Жағажайдың құрылыс жұмыстарын бұған дейін де «Зербұлақ» аквапаркі мен «Balbulaq» демалыс орнын салған «South Holiday» компаниясы жүргізген. Жаңа нысан «Зербұлақ» кешенінің жапсарлас құрылымы саналады. Жалпы кәсіпкерлік нысан аталған аймақта үш жылға жуық аралықта құрылыс жұмыстарын жүргізіп, көл аумағын тазалау, айдынның табанын тас төсендімен тегістеуге 500 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Көп жылдар бойы қамыс қаптаған сиықсыз мекеннен көрікті көлге айналған жағажайда енді тараздықтар жылы маусымда емін-еркін демалып, тиімді уақыт өткізуге болады. Су жаңа су айдынының ашылу салтанатына қатысқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил тараздықтарды аталған нысанның ашылуымен құттықтады.
– Халық көп сұраған көл бірнеше жылдан кейін пайдалануға беріліп отыр.
Жалпы аумағы алты гектарға созылған айдын алдағы уақытта көпшілікке қолайлы демалыс орны болады деген сенімдемін. Тараздықтарға мұндай мүмкіндік сыйлағаны үшін «South Holiday» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғыс білдіреміз. Аталған аймақта адамдар көп жиналады деп күтілгендіктен, қауіпсіздік шаралары бірінші орынға шығатыны айтпаса да түсінікті. Бұл мақсатта нысан аумағына 20-дан астам қауіпсіздік қызметкері қадағалау жұмыстарын жүргізіп, арнайы талаптар бекітілген. Мәселен, балалар шомылатын аумақта судың тереңдігі 1 метр 70 сантиметрден аспайтын болса, ересектер үшін бұл меже 2 метр 70 сантиметр болып белгіленген. Су айдынының қолайлы аумақта орналасуы қала тұрғындары үшін қолжетімділік пен жайлылықты арттырады деп сенемін, – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары.
Жаңа су айдынының көпшілікке қолжетімді болуы да басты назарға алынған. Мұнда 16 жасқа толмаған балалар үшін кіру тегін болса, ересектер үшін нысан аймағына кіру құны 1000 теңгені құрайды.
Бұдан өзге арнайы белгіленген күндері көпбалалы аналарға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сондай-ақ, «South Holiday» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Айбек Оршыбековтың сөзінше, демалыс аймағы жаңа жұмыс орындарының ашылуына да сеп болмақ.
– Жаңа ашылған демалыс орны алдағы уақытта 30-40 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Олардың қатарында күзетшілер мен тазалаушылар, қызмет көрсетуші мамандар болады. Сонымен қатар, әрине, құтқарушыларға көп басымдық береміз. Себебі, адам өмірі баршамыз үшін маңызды. Осы мақсатта тазалық жұмыстары да күнделікті жүргізілетін болады. Ол үшін су айдыны үнемі артезиан суы арқылы жаңартылады. Жағажайды шаһар жұтшылығы Комсомол көлі ретінде таниды. Су айдынының қала тарихында айшықты орны бар. Сол себепті бұған баса мән беріп, айдынның тарихи атауын сақтап қалуды жөн көрдік, – дейді Айбек Оршыбеков.
Бұдан бөлек, кәсіпкер құрылыс жұмыстарының неге мұншалық ұзаққа созылғандығын түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, Комсомол көлінің аумағын тазалау кезінде 800 жүк көлігінің көлемінде қоқыс шығарылған. Сондай-ақ, ол жаңа демалыс орны алғашында маусымдық аралықта жұмыс істегенімен, кейіннен жыл бойына жұмыс жүргізетін нысанға айналдыру жоспарда бар екендігін айта кетті. Атап өту қажет, су айдыны толықтай жеке кәсіпкердің инвестициясы арқылы салынған. Сол себепті мұнда түрлі ақылы қызметтер жүзеге аспақ.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді