Бұл туралы археолог М.Е.Массон өз еңбектерінде тарихшы В.В.Бартольдтың себепкер болуымен Талас үстінен өтетін ортағасырлық көпірдің нақты қай жерде орналасуы туралы сұрағаннан кейін зерттеуді бастағандығын жазған. Ол өзеннің жағасы малтатас пен құмнан тұратындығын және өзен арнасының негізгі бағыты жыл сайын өзгеретінін байқаған. Көпір маңындағы жердің үстіңгі қабаты бір метрге дейін жетіп, одан төмен құм мен балшықтан тұрған екен. М.Е.Массон ғылыми түрде оны былайша сипаттаған: «Бір кездері ортағасырлық көпір болған жердегі Талас арнасының ені менің 1925 жылғы дала күнделігім бойынша небәрі 24 адымдай ғана. Көпір моңғол шапқыншылығынан бұрын, шығыстан отырықшы мәдениет аумағына жаудың шабуылы күтілген кезде салынғаны анық. Бұған мен тапқан, бұрын Талас өзенінің оң жағалауында көпірге түсіп бара жатқан және қазір 40х40 жоспарында тұрған қалдықтар айқын дәлел».
Массонның жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде тас блоктар анықталды. Дәл осындай тастар өзеннің оң жағалауындағы төбешіктерден де көрінген. Таластың сол жағалауында көпір тастарының кем дегенде төрт қатары байқалған.
Орта Азияны Шыңғыс хан жаулап алған кезде, қалалардың көп бөлігі қиратылса да, моңғолдар стратегиялық себептермен бұрыннан бар жолдар мен көпірлерді ретке келтіргізіп, тіпті жаңаларын да салғызғанға ұқсайды. Чан Чунның серігінің айтуынша, Тальки асуы арқылы Сайрам көлінің аңғарына немесе жанынан өтіп бара жатып, саяхатшылар 1221 жылы өзеннің оң жағында, содан кейін сол жағалауында моңғолдар Шағатайдың бұйрығымен салған жолмен жүруге мәжбүр болған. Мұнда олар тасты тесіп қана қоймай, тау орманынан екі арба қатар жүретіндей кең көпір салған. Ол кезде Шу өзені арқылы тақтай көпір, ал Талас арқылы өтетін «тас» көпір болған.
Жалпы, тас көпірдің сипатталуы мен құрылысы жайлы ақпараттар аз. Бұл жер жайлы алғаш X ғасырда әл-Макдиси: «Мәдинаның қақпасында үлкен өзен бар, оның артында қаланың бір бөлігі, одан өтетін жол бар» деген дерек қалдырған. Ал, ХІІІ ғасырда даос монахы Чан Чунь 1221 жылы Түркістанға барған өзен арқылы өтетін тас көпірдің болуын өз жазбаларында растаған. Талас өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы Қарахандар билігі кезінде салынғанға ұқсайды. Себебі, X–XII ғасырлар қаланың көркейген кезеңі ретінде тарихта қалған. Ал, мамандар тас көпірдің орналасу аймағы Бесағаш елді мекенінің солтүстік-шығыс тұсы деп бағамдайды.
– М.Е.Массон Жамбылдан Үш-Күркіге дейінгі бірқатар нүктелерді зерттей келе, ортағасырлық көпір салуға ең жақсы жер сол кездегі Әулиеатадан оңтүстік-шығысқа қарай, теміржол көпірінен 1,5 шақырым қашықтықта, жоғарырақ жерде орналасқан деген қорытындыға келген. Талас өзенінің бойында, Бесағаш маңындағы елді мекеннен солтүстік-шығысқа қарай және Гродеково ауылынан 1,5 шақырым жерде. Мұнда 1913 жылы мемлекет қаржысына көпір салынды, ол мемлекет есебінен ауыстырылатын болды. Мұнда Тектұрмас тұрған жартасты төбе айтарлықтай төмендейді және оң жағалауы соншалықты биік емес, тік және төменгі ағысқа қарағанда өзеннің екі жағында бірдей еңіс болып келеді, мұнда өткен ғасырдың бірінші жартысында Қоқан билігі кезінде жақсы көпір болған. Оны 1864 жылы қоқандықтардың өздері орыс отрядының алға жылжуын кешіктіру үшін бұзғандығы жазылған. Бұдан бөлек, ғалым антикалық гидротехникалық құрылыстар бойынша көп жылдық зерттеулерінің нәтижелерін жариялаған. Бұл ғылыми зерттеулер бүгінде Қазақстанда сирек кездесетін археологиялық ескерткіш болып табылатын ортағасырлық көпір қирандыларының орнын жазып алуға мүмкіндік берді, – дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің кіші ғылыми қызметкері Гүлмарал Қамбар.
Тас көпір ескерткіш ретінде Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы ерте орта ғасырлардағы алғашқы көпірлердің бірі болуымен де ерекше. Оның неше ғасыр халыққа қызмет етіп, нақты қай уақытта жойылғаны әлі күнге дейін белгісіз. Қазір өзеннің оң жағалауында көпірден қалған қиранды блоктар ғана сақталған. Мұндай типтегі көпірлер ежелгі инженерлік құрылыстардың ең озық үлгісі саналады. Сол үшін де бүгінгі күнге есен-сау жеткені аз. Соңғы бір жарым ғасырда ең танымалы Зарафшанның жоғарғы ағысында орналасқан. Ол халыққа әдебиеттен «Дупули», сөзбе-сөз «Екі көпір» деген жалпы атаумен белгілі.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді