызы зор. Білім туризмін дамыту экономикалық өсуге және мәдени байланысқа, инвестиция тартуға және Қазақстанның әлемдік білім беру қауымдастығына интеграциялануына ықпал ете алады. Бұл мақсатқа жетудің маңызды қадамдары – дипломдарымыздың халықаралық деңгейде танылуын арттыру, жаһандық білім беру рейтингтеріне қатысу және әлемнің жетекші университеттерімен академиялық байланысты нығайтудан тұрады, – деп түйіндеді сөзін Марат Ыдырысов.
Бейресми мәліметтерге сәйкес шет ел асқан студенттердің тоқсан пайызы елге келуден бас тартады екен. Мұның басты себептері: жұмыс істеуге қолайлы жағдай, жоғары жалақы, өмір сүруге қауіпсіз орта. Студенттер осындай жайлы жағдайға тез бейімделіп, елге келуден тартынады. Білімді азаматтардың шетелге асығуы ең бірінші кезекте мемлекетке тиімсіз. Мемлекет мұның салдарынан білімге бөлінетін инвестициядан, жоғары білікті мамандардан айырылады. Тиісінше бұл экономиканың көптеген салаларының даму қарқынын тежейді. Елдің инновациялық әлеуетін төмендетеді. Шетелдік университеттерде жас зерттеушілерге көптеген заманауи зерттеу құралдарына қолжетімділік жоғары. Сонымен қатар, ғылыми ауқымы кең, тәжірибесі мол профессор-ғалымдармен етене жақын жұмыс істей алады. Бұл халықаралық еңбек нарығында мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Мұндай тартымды елдердің қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Канада сынды елдер бар. Соңғы уақытта Біріккен Араб Әмірліктері де осы тізімге еніп отыр.
Осыдан бес жыл бұрын Түркияға оқуға түсіп, сол елдегі мүмкіндіктерді пайдаланып, студенттерді Түркиядағы іргелі оқу орындарына түсірумен айналысып жүрген жерлесіміз Аян Ермекұлы жуық арада елге оралғысы келмейтінін айтады. Айтуынша, оған екі ел арасындағы экономикалық алшақтық және Түркиядағы білім сапасы себеп болып отыр.
– Жалпы алғанда Түркия түркі елдерінің арасындағы ең дамыған ел болып есептеледі. Мұнда өмір сапасы өте жоғары. Бастапқыда бұл елге жұмыс істеу үшін емес, оқу үшін келген болатынмын. Оқуды тәмамдаған соң қызмет осы жақтан бұйырды. Түркияда қалуымның басты себебі – тұрмыс сапасы жоғары және жастарға жақсы көңіл бөлінеді. Әзірге елге оралу ойда жоқ. Алға қойған жоспарларымыз көп. Өзге жастардың да шетелге ағылуының басты себебі осы. Олар өздеріне жақсы өмір іздейді. Қазақстаннан таппаған дүниені осында тауып, қызмет істеп жатқандар көп. Одан бөлек университеттерде білім сапасы өте жоғары. Оқу ақысы арзан. Мысалы, Тараздағы университеттерге жылына 500 000 теңге төңірегінде ақы төлесе, мұнда оқу ақысы жылына 150 000 теңгеден басталады. Мұнда әлеуметтік жағдай да біршама тәуірірек. Мәселен, ең төменгі айлық 270 000 теңгеден басталады. Тағы бір ерекшелік, мұнда қоғамдық көзқарас мүлде басқа. Халық өткенін ойлап немесе болашағын уайымдап өмір сүрмейді. Бүгінгі күнмен өмір сүреді. Біздің қазақстандық жастарды оқуға түсіретін компания ашқанымызға бес жылға жуықтап қалды. Осы жылдар ішінде мыңнан астам студентті оқуға түсірдік. Оқуға түсіп жатқан жастар өте көп. Бір ғана Тараздан жылына 200-300 студент оқуға келеді. Жалпы есептесек, Қазақстаннан жыл сайын 4000-5000 студент осында ағылады. Негізі Қазақстанда бөлініп жатқан грант көп. Бірақ, балы жетпей қалып жатқан студенттер аз емес. ҚазҰУ, ЕҰУ сынды сапалы оқу орындарында оқығысы келеді. Бірақ, жыл сайынғы оқу ақысын қалта көтермейді. Түркияның жоғары деңгейлі университеттері шетелдік студенттерге мол мүмкіндік береді. Дипломдары халықаралық деңгейде жарамды. Оқуды аяқтаған соң Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істей алады. Қазір адамдардың түсінігі өзгерген. Қай жерде тиімді бағада сапалы білім болса сол жерде оқуға талпынады, – дейді ол.
Өкінішке қарай, жас мамандарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да алғашқыдағыдай нәтиже беріп отырған жоқ. 14 жыл ішінде 105 мыңнан астам ЖОО түлегі «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысып, жәрдемақы алды. Әрбір екінші қатысушы тұрғын үй алуға 0,01 пайыз мөлшерлемемен бюджеттік несиеге өтініш беріп, үйлі болған. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, 2009–2023 жылдары бағдарлама бойынша жеңілдікті несиені пайдаланған қазақстандықтардың жалпы саны 48 мыңнан асқан.
Алайда, соңғы бірнеше жылда бағдарламаның тартымдылығы төмендей бастады. Мәселен, өткен жылы 2020 жылмен салыстырғанда аталмыш мемлекеттік бағдарлама бойынша ауылға қоныстанған бұрынғы студенттердің саны 29,9 пайызға азайған. Үш жыл бұрын 5 мыңға жуық қазақстандық несие алуға өтініш білдірсе, 2023 жылы олардың саны небәрі 3,5 мың адамды құрап отыр. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, биылғы жылы бағдарлама аясында 3,1 мың азаматты несиелендіруге қаражат қарастырылған. Яғни, несие алушылардың саны тағы 11,9 пайызға азаяды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша бюджеттік несие алғысы келетіндер санының азаюына байланысты соңғы жылдары қаржыландырудың тұрақсыз динамикасы байқалуда. Мәселен, 2020 жылы бұл мақсаттарға 19,8 миллиард теңге бөлінсе, өткен жылы көрсеткіш 10 пайызға азайып, 17,9 миллиард теңге бөлінді. Осы мәселе жөнінде үкіметке сауал тастаған «Ауыл» партиясынан сайланған мәжіліс депутаттарының айтуынша, түлектердің бағдарламаға деген қызығушылығының жоғалуы бірнеше экономикалық факторларға, оның ішінде урбанизацияға байланысты. Жас мамандар ауылға барғысы келмейді, өйткені ондағы жалақы төмен және жылжымайтын мүлік нарығында қолайлы жағдайлары, су, кәріз, газ құбырлары бар баспана жоқ. Сондай-ақ, тұрғындардың қарыздық жүктеме мәселесі тағы бар. Кейбір азаматтарға мұндай несиеге рұқсат берілмейді.
Азаматтардың шетел асуына тағы бір себеп – елдегі өмір сүру сапасының төмендігі. Мұндай қорытындыны Қазақстан Республикасы Экономикалық зерттеулер институтының мамандары жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша жасауға болады. Өмір сапасының орташа баллы 2023 жылы ондық шкала бойынша 4,6 баллды құраған болатын. Рейтингте ең жоғары ұпайды қарқынды дамып келе жатқан Түркістан алды. Зерттеуге қатысушылар оған 10 ұпайдан 5,2 ұпай берген. Ақтау және Степногорск қалалары да 5,1 ұпаймен көш бастады. Батыстағы Жаңаөзен мен Ақтөбе қалалары рейтингте аутсайдерлер тізімінде. Олар 4,1 ұпай жинаған. Зерттеу экономика және бизнес, адам ресурстарын дамыту, инфрақұрылым сынды бірнеше факторларға сүйене отырып жүргізілген. Тұрғын үй, жолдар, қоғамдық қауіпсіздік және экологияны бағалау негізінде барлық қалалар үш топқа бөлінді. Жасыл санатқа, яғни көшбасшылар қатарына Петропавл, Түркістан, Ақтау, Степногорск және өзіміздің Тараз еніп отыр. Бұл шаһарлар инфрақұрылымды дамыту бойынша салыстырмалы түрде жоғары деңгейді көрсеткен. Тиісінше осы қалалардан кеткен азаматтардың саны өзге өңірлерге қарағанда біршама төмен. Бұл біздің өңір үшін сөзсіз қуанатын жайт.
Иә, «шет елде жағдай жақсы» деген желеумен туған жерден алыстап кеткендердің таңдауына құрметпен қараудан басқа шара жоқ. Алайда, Отанға деген ыстық сағыныштың жетегінде бар білімін елдің игілігіне жұмсауға ниеттеніп, оралғандар да баршылық. Сондай аз жастың бірі, жамбылдық – Мұхаммедсалық Үсенов.
– Мен бакалаврды Қытайда оқығым келді. Алғашқы дайындық жылында Қытайдың Сиянь қаласында білім алдым. Кейін отбасылық жағдайға байланысты елге оралдым. Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне түсіп, поляк тілін меңгеріп шықтым. Бакалаврда студенттерді алмастыру бағдарламасы бойынша Польшада жарты жыл білім алған болатынмын. Осы мамандық бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне магистратураға түсіп, студенттерді алмастыру бағдарламасы аясында Польшада тағы да алты ай білім алдым. Оқуды тәмамдаған соң үш жыл Польшада логист болып қызмет еттім. Рас, Еуропада өмір сапасы Қазақстаннан әлдеқайда жақсырақ. Алайда мені елге қайту туралы ой жиі мазалайтын. Ол жақтың менталитеті мен өмірлік танымы мен үшін жат көрінді. Онда жұмыс істеп, қор жинап алуға болады. Бірақ өмір сүру, орта құру, сүйікті ісіңмен айналысу қиынға соғады. Өз еліңдегідей аяғыңды алшаң басып жүре алмайсың. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген осы шығар. Кейін өз елімнің мүддесіне жұмыс істеймін деген ниетте туған жерге оралдым. Көбірек талпынсаң Еуропадағы табысқа Қазақстанда да жетуге болады, — дейді Мұхаммедсалық.
Мұндай жастардың қатары көп емес. Бүгінгі жастар көбінесе эмоцияның емес, сергек сананың жетегінде шешім қабылдауға бейім. Бұл тұрғыдан алғанда олардың таңдауын еріксіз құрметтегеннен басқа амал жоқ. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» дейміз баяғыша. Алайда елдің болашағына алаңдайтынымыз тағы бар. Дегенмен соңғы уақытта шетелдік тәжірибелер елімізге көбірек еніп жатыр. Осы үдерістен үмітіміз зор.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді