Электронды темекілер тәркіленді
Тараздық полицейлер «Қарасора–2024» іс-шарасы барысында электронды темекі өнімдерін сататын «Smoking shop» жерасты дүкенін анықтады. Сауда орнын тінту кезінде құны бір миллион теңгеден астам қаражатты құрайтын 113 электрондық вейп табылып, тәркіленді. Жалпы, мұнда 8 мың рет ішке тартатын «Waka» маркалы электронды темекісінің 1 данасы 10 мың теңгеге бағаланған. Бұл күнде тәртіп сақшылары 45 жастағы тұрғынға қатысты вейптерді тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.
– Бұрын осындай өнімдерді сатқан кәсіпкерлерді тауарды жою бойынша іс-шаралар жүргізуге және өз бизнесін қайта бағдарлауға шақырамыз, – дейді өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Айта кетейік, қолданыстағы заңға сәйкес, шегілмейтін темекі өнімдерін, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сату және тарату 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не түзеу жұмыстарына, 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі жаза қарастырылған.
Мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылды
Бүгінгі таңда қай қалада болмасын, мопедтер мен электрлік скутерлерден көз сүрінеді. Әсіресе, жастар жағы осынау екі дөңгелекті көлік құралын басқаруға құмар. Тіпті, кейбір жүгенсіз жүргізушілер орны толмас қазаға ұшырататын жол апаттарына себепші болып жататыны жасырын емес. Бұл ретте полицейлер облыс орталығындағы көшелер мен қала сыртындағы трассаларды қарқынды түрде патрульдеуге мәжбүр.
Жамбылдық тәртіп сақшылары жыл басынан бері 691 мопед пен 263 электрлік скутер жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Ал, айып тұрағына 200-ден астам скутер жөнелтілген. Осы тұста өңірлік полиция департаменті аталған көлік құралдарын пайдаланушыларға ұқыпсыз көлік жүргізудің қауіптілігі жөнінде қатаң ескертеді.
45 көлік айып тұрағына қойылды
Тәртіп сақшылары жол қозғалысын қадағалауды арттыру мақсатында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде. Шара барысында қала сыртындағы трассаларда жүк техникасы мен қалааралық тасымалдауды жүзеге асыратын көліктерге ерекше назар аударылуда. Өңірлік полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, рейдтің алғашқы күні облыс аумағында 2593 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Бұдан бөлек, мас күйінде көлік құралын басқарған 5 жүргізуші жауапқа тартылса, 47 көлік иелерінің маневр жасау ережелерін бұзғаны белгілі болған.
– Бұл ретте 99 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, ал 17 бұзушы бағдаршамның тыйым салу белгісінен өтіп кеткен. Сондай-ақ, көлік құралын тиісті құжаттарсыз басқарған 10 жүргізуші анықталды. 268 жаяу жүргінші жолдың белгіленбеген жерлерінен өткені үшін жауапкершілікке тартылды, – делінген ақпаратта.
Есірткі тасымалдаған тараздық азамат құрықталды
Өңірлік полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора–2024» профилактикалық іс-шарасы барысында жедел-іздестіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Полицейлер Меркі ауданының құмды аумағында «KIA» маркалы автокөлікті тексеру кезінде көліктің жүк салатын бөлігінен жалпы салмағы 24 килограмм 160 грамм «кептірілмеген марихуана» есірткі заты салынған 4 полипропилен қапшықтың барын анықтаған.
Жалпы, 28 жастағы жүргізушінің басқаруындағы автокөлік құмды аймақтан Тараз қаласына қарай бет алған. Жеңіл автокөліктің ішінде жүргізушіден бөлек, 24 және 26 жастағы екі жолаушы болған. Қазіргі уақытта есірткі құралдарын аса ірі мөлшерде заңсыз сақтағаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ұсталғандар өз кінәларын мойындап, Меркі ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған.
Әлеуметтік желіні шулатқан жүргізуші ұсталды
Бұл күнде жастар арасында жол ережелерін өрескел бұзып, ол ісін әлеуметтік желіге жүктеу «хитке» айналған. Шын мәнінде, «атың шықпаса, жер өртенің» кері бұл. Жуырда инстаграм желісінде дәл осындай әрекетке барған «Mercedes-Benz» маркалы автокөлікті тізгіндеген жігіттің видеосы жарияланды. Кейін белгілі болғандай, ол 21 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны екен.
Қазіргі таңда жамбылдық полицейлер аталған жүргізушіні анықтап, көлік құралына қатысты бағыттаманы Шымкент қалалық полиция департаментіне тапсырып, құқық бұзушыны ұстады. Жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, 110 760 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал, автокөлік арнайы айып тұраққа қойылды. Атап өтейік, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 596-бабына сәйкес, жүргізуші алты ай мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылады.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді