Айта кетсек, Жамбыл ауданында Гродекова мен Жасөркен, Меркіде Андас батыр мен Қостоған және Қордай ауданында Қордай, Ауқатты, Сортөбе, Қарасу ауылдары Қырғызстанмен арадағы шекара аумағында орын тепкен. Ауыл әкімдерінің айтуынша, бұл сегіз ауылда да жағдай қалыпты.
Айырқалпақты ағайындармен шектесе орналасқан төрт ауыл қарайтын Қордай ауданында ауыл шаруашылығын кәсіп етіп, табысын арттырып отырғандар баршылық. Аудан орталығы Қордай ауылында облыс әкімі бекіткен «Жамбыл облысында шекара маңындағы ауылдық елді мекендерді тұрақты дамыту және өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар» жоспарына сәйкес 4 жобаны жүзеге асыру көзделген. Атап айтсақ, Батыс және Өтеген көшелеріне орташа жөндеу жүргізіліп, Төле би көшесіне тротуар салынбақшы. Бұл жұмыстар аудандық бюджет қаражаты есебінен іске асады. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған. Инвесторлардың есебінен ауылдың кіреберісіне ауыл тарихы жөнінде паспорты жыл соныңа дейін орнатылады. Талғат Нүсіпбаев атындағы жеке мектеп кіреберісінің 0,6 километріне асфальт төселген, бұл да инвесторлар есебінен жүргізілген.
– Қордай ауылында әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты. Жыл басынан бастап ауылдық округ бойынша құрылған комиссия жайсыз отбасы есебінде тіркелген сегіз отбасыға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, демеушілер көмегімен 1560 мың теңгеге азық-түлік себетін және бір отбасыға жалға алып отырған пәтерін төлеп берді. Тағы бір отбасының үйіне жөндеу жасап, қажетті көмектер көрсетілді. Мансап орталығы арқылы жұмысқа орналасқан 257 адамның 50-і жастар тәжірибесімен, 255-і тұрақты жұмыс орындарымен қамтылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына сегіз адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға 251 тұрғын, алғашқы жұмыс орындарына 19 азамат жолданды. Сонымен қатар, «Күміс жас» жобасымен 36 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» арқылы үш азамат жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындары өз кәсібін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті ақпарат пен түрлі мүмкіндік алды. Осы бағдарламаға қатысу үшін ауыл тұрғындарынан 15 өтінім қабылданды. Биылға әзірленген жаңа жобаларға тоқтала кетсем, «Даңқ» аллеясын жаңарту жұмыстары, Самал шағын ауданындағы балалар ойын алаңын, Болашақ, «Красный партизан», «Цементный завод» шағын аудандарына кіші футбол алаңын, орталық саябақта скейт парк спорт алаңын, Жібек жолы көшесіндегі жарықтандыру тіректері үшін дюралайт құрылғыларын, орталық саябақта екі теннис кортын орнату, Елім-ай көшесіндегі су айдынын абаттандыру көзделіп отыр, – дейді ауыл әкімі Әділет Қаспақбаев.
Осы аудандағы Сортөбе ауылдық округіне екі елді мекен кіреді. Мұнда 25981 адам қоныстанған. Биыл бұл ауылға 29 адам көшіп келсе, 41 тұрғын қоныс аударып кетіпті. Сортөбеде 107, ал Бұлар батыр елдімекенінде тоғыз шаруа қожалық бар, оның екеуі ғана мал өсіреді. Соған қарағанда бұл округтің халқы негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Ауылда 53 жұмыссыз тіркелсе, 465 мүмкіндігі шектеулі азаматтар және алты атаулы әлеуметтік көмек алатындар бар. Бір ғана округте зәулім әрі келбетті 13 мешіт мұсылман жамағатқа қызмет етіп тұр.
Ал, Қарасу ауылында 5803 адам тұрады. Мұнда 56 адам жұмыссыздар қатарында, үш отбасынан 14 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Округте жалпы 17 көше болса, оның екеуі ғана жарықтандырылған. Бірі Қарасуда, екіншісі Өтеген елдімекенінде. Ауылішілік 35 километр 735 метр жолдың 16 километрі қанағаттанарлықсыз жағдайда. Жалпы 95 шаруа қожалық және 165 жеке кәсіпкерлік тіркелген. Халық игілігі үшін бір спорт кешені, екі спорт алаңы және Street Workout бар.
Оңтүстігінде Қырғыз республикасымен шекаралас жатқан Ауқатты ауылдық округінің құрамына Ауқатты, Қызылсай, Бәйтерек елді мекендері кіреді. Бүгінде бұл округте 9500 тұрғын өмір сүруде. Ауқатты, Қызылсай ауылдары табиғи газбен қамтамасыз етілген, 2025 жылы Бәйтерек ауылын газдандыру жоспарланыпты. Округ тұрғындарының негізгі табыс көзі – егін, мал шаруашылығы және көкөніс өсіру. Биылғы жылдың өзінде мемлекет тарапынан округке бірқатар қаражат қарастырылып, жұмыстар басталған. Ауыл әкімі Алмас Иенбергеннің айтуынша, Ауқаттыдағы жаңа тұрғын алқапқа электр және ауыз су желісін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Қызылсай ауылындағы О.Жандосов атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, балалар ойын алаңшасы мен стритворкаут салынуда. Бәйтерек ауылынан 150 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталған. Осы ауылда шағын футбол алаңшасы мен үстел теннисі орнатылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бәйтеректіктердің игілігіне жаңа ауыз су желісінің құрылысы жүргізілуде. Ауқатты, Қызылсай ауылдарында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық көшелеріне жол белгілері орнатылды. Ауқатты ауылының орталық Абай көшесінің бойына екі жерден бағдаршам орнату жұмыстары басталды. Осы ауылда биотермиялық шұңқыр салу үшін жобалық сметалық құжаты әзірленуде. Қызылсайдағы тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигон қоршалуда және сыйымдылығы 3 миллион текше метр су қоймасын салу үшін жобалық құжаты әзірленіп жатыр. Сол секілді Бәйтерек ауылындағы жаңа мектепке баратын жолға асфальт төсеу үшін де жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Қызылсай ауылын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық құжат жасалуда. Округімізде екі жекеменшік мектеп, бес жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Биыл қыркүйек айында 220 орындық жекеменшік мектептің ашылуы жоспарлануда. Ауылымыз мемлекеттік қолдаудан қалыс қалған емес, – дейді Алмас Білімұлы.
Айырқалпақты ағайындармен шектесе орналасқан 4 ауыл қарайтын Қордай ауданында ауыл шаруашылығын кәсіп етіп, табысын арттырып отырғандар баршылық. Аудан орталығы Қордай ауылында облыс әкімі бекіткен «Жамбыл облысында шекара маңындағы ауылдық елді мекендерді тұрақты дамыту және өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар» жоспарына сәйкес 4 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Бүгінде 6740 адамға құтты қоныс болған Жамбыл ауданындағы Гродеково ауылында 28 этнос өкілі тұрады. Округтегі 27833,1 гектардың 13073,80 гектары ауыл шаруашылығы жерлері.
– Халықтың әлсіз топтарын қорғау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екені баршаға белгілі. Мұндай қамқорлықтан бұл ауылдың тұрғындары да шет қалған жоқ. Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек 11 отбасындағы 59 адамға тағайындалды. Сонымен қатар, аз қамтылған, тұрмысы төмен көп балалы 31 отбасыға жалпы құны 705 мың теңгеге азықтүлік себеттері, қаржылай және материалдық көмектер көрсетілді. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында жастар тәжірибесіне – 5, ақылы қоғамдық жұмысқа – 39, тұрақты жұмыс орнына – 113 азамат тартылып, әлеуметтік жұмыс орындарына екі адам жолданды. Тағы 23 тұрғынымыз «Бастау бизнес» жобасымен оқыды. Сондай-ақ, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен бір азамат жұмысқа орналасты. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты 5 (400АЕК) азамат алды, – дейді ауыл әкімінің міндетін атқарушы Рахматулла Исаев.
Осы ауданның шекара маңындағы тағы бір ауылы – Жасөркен. Бұл елдімекен Қызылқайнар ауылдық округіне кіреді. Жалпы округтегі 5437 тұрғынның 3539-ы Қызылқайнарда, 1898-і Жасөркенде тұрады. Округтегі 70 шаруа қожалығының 16-сы мал бағумен, 54-і егін өсірумен айналысады. Мұндағы мал баққан жұртқа 2347 гектар жайылым жетіспейді.
Округ аумағында кәсіпкерлік нысандарынан 6 азық-түлік дүкені, екі мейрамхана, монша, кондитерлік өнім әзірлейтін цех, екі кірпіш зауыты, екі балық шаруашылығы және құмблок шығару цехы бар. Сондай-ақ, Қызылқайнар ауылында «Мөлдір» балабақша-мектеп гимназиясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді. Мекеме 150 бүлдіршін мен 180 оқушыға, барлығы 330 балаға арналған. Биыл мекеме ауласына 400 балаға арналған интернат салу жоспарланып отыр. 2024 жылы қайтарымсыз грант бойынша ауыл тұрғыны Динара Калиева 1 миллион 476 мың теңге көлемінде тігін цехын ашуға қаржы алған. Қазіргі таңда құралдарын алып, тігін цехына қажетті ғимарат тұрғызылып жатыр. Сонымен қатар, биыл кәсіпкерлік, өнеркәсіп саласында құны 196 миллион теңгені құрайтын, 15 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туғызған үш жоба іске асырылуда. Атап айтсақ, «Балық жемін өндіру» цехы алдағы тамыз айында іске қосылады деп жоспарланса, «БИОГУМУС» тыңайтқыш өңдеу цехы келесі жылы, ал Алма бағын өсіру және жеміс-жидек сақтау қоймасы 2026 жылы ашылады деп күтілуде. «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты, яғни жеке кәсіп ашу бойынша несие алуға 26 адам ниет білдірген. Оның екеуі дәнекерлеу цехын ашуды, біреуі дәнекерленген тор өндірісін, үшеуі шлакаблок өндірісін, екеуі наубайхана, тағы екеуі қазақи нақыштағы киімдер тігіп шығаруға, бір азамат тұшпара өндіруге, бір азамат қаймақ және ірімшік өндіріп, бөдене құс шаруашылығымен айналысуға ниеттенсе, бес тұрғын жылыжай кешенін, жеті адам балық дернәсілі өндірісін, бір кәсіпкер құрама жем өндіруді көздеп отыр. Тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін былтыр Қызылқайнар ауылына 180 орындық мәдениет үйі тұрғызылып басталған. Жасөркен ауылындағы Қазақстанның 10 жылдығы және Талас көшелерінің электр бағаналары ауыстырылмақ. Сонымен қатар, осы елдімекендегі үш көшенің бұрылыстарына асфальт және екі көшеге шағал төселмекші.
Қырғызстанмен шекаралас Меркі ауданындағы Андас батыр ауылдық округіндегі бес елді мекеннен 7899 адам тұрады. Андас батыр, Гранитогорск, Қызыл қыстақ, Шалдовар, Арал қыстақ елді мекендері бойынша жалпы 17 этнос өкілі тату-тәтті ғұмыр кешуде. Ауыл шаруашылығымен 147 қожалық шұғылданса, оның 135-і ауылшаруашылық дақылдарын өсіреді, төртеуі алма бақ баптап, сегізі мал бағып, төл көбейтіп отыр. Биыл егілген 3515 гектар күздік бидайдың 1100 гектары орылып, орта есеппен гектарына 30 центнерден түсім алыныпты. 1255 гектар жаздық арпа егіліп, 780 гектары орылып, орта есеппен гектарына 25 центнерден өнім алған. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті минералды тыңайтқыштар өткен жылы дайындалып, қосымша 33 тонна селитра, 30 тонна сульфаамофос алынған. Техникаларды жаңарту бойынша бес ауылшаруашылық техникасымен толықтырылған. Бүгінде бұл округте Шалдовар станциясы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілмеген. Ал, 1970-80 жылдары тартылған Гранитогорск кентінің ауыз су жүйесінің тозығы жетуіне байланысты, биыл бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, ауылға биыл 15 отбасы көшіп келсе, 11 үй басқа жаққа қоныс аударыпты. Ал, Жаңатоған ауылдық округіне қарасты Қостоған елдімекені 2382 тұрғынға жайлы қоныс болып отыр.
Байқағанымыздай, шекара маңайында қоныс тепкен ауылдар мемлекеттік қолдаудан тыс қалмағанға ұқсайды. Әлеуметтік жағдайлары да басқа аймақтармен тең деуге болады. Біздің бұл зерделеудегі мақсатымыз – алдағы уақытта да мемлекет қамқорлығынан қалыс қалмай, ел экономикасының өрлеуіне үлесі тисе деген ниет ғана. Кәсіпкерлер қатарының артуына қарап, әлеуметтік көмекке мұқтаж әлсіз топ саны да азаяр деген үміт оянды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді