– Мектеп қабырғасында жүргенімде-ақ болашақта құқық қорғау саласында қызмет етсем деген арман болды. Өз басым мерейлі Меркі ауданының тумасымын. Туған ауылым Ақермендегі А.Хасенов атындағы №11 орта мектепті ойдағыдай тәмамдаған соң, Тараз қаласындағы сол кездегі Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Биология» мамандығы бойынша білім алдым. Ал, 2011 жылы облыс орталығындағы Жамбыл гуманитарлық университетінің «Құқықтану» мамандығына сырттай құжат тапсырдым. Осылайша, 2013 жылдан бастап бес жыл бойы әлеуметтік салада түрлі қызметтерді атқардым. 2018 жылы бала күнгі арманымды орындау үшін құқық қорғау саласында қызмет етуді ұйғардым. Жалпы, ҚАЖ саласындағы алғашқы еңбек өтілім №67 түзеу мекемесінде кеңсе қызметінен бастау алды. Қызығы мол студенттік жылдарымды өзге мамандықтың қыр-сырын білуге арнағаныммен, бұл күнде өзімнің жүрек қалауымдағы жұмысыма қол жеткізгеніме қуаныштымын, – дейді Нұрсұлу Шынасылқызы.
Тағдыр адамды сан түрлі жерге апаратын жалғыз жол екендігі рас. Өзге мамандықта білім алған арудың құқық қорғау саласына қадам басуы нағыз батылдық десек, артық емес. Бұл ретте оған ата-анасы мен бауырларының қолдау көрсеткені айтпаса да түсінікті. Әйтпесе, сіз бен біз ғұмыр кешкен бүгінгі қоғамда «Тәртіп сақшысы болу – әйел затына тән емес» дейтін тар түсінік бар екені шындық. Ата-анасы Шынасыл Өмірбекұлы мен Бейсенкүл Оразақызы екі ұл, екі қызды тәрбиелеп өсірген жандар. Нұрсұлудың ағасы Нұртас әкімшілік саласында қызмет етсе, сіңлісі әскери бөлімдердің бірінде іс жүргізуші боп еңбек етеді. Ал, соңынан ерген жалғыз інісі Нұрдін жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Нұрсұлу өз сөзінде отбасында әу бастан темірдей тәртіп қалыптасқанын, соның арқасында өзі де, бауырлары да еңбекке ерте араласқанын тілге тиек етті.
– Еңбек адамдарынан құралған отбасында дүниеге келген соң, бала күнімізден-ақ еңбек етуге, табыс тауып, ата-анамызға қолғабыс етуге тырыстық. Әкем Шынасыл өмір бойы жеке шаруашылықта қызмет етті. Ал, анам Бейсенкүл отағасының тапқан табысын құрап, бала-шағасын ешкімнен кем қылмай өсірді. Ата-анама алғысым шексіз. Егер отбасымдағы қатаң тәрбие мен темірдей тәртіп болмаса, менің қиындығы мол құқық қорғау саласында қызмет етуім екіталай еді. Жас күнімнен кездескен қиындықты еңсеріп, өз арман-мақсатыма қол жеткізуге талпынып келемін, – деді ол.
Өкінішке қарай, пенде баласының барлық арман-тілегі түгелдей орындалмайтыны ащы шындық. Ертегідегідей өмір сүруді қалайтын адамзат ұрпағының өмірінде қуаныш пен қайғы да қатар жүреді. Бойжеткен шағында өз теңіне тұрмысқа шыққан Нұрсұлудың заңды некесі ұзаққа созылған жоқ. Ол бір кезеңдерде жүрегін ұсынған Ерзат есімді азаматпен 2010 жылы қош айтысады. Бүгінде екеуінің Ерген атты ұлы бар. 16 жастағы бозбала биыл «Болашақ» медициналық колледжін «Фельдшер» мамандығы бойынша бірінші курсын тәмамдаған. Ұлы анасының жұмысына түсіністікпен қарайтынын, келешекте өз саласының майталманы болуы үшін сапалы білім алуы қажеттігін жан-тәнімен ұғынады.
Жалпы, ҚАЖ саласы ерлердің ғана жұмыс істейтін орны емес. Ел үшін қызмет етемін деген әрбір адамға құқық қорғау саласының есігі айқара ашық. Ал, бұл салада ерлермен қатар, нәзікжандылардың да абыройлы қызмет етуі – көңіл қуантарлық.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді