«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жағдай қалыпқа келгенше жәрдем жалғасады

Жағдай қалыпқа келгенше жәрдем жалғасады
Ашық дереккөз
Биылғы көктем қазақстандықтарды біраз әбігерге салғаны белгілі. Қарғын судың зардабынан мыңдаған отандасымыз үй-жайсыз қалып, бірнеше өңірде төтенше жағдай жарияланған болатын. Бұл ретте судан ең көп зардап шеккен батыстағы өңірлерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, тіпті көршілес елдерден де тоқтаусыз көмек жіберіліп отырды. Сонау көктемде басталған игілікті іс жазда да жалғасын тауып, жамбылдықтар Атырауда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын қолдау мақсатында арнайы гуманитарлық көмек жөнелтті.

Табиғи апаттан көп көлемде жапа шеккен атыраулықтарға жіберіліп отырған бұл жолғы гуманитарлық көмектің бастамашысы облыс әкімдігі мен облыстық прокуратура қызметкерлері. Жамбылдықтар құрылыс жүріп жатқан аймаққа 500 дана киім, 200 төсек жабындысын, 180 көрпеше жөнелтпек. Бұл бұйымдарды бұрын сотты болып, бүгінге пробациялық есепте тұрған әйелдер тіккен. Осылайша бір игі істің шапағатын екі тарап қатар көріп отыр.

– Мен пробация есебінде тұрмын. Көптен бері жұмыс таба алмай жүргендіктен, пробация қызметкерлері осы жұмысқа орналасуыма ықпал етті. Тоғыздан алтыға дейін әдеттегі кесте бойынша жұмыс істейміз. Қазір төсек орындар, жастықтар тігіп жатырмыз. Бұрын-соңды тігінмен айналысып көрген емеспін. Бұл кәсіпті осында келіп меңгердім. Орта есеппен бір күнде оншақты бұйым тігіп шығарамын, – дейді Әсем Исафина.

Бұған дейін сотталған азаматтарды жұмыспен қамту бойынша арнайы жоба әзірленіп, оның аясында әкімдік бөлген қаражаттан он азаматқа тапсырыс берілген. Осылайша соттылығы бар азаматтар зардап шеккен аймақтағы құрылысшыларға арнайы киім тігумен айналысып келеді. Бұл жолғы гуманитарлық көмекті әзірлеуге әкімдік тарапынан 5 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Қазіргі таңда соттылығы бар осы он азамат Маңғыстауға жөнелтілетін бұйымдарды әзірлеуде.

– Өздеріңізге белгілі, көктемде орын алған төтенше жағдай кезінде Жамбылдан Атырауға 107 дана арнайы техника жіберілген болатын. Техникалар екі айға жуық бөгеттерді қоршау, суды бекіту жұмыстарына жұмылдырылды. Бүгінгі жөнелтіп жатқанымыз екінші гуманитарлық көмек. Бұл көмек соттылығы бар азаматтарға жұмыс тауып беру мақсатында, бір жағынан атыраулықтарға қол үшін беру ниетімен әзірленіп отыр. Бұйымдар Атырауға жүк вагонымен жөнелтіледі. Бұдан кейін де гуманитарлық көмек легі тоқтамайды. Дәл осындай бұйымдар Батыс Қазақстан облысына да жіберіледі. Бұл ретте бір ауыз өтінішімізді жерге тастамай, логистика тұрғысынан қол ұшын созып жатқан «Қазақстан Теміржолы» ұлттық компаниясына алғысымызды білдіргіміз келеді. Елдің басына түскен нәубет баршаға ортақ болғандықтан азаматтар аянып қалып жатқан жоқ, – дейді облыс әкімдігі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы Нұрбол Тоқтыбаев.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Атырау облысына Жамбылдан 107 техника, 64 құрылысшы аттанған еді. Олар екі айға жуық жұмыс істеп, апат аймағында тер төгіп қайтты. Әкімдік қызметкерлері тасқыннан зардап шеккен өңірлерде төтенше жағдай салдары толық жойылмай гуманитарлық көмек үзілмейтінін атап өтті. 

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар