«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Облыс әкімі жамбылдық олимпиадашыларға сәттілік тіледі

Облыс әкімі жамбылдық олимпиадашыларға сәттілік тіледі
Ақәділ Рысмахан
26 шілде күні жер жаhaн көз тігіп отырған Париж Олимпиадасы түндігін түреді. Байрақты бәсеке алдында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ел намысын қорғайтын спортшыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Аймақ басшысы спортшыларға арнап әлеуметтік желідегі парақшаларында жазба жариялаған.

 «Төрткүл дүние көз тіккен Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күндер қалды. Төрт жылдықтың басты додасында 80 спортшы ел намысын қорғайды.

Олардың қатарында Асланбек Шымбергенов (бокс), Елдос Сметов, (дзюдо), Әлішер Ерғали (еркін күрес), Данияр Шамшаев (дзюдо) және Георгий Борода-Дудочкин (қазіргі бессайыс) сынды өңір абыройын асқақтатып жүрген спортшылар бар.

Бұған дейін Олимпиадаға жолдама алған спортшыларымызбен кездесіп, облыс тұрғындарының атынан ақ жол тілеген болатынмын.

Тағы бір қуантарлық жайт, Париж Олимпиадасының салтанатты ашулы рәсімінде еліміздің көк байрағын ұстап шығу құрметі жерлесіміз, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Асланбек Шымбергеновке сеніп тапсырылды. Бұл үлкен жауапкершілік жамбылдықтардың мерейін асырды.

Ал, XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына Нұрдаулет Жұмағали мен Зульфия Габидуллина (пара жүзу), Өмірәлі Нышан (пара таеквондо) және Салтанат Әбілхасымқызы (пара жеңіл атлетика) жолдама алып отыр.

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Олимпиада ойындарында жамбылдық спортшылар 10 медалға ие болды (2 алтын, 4 күміс және 4 қола). Биыл да кәсіби спортшыларымыз қалыптасқан дәстүрді жоғалтпай, ел қоржынын толтыруға үлес қосады деген сенімдеміз.

Айтулы додада спортшыларымыз қазақстандықтардың үмітін ақтап, көк туымызды көкте желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатсын!

Барша спортшыға жарыс жолында сәттілік пен үлкен жеңістер тілеймін!», - деп сөзін түйіндеген Ербол Шырақбайұлы.

Ұқсас жаңалықтар