«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Малды асылдандыру ісі қарқынды

Малды асылдандыру ісі қарқынды
Ашық дереккөз
Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 50 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері – 4,1 пайызға, сүт өнімдері – 1,4 пайызға артқан.

Ал, бүгінде Сарысу ауданындағы 1045 шаруа қожалықтың 576-ы мал шаруашылығымен айналысады. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, аудандағы мал 329 492 басты құраған. Оның ішінде мүйізді ірі қара 31609, қойешкі 283 714 бас, жылқы 10 643 бас, түйе 3526 басқа жеткен. Ал, құс саны – 27031. Мал басының өсуі ет және сүт өндірісінің дамуына жол ашып отыр. Атап айтсақ, ет өндірісі (тірі салмақта) 3644,9 тонна, сүт көлемі 3138,8 тонна болса, жұмыртқа өндірісі 2 125,9 мың данаға жеткен. Мал шаруашылығы саласында пайдаланылып жатқан мемлекеттік қолдаулар көлемі де жыл санап өсіп келеді.

Асыл тұқымды мал шаруашылығымен ауданда тоғыз шаруа қожалық айналысуда. Жалпы, бұл шаруа қожалықтарда 45877 асыл тұқымды қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы және олардың будан төлдері өсірілуде. Соның бірі – осы асыл тұқымды мал шаруашылығын кәсіпке айналдырған «Раш» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Есенғали Рашевтың айтуынша, қожалық жұмысын 1997 жылы бастап, мал шаруашылығымен айналысып келе жатқанына 26 жыл болыпты. Ал, асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін 2015 жылы алып, содан бері асыл тұқымды қой мен мүйізді ірі қараны баптап, табысты жұмыс істеп келеді екен.

– Мал бағу оңай шаруа емес. «Мал – баққанға бітеді» дегендей, оның жайын табу, көктемде көктеуге, жазда жайлауға, күзде күзеуге, қыста қыстауға көшіріп, бабын жасау қиынның қиыны. Өйтпесең, бір орында, айтақырда тұрып мал қоң жинамайды. Малға да бап керек. Бабын тапсаң ғана табыс болады. Қазір шаруашылықта 1386 бас асыл тұқымды қылшық жүнді құйрықты қой бірнеше отарға бөлініп бағылуда. Одан бөлек, 71 бас «Ангус» тұқымды мүйізді ірі қараның да бабы жасалуда, – дейді шаруа.

Есенғали өзіне қажетті мал азығын шаруашылыққа тиесілі 753 гектар алқаптан жинауда. Оның 559 гектары шабындық болса, 194 гектары жайылымдық алқап.

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Амановтың айтуынша, бүгінде аудандағы асыл тұқымды және будандасқан мүйізді ірі қара саны 4314 басты құрайды екен. Оның 3176 басы қазақтың ақбас, алты басы әулиекөл, ал 1132 басы Абердин ангус тұқымды мүйізді қара.

Ауданда мал бағып, шаруасын үйіріп отырған қожалықтың тағы бірі – «Жарасбек ата» шаруа қожалығы. Қожалық жетекшісі Пернебек Ерубаевтың айтуынша, шаруашылық 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. 2017 жылы асыл тұқымды қой өсіруші шаруа қожалық ретінде тіркелген. Бүгінде 720 бас уақ мал, 50 бас жылқы бағып отыр. Оның иелігінде 1100 гектар егістік алқап бар. Оның 300-і арпа, 450-і бидай, 250-і мақсары, 100 гектары жоңышқа. Осы алқаптардан қожалық мал азығын дайындауда.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі шағын және орта кәсіпті дамытуға барынша қолдау көрсетіп отыр. Сол қолдауды өзіміз де сезініп, кәсібімізді дөңгелетіп келеміз. Біздің ұстанған жолымыз – ата-бабадан жалғасып келе жатқан мал шаруашылығы. Бұл елімізде қабылданған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында мүмкін болуда. Мен де осы жобаның қатысушысының бірімін. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет тарапынан қабылданған «Алтын асық», «Құлан» мен «Сыбаға» бағдарламаларына қатысып, бағымды сынап, мал басын асылдандыруды қолға алдым. Бүгінде мал басын көбейтіп, ет бағытында жұмыс істеудемін. Алда шаруашылықты кеңейтіп, мал бордақылау алаңын ашуды жоспарлаудамын, – дейді ол.

Қорыта айтқанда, бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты мал шаруашылығына қолайлы өңірде ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалмақшы.

 

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар