«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 92,4 пайызға артады

Табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 92,4 пайызға артады
Ашық дереккөз
Халқымыздың бақуатты өмір сүруі және еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылуы – Тәуелсіз мемлекетіміздің мәңгілік мұраты. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы алдымызға үлкен мақсаттар қойып, бағытымызды айқындап беріп отыр. Еліміздің орнықты дамуының бұл бағдары халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыра түседі деген зор сенім ұялатады. Осы үдеден шығып отырған өңіріміздегі мекеменің бірі – «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының өндірістік филиалы.

Аталған филиалдың директоры Бахтияр Көпбосыновтың айтуынша, бүгінгі күні «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамына қарасты өңірдегі өндірістік филиал облыс тұрғындарына табиғи газдың кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етіп отыр. Филиалға қарасты 7150 километр газ құбырының 4178 километрін жерасты, 2972 километрін жер үсті газ құбыры құрайды. Ал газ қала мен елдімекендерге 220 тарату пункттері арқылы бөлінсе, 1449 шкафтық газ реттеу пункттері оны 23061 жеке шкафтық пункттерге бөліп, жіберіп отырады. Жалпы, облысымызда табиғи отынды тұтынатын 234892 абонент бар. Оның 73366-ы пәтер болса, 161526-ы жеке тұрғын үй. Мекеме қызметіне жүгінетін өндірістік мекемелердің саны 442-і құраса, коммуналдықтұрмыстық мекемелердің саны – 6717.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының бірі – халықтың жайлылығын қамтамасыз ету. Соның бірі осы, яғни халықты кедергісіз көгілдір отынмен қамту. Жалпы елімізде газ өндіру тәуелсіздік жылдарында 8-ден 52 миллиард текшеметрге дейін артты. Президентіміз өзінің халыққа арнаған Жолдауларында бұл іс әрі қарайда өсе түсетіндігін алға тартып отыр. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 91,1 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген. Оның көлемін ұлғайту жұмыстары да өңірде жалғасын табуда – дейді Бахтияр Бейсембайұлы.

Жоғарыда атап өткен «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының облыстағы өндірістік филиалына қарасты 7150 километр газ құбырларының 4632 километрі филиалдың меншігінде болса, 1909 километр газ құбыры сенімгерлік басқаруға берілген. Ал, 121 километр газ құбырлары мемлекеттік тараптың қаражаты есебінен, 489 километр газ құбырлары жергілікті халықтың қаражаты есебінен салынды. Қазіргі таңда газ құбырлары мен олардың жөндеу-профилактикалық жұмыстарының қысқы маусымға дайындығы 71 пайызды құрап отыр.

Филиал басшысының айтуынша, бүгінгі күні 209 газ реттеу пунктінің 167- і, ал 1439 шкафтық газ реттеу пунктінің 1025-і, жерасты газ құбырларын электрохимиялық қорғаудың 84 катодты станциясының 54-і ағымдағы жөндеуден өткізілген. Бұдан бөлек, 2313 километр жерасты полиэтилен газ құбырларының 1427 километрі аспаптық әдіспен тексерілген. Сондай-ақ, 105 километр жерасты болат газ құбырларының 64 километрі тығыздығына (герметикалығына) тексерілді. Жер үстінде орындалған 2358 ажыратқыш құрылғының 1853-і, газ құдықтарындағы 243 ажыратқыш құрылғының 176-ы, ал 692 оқшаулағыш-фланецті қосылыстардың 486-ына техникалық қызмет көрсету жүргізілді. Сонымен қатар, 55 газ құдықтарының құрылыс бөлігінің 45- нде жөндеу жұмыстары атқарылған.

– Бүгінде экологиялық мәселелер өте маңызды екені белгілі. Мысалы, газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын алты есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады. Осының өзінен Тараз қаласы мен аудандарымыздың экологиясына қандай үлес қосатынын аңғару қиын емес. Шындығына келсек, соңғы жылдары климаттың күрт өзгергенін байқауға болады. Оның себебі, табиғатқа антропогендік жағдайлар әсер етіп жатыр. Табиғи газ – бұл көмір сутектерден тұратын ең экологиялық таза отын. Ал, Қазақстанды газдандыру жұмыстары, соның ішінде жаһандық экологиялық проблемаларды шешуге де оң септігін тигізбек. Сондықтан, Президенттің бастамалары біз үшін тікелей көрсеткіш қана емес, сонымен бірге ондаған жылдарға арналған жаһандық жоспар болып табылады. Жалпы, биыл біздің қызметті тұтынатын абоненттерді көбейтіп, облысымызда табиғи газбен қамтылу көрсеткішін 91,1 пайыздан 92,4 пайызға жеткізілмек. Жалпы, газдандыру жұмыстарын облысымызда мердігерлікке берілген мекемелер кезең-кезеңімен жүзеге асырып, Президент тапсырғандай 2025 жылға дейін толық аяқтау жоспарлануда. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары облыс басшылығының тұрақты бақылауына алынған. Ал табиғи газ жеткізілген абоненттерді одан ары көгілдір отынмен қамту біздің міндетіміз. Алдағы жылдары 38 елдімекенге табиғи газ кіргізілгелі отыр. Осының есебінен біз жаңадан газ тұтынатын абонент саны он бес мыңға артады деген сенімдеміз, – дейді филиалдың директоры Бахтияр Бейсембайұлы.

Бұдан бөлек, инвестициялық бағдарлама бойынша Тараз қаласы мен аудандарда 34 шкафтық газ реттеу пункті мен 3 газ реттеу пункті (ГРП) жабдықтарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, биылғы жылыту маусымы басталғанға дейін Жамбыл ауданы, Гродеково ауылында жоғары қысымды полиэтилендік ұзындығы 2,5 километр газ құбырын салу және Қордай ГШ-ы әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар