«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Алдағы мақсат – аз жерден мол өнім алу

Алдағы мақсат – аз жерден мол өнім алу
Ашық дереккөз
Аудан шаруалары бүгінгі күні картоп алқабының көлемін ұлғайтуға күш салуда. Оның көлемін биыл шаруа қожалықтар екі мың гектарға дейін жеткізіп отыр. Ал картоп өсірумен облысымызға, тіпті республикаға танылған «Зылиха» шаруа қожалығы орналасқан Нұрлыкент ауылдық округінде картоп алқабы 283 гектарға жеткен.

Бұрын «Бурненский» совхозына қараған округтен екі Социалистік Еңбек Ері шыққан. Соның бірі – картоп өсіруші Мүсіреппек Бектаев. Оның ізін жалғастырушы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Әбзелбек Тәтековтың да картоп өсіруде жеткен жетістігі мол. Ол кісі де осы атаққа лайық болатын. Әттең, келмеске кеткен үкіметтің бұрмалауына ұшыраған ол бірнеше қайтара ұсынылып, ол атақты ала алмады. Енді бұл кәсіптің ұршығын сол кісілерден тәлім алған облыстық мәслихат депутаты, «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі Керімқұл Бегалиев үйіріп отыр. Қатардағы сушыдан бастап, шаруашылық басшысына дейін жеткен ол картоп баптауға саналы ғұмырын арнап келе жатқан азамат.

Бұрынғы одақ кезінде дәмі тіл үйіретін ірімшігімен қатар ақ картобымен даңқы шыққан Жуалының картобы әлі де талайды тамсандырумен келеді. Кейіннен одақ тарап, ұжымшарлар бөлінгеннен кейін өңірде шағын шаруашылықтар құрыла бастады. Ауданда Тәуелсіздіктің елең-алаңында құрылып, бүгінде аяққа нық тұрып, кемеліне келген шаруа қожалықтың бірі осы К.Бегалиев басқарып отырған шаруашылық.

Бұл қожалық еселі еңбек пен жүйелі жұмыстың нәтижесінде осыдан бірнеше жыл бұрын «Тұқым шаруашылығы» статусына ие болды. Жалпы, «Зылиха» шаруа қожалығы 2001 жылдан бастап картоп баптаумен және тұқым шаруашылығымен қатар айналысып келеді. Жұмыс барысында кездескен қиындықтарды қажырлы еңбекпен еңсерген шаруашылық биыл көлем қумай аз жерден мол өнім алу тәсілін меңгеруге көшті. Сөйтіп, картоп алқабын 60 гектарға ұлғайтып отыр.

Шаруашылық бүгінде картоптың голландиялық тұқымын жаңа технологияның негіздемесімен отырғызып, өнімділігі жоғары сорттарды жерсіндіруде. Көп жылғы ізденіс нәтижесіз болған жоқ. Соның арқасында қожалық өздері жерсіндірген картоптың «Пикассо» және «Коломба» атты элиталы сорттарын өсіруде.

Жаңа тәсілмен орналастырылған картоп 15 және 10, қалаберді 5 гектар алқаптан бөлініп, жеке-жеке күтіп-бапталуда. Бірінші алқап жақында ғана суарылыпты. Ылғалды молынан алған картоп алқабы гүл жарғалы тұр. Оның гүлдеуін асыға күтіп жүрген сушылардың да көңілдері тоқ. Гүлдесе түбі түйін салады.

– Біз өз өзімізге қарасты 15 гектар алқапқа отырғызылған картоптың бірінші суын енді бердік. Мұнда жерсіндірілген голландық «Пикассо» сорты мамыр айының басында отырғызылды. Енді екінші суын беруге дайындықты бастап кеттік. Әрбір ылғалдандыру кезеңінің арасы 10-15 күнді құрайды. Бұған дейін алқапта екі мәрте қопсыту жұмыстары жүргізілді. Содан бір апта өткеннен кейін жүйектелді. Қопсыту, жүйектеу және суғарудың белгіленген мерзімдері бар. Күтіп-баптау жұмыстары уақытылы әрі сапалы атқарылғанда ғана картоптан мол өнім алуға болады. «Пикассо» аталатын картоп тұқымынан бөлек, биыл 10 гектар алқапқа Голландиядан жеткізілген элиталы картоп тұқымын орналастырдық. Оның да шығымы жақсы. Алдыңғы сорт жерсіндірілген сорт болса, элиталы тұқымды биыл ғана отырғыздық. Өнімділік жаман болмауы керек. Барлығы күтіп-баптауға байланысты. «Не ексең, соны орасың» деген сөз бекер айтылмаса керек.

Биыл Алатаудың етегіндегі Көксай каналынан егістік алқаптарға судың түсуі де жақсы. Сағатына 2,5 текше метр көлемінде су келіп тұр. Бұл төменде орналасқан Ақтөбе, Қызыларық ауылдық округтері және Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты Түктібай ауылының шаруаларына егістіктен мол өнім алуға үлкен көмек. Осыған сәйкес, қазір алқаптарда суғару науқаны да қалыпты жағдайда өтуде. Алладан күзгі жиын-терін кезінде еңбегіміз ақталып, маңдай тердің өтеуі мол болса екен деп тілеудеміз, – дейді «Зылиха» шаруа қожалығының бас маманы Нұрлан Лес.

Теміржолдың үстіңгі бөлігінде картоп көптеп орналастырылған. Бір жағы ол Көксай каналының астында болғандықтан да шаруалар сулы жерге картоп тұқымын көптеп отырғызған. Қазір мұнда суару науқаны қызу жүргізілуде. Картоп өсірушілер Көксай каналынан түскен мол суды өзара келісіп, кезекпен алуда.

Диқан қауымы үшін қазір жауапты әрі қауырт шақ. Алқап басында күтіп-баптау жұмыстарын қожалықтың бас маманы Нұрлан Лес үйлестірсе, тәжірибелі сушылар Нұрлан Иманбеков, Дастан Оспанов, Бауыржан Мамыр және Ерболат Бегалиев өздеріне бөліп берілген алқаптарға бар ынтасымен көңіл бөлуде.

Ербол Бегалиевтің айтуынша, картоптан ойдағыдай өнім алу үшін алқапты кем дегенде бес қайтара суару қажет.

«Картоп өсіру ұқыптылық пен шыдамдылықты талап етеді. Суды жүйекке лақ етіп ақтара салмайсың. Әрбір жүйекке салынатын судың өз мөлшері болады. Содан кейін картоп ылғалды керегінше сіңіруі керек. Осының барлығын әкем Кереш Бегалиевтен үйрендім. Менің сушы болып жүргеніме 7-8 жылдың жүзі болды» дейді ол.

Ал, Керімқұл Бегалиев:

«Біздің алдымызға қойып отырған мақсатымыз – аз жерден мол өнім алу. Бұл тәсілді меңгергелі бері алқап көлемін қысқартудамыз. Қазір жаңа тәсіл өз тиімділігін беруде. Алдағыны кесіп айту қиын. Бірақ, картоптың әрбір гектарынан жаман өнім жинай қоймаспыз. Еңбегіміз, төккен теріміз ақталар деген сенім бар», – дейді.

 

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар