Қағидасы – қайсарлық,қалыбы – қарапайымдылық

Қағидасы – қайсарлық,қалыбы – қарапайымдылық
Ашық дереккөз
Қай жерде де өзінің ісіне адал әрі жауапты мамандар болады. Бойындағы ізгі қасиетінен болар, олар уақытпен де санаспай, қашан да еңбектің бел ортасынан табылады. Сондай азаматтың бірі – жылу беру саласының үздік маманы болған, қазіргі таңда бейнетінің зейнетін көріп отырған Оразбек Нұрғалиев.

Мұндай жауапкершілік атаның қанымен келсе керек. «Әке көрген оқ жонар...» демекші, әкесі Нұрғали Ұлы Отан соғысына қатысып қайтқан, теміржол саласында жемісті еңбек еткен байсалды кісі болыпты. Қақ-соқпен, жанжалмен ісі жоқ, балаларының тілеуін тілеп отыратын сабырлы адам екен. Баласының да жауапты болуын, жақсы жолмен жүруін өзі қадағалаған.

Оразбек Нұрғалиұлы 1964 жылы теміржол училищесін тәмамдап, 12 жылдық білім аттестатын және машинист көмекшісі куәлігін алып шығады. Ол уақытта куәліктің күшімен де жұмыс табыла береді екен. Теміржолда алғашқы еңбек жолын бастаған Оразбек көп ұзамай әскерге алынды. Әскерде ракеташылар бөлімінде қызмет етіп, көзге түскен. Сонда командирлері: «Сен сарбаз болсаң да, сардарлардың деңгейіндегі жұмыстарды істеп жүрсің. Жас азаматсың. Болашағың бар. Коммунистер қатарына қабылдаймыз» деп, Оразбекті 21 жасында коммунистік партия қатарына өткізіп жібереді. Ол кезде еңбекті бағалау мен жанашырлықтың жоғары деңгейде болғанына осы оқиға дәлел. Бір өкініштісі, бұл әскерде жүргенде аяулы анасы өмірден өтіпті. Бір кем дүние!

Әскерден абыройлы оралған Оразбек теміржол саласындағы жұмысына құлшына кіріседі. Бірақ, жоғары білім алу ойынан кетпейді. Ақыры жұмыстан қол үзбей жүріп, Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының механикалық факультетіне оқуға түсіп, үздік бітіріп шығады. Содан 1973 жылы жоғары білімі бойынша Тараз қалалық жылу мекемесіне жұмысын ауыстырып, қызметін инженерліктен бастайды. Осы мекемеде табан аудармай 34 жыл еңбек еткенінен, оның табандылығын, жұмысына адалдығын аңғаруға болады. «Қалалық жылу жүйесі» мекемесі 1980-1990 жылдары облыстық деңгейге көтеріліп, барлық аудандағы білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жылу қазандықтарын қадағалауға жауапты болды. Жұмыс ауқымы ұлғайып, жауапкершілік арта түсті. 1800 адам еңбек ететін үлкен мекеменің жұмыс ырғағын күнделікті қадағалау да оңай іс емес еді. Қазандықтар саны 130-ға, құбырлардың ұзындығы 260 шақырымға ұлғайды.1400 үйге жылу берді. Біз айтып отырған бас кейіпкер кейінірек аталған мекеме директорының орынбасары лауазымына дейін жоғарылады. Сол уақытта мекеменің 400 қызметкеріне пәтер берілген. Бұл туралы Оразбек Нұрғалиев: «Мойынқұм, Шу, Байқадам, Ақкөл, Отар елді мекендеріндегі мекемеміздің салып берген, жөндеуден өткізген алпыстан аса жылу қазандықтары Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өз міндетін атқарудан қалды. Кейбіреуі орнында жоқ, жермен жексен болып кеткен. Кезінде осы қазандықтарды соғуға, жөндеуге, күтіп ұстауға қаншама қаражат бөлінді десеңізші. Қаншама азаматтар отбасынан жырақ жүріп осында еңбек етіп, күш-қуаттарын жұмсады. Соны ойлағанда ішің удай ашиды. Бір жолы Шу қаласына қазандықтарын тексеруге бардық. Төрт қазандықтың жартысы істен шыққан. Әйтпесе, Шу қазандықтары 25 тонна жылу беруге қауқарлы. Салыстырмалы түрде алсақ, Тараз қаласының мүмкіндігі Шудағы қарқынның жартысындай ғана. Осындай ретсіздікпен де біраз күресіп, халыққа қолайлы болуын үнемі назарда ұстадық, адал еңбек еттік. Өңірдің жылу беру саласында ұзақ жыл басшылық жасаған Тұрар Қабашев, Тараз қалалық атқару комитетінің төрағасы болған Тұйғынбек Темірбеков ағаларымнан үйренгенім көп. Бірге қызмет еткен әріптестерім Марат Аюбаев, Нарымбет Оңлабеков, Есіркеп Қалиевтердің де жақсы қасиеттерін көп көрдім. Ұзақ жыл слесарь болған білікті маман Аман Қыстаубаевты, 20 жыл бойы көлік жүргізуші болған Азат Тұрысбековты ерекше құрметтеймін. Бәрі де жауапкершілікпен еңбек етті», – дейді.

Оразбек Нұрғалиұлы 8 жыл халықтық бақылау комитетінің төрағасы, 12 жыл партия комитетінің хатшысы, 16 жыл бойы депутаттарды сайлау жөніндегі учаскенің төрағасы болған. Басқа да қоғамдық жұмыстарды адалдықпен атқарған кісі. Бұл кісінің өмірлік жары Кәден Асқарқызымен жарты ғасырдан астам уақыт тату-тәтті ғұмыр кешіп, екеуі екі перзент тәрбиелеп өсірді. Кәден апай да жоғары білімді, білікті маман. Ал, ұлдары тек ұлағатты жолда келеді. Сағынбек облыстық өрт сөндіру мекемесінде жауапты қызметте болса, Бейбіті шекара қауіпсіздігін сақтау қызметінде. Олар да өз істеріне жауапты. Ақсақал екі перзентінен немере сүйіп, бақытқа кенеліп отыр.

Бізбен әңгімелескен кезде ақсақалдың қолынан коммунистік билетін байқап қалдым. Әсіресе, коммунистік партия мүшесіне өткен билетін 59 жыл бойы сақтап келе жатқаны таңдандырды. Өздері сүрген қоғамға, уақытқа адалдық деген осы болар. Биыл сексенінші көктемін қарсы алған ақсақалды абырой биігіне көтеріп тұрған да осы адалдығы екені даусыз.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар