«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Артында өшпес өнегелі із қалды

Артында өшпес өнегелі із қалды
Ашық дереккөз
Бүгінде көзі тірі болғанда 100 жасқа толатын әкемізді, 98 жасқа толар анамызды өмірлерінің жалғасы – балалары, ағайын туыстары мен немерелері болып туған ауылында әруақтарына құран бағыштап, есімізге алып, кейінгі ұрпақтары ұмытпай жүрсін деген оймен үлкен ас беріп жатырмыз.

Әкеміз Шадиярбек Мәдібекұлы 1924 жылдың 18 қыркүйегінде Жуалы ауданы, Қошқар ата ауылында дүниеге келген. 2005 жылдың 6 қыркүйегінде 81 жасында дүниеден озды.

Әкеміз, ардақты атамыз Мәдібек Шерімұлы мен Қызайым Досқожақызының тұңғыш ұлдары болған. Артынан екі бауыры, екі қарындасы ерді.

Әкеміздің өмірі оңай болған жоқ. Қиын-қыстау заманда көптеген қиыншылықтарға тап болды. Балалық шағы ашаршылық заманымен тұспа-тұс келді. 18 жасында Ұлы Отан соғысына аттанып, жарақат алып, қайта еліне оралды.

Сонымен бірге, бай-кулактың ұрпағы деп қуғын-сүргіннің зардабын да шекті.

Бірақ соған қарамастан, адал еңбегінің, өжет, қайсар мінезінің, ерік, күш-жігерінің арқасында елге сыйлы болды. Жастайынан мықты маман, адамгершілігі мол азамат, қайырымды бауыр болып, қартайғанында қадірлі ақсақал, ел ағасы атанды.

1948 жылы анамыз Айкүл Матайқызымен отау құрып, дүниеге 8 перзент алып келді. Тұла бойы тұңғыштары Бибігүл Шадиярбекқызы қазақтың салтына сай, ата-апасының қызы болып, бауырларына салынды.

Одан кейін дүниеге Асылбек, Расылбек, Рәпілбек, Нағима, Талғатбек, Гүлзира, Гүлсара атты ұрпақтар келді. Бүгінде Шадиярбек әкемізден 32 немере, 58 шөбере тарап отыр.

Аллаға мың алғыс! Әкеміз Алматы қаласында Ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін, ауылға оралып, еңбек жолын Қаратау қаласында білікті есепші болып бастады.

Соғыстан кейінгі жылдары жоқшылықты, қиындықты ата-анасына, бауырларына, жұбайына білдірмеуге тырысып отбасының тірегі болды, ер-азаматқа тән барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, бар қиындықты көтере білді.

Адалдығымен, біреудің ала жібін аттамаған дара қасиетімен ел құрметіне бөленді. Ұзақ жыл партия, кеңес, кәсіподақ, есеп саласында жемісті қызмет етіп, жастарға тәлімгер болды, жол көрсетті, бағыт-бағдар берді. Ең алдымен білімді, ұлағатты болуға, елге адал қызмет етуге тәрбиеледі.

Әкеміздің шыққан тегіне көз жүгіртсем, жеті атасы датқа, болыс болған кісілер. Қарабатырұлы Шінет бабамыз батыр болған. Бабамыз туралы тарихи деректер облысымыз бен Ташкент қаласындағы архивтерінде бар екенін талай естіп жүрміз. Тарихи деректерге сүйенсек Қарабатыр, Шінеттер Ташкентте билік құрған, Өзбек хандарымен алысып, шоқтығы биік тұрғанын айтады. Шінетұлы Рысбек бабамыз батыр, қолбасшы болған. Рысбектен Батырбек датқа, Төребек болыс, Төребектен Шерім бабамыз тараған. Шерім бабамыз да 25 жыл болыс болған. Шерім ұлы Мақұлбек атамыз да сол жоғарыда аты аталған бабалары сияқты 25 жыл болыс болған. Мақұлбек атамыз 1978 жылы дүниеден өтті.

Әкеміздің әкесі екі ағайынды, Шерім бабамыздан Мақұлбек, Мәдібек. Біз сол Мәдібектен тарап отырмыз. Мәдібек атамыз дүниеден ерте кеткен екен.

Әкемнің бойында атадан дарыған тектілік сезіліп тұратын, отбасылық құндылықтарды биік ұстанатын. Ол барлық мінез-құлқында, жүріс-тұрысында байқалатын. Парасаттық, бекзаттық, жомарттық бар еді. Сөзіне берік болғандықтан, айтқанына ел тоқтайтын сыйлы тұлға болды. Бірбеткей мінезі де бар еді.

Әкеміз Шадиярбек 1967 жылы әкесі Мәдібек Шерімұлына ат шаптырып, үлкен ас берді. Асқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен және Қырғыз Республикасынан да шабандоздар келіп бәйгеге қатысты.

Кеңес Үкіметінің дүркіреп тұрған шағында мұндай ас беру екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жүрексінетін, партиядан қорқатын.

Бірақ, Шадиярбек әкеміз үшін әкенің алдындағы міндеттерді мүлтіксіз орындау парыз болды. Сол үшін де ол қаймықпай, іс-шараны дүркіретіп өткізді. Ел-жұртының, ата-бабаларының батасын алды.

Бұл сәттер біздің есімізде мәңгілік сақталып қалды.

Бабаларымыздың тарихи санада қалған сәттері туралы Қазақстанның атақты жазушысы, Шерағаң, Шерхан Мұртаза ағамыздың да жазғандарын ұмытамыз ба? Сәбит Мұханов, Мұхтар Әуезовтер де аталарымыздың шаңырағында болып, деректер алып, әңгімелерінде, кітаптарында пайдаланған. Оны Мақұлбек атамыздан, әкемізден талай естіп отыратынбыз.

Анамыз туралы айтатын болсам, ол кісі отбасының ұйтқысы, әкеміздің үзеңгілес – тілеушісі, қамқоршысы болды. Әкемнің өсуіне, қатаюына қосқан үлесі шексіз екенін айтқым келіп отыр.

Айкүл анамыз әулеттің үлгілі келіні атанды. Мінезі жақсы, мейірімді ана, әже бола білді. Көрші қолаңмен, абысын-ажынмен шәй деспей сыйласқан. Өзінің жетістігі, балалары мен немерелерінің жетістігі осы асыл анамыздың үлкен еңбегі деп отыратын әкеміз.

Анамыз ұзақ ауырып, 1997 жылдың 4 сәуірінде дүниеден озды.

Әкеміздің атқарған жұмыстары бағаланғаны бізді әркез қуантады.

Мысалы, Тараз қаласында 2010 жылы ашылған, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған Бауыржан Момышұлы атындағы мемориалдық ескерткіште әкеміздің аты жазылды.

2005 жылы Қызыләуіт ауылындағы М.Қыстаубаев атындағы мектептен арнайы Шадиярбек Мәдібеков атындағы кабинет ашылды.

Ең құнды нәрсе ол адами капитал екені белгілі. Әкеміз көптеген шәкірт тәрбиеледі. Олардың көбі білдей азамат болып, жауапты қызметтер атқарып жүр.

2006 жылы әкемізге ас бергенімізде ауыл атынан арнайы киіз үй тігіліп, дастарқан жайылды. Бұл халық құрметі болатын.

Осы ретте дүниеден озған марқұм Бибігүл әпкеміз бен бауырымыз Расылбекті де атап өткеніміз жөн болар деп ойлаймын.

Бәріміз үшін орны ерекше – Бибігүл әпкеміз еді. Бәрімізге әпкелік қамқорлық жасады. Біз оған қарыздармыз. Бізге екінші қамқоршы ана, ақылын аямайтын рухани қолдаушы бола білді. Бәріміз Алматыда сол әпкеміздің қолында жүріп өсіп-өндік, ширадық, есейдік. Біздің ел қатарлы өмірден өз орнымызды тауып, бойымызға қала мәдениеті мен отбасы құндылықтарын бірге сіңіруді үйретті.

Марқұм әпкем тек бізге ғана емес, біздің бүткіл туыстарымыз, нағашыларымыз, бөлелерімізге де жанашыр болды. Қолынан келген жақсылығын еш аяған емес.

Марқұм Расылбек ағамыз да бір кісідей ірі кәсіпорындарды басқарды. Сонау Кеңес одағы кезінде Алматыдағы Дзержинский атындағы Алматы трикотаж фабрикасында жауапты қызмет атқарды, үлкен механикалық цехын басқарды (ол ұжымда 17 мың адам жұмыс істейтін, бұл сол кездегі Талас ауданының халқынан да көп).

Өз ісінің білгір маманы болды. Адамгершілігі мол, дархан мінезді ағам ұжымында да, өз ортасында да сыйлы бола білді. Ол әке-шешеміздің әруағына арнап құрметім, парызым деп үлкен күмбезді кесенені өз қаражатымен, өз қолымен тұрғызды.

Екі бауырымыз да жас кетті. Ортамызда орындары ойсырап тұрады. Екеуі де бауырмашыл еді.

Ата-анамыздың, бауырларымыздың имандары саламат, топырақтары торқа болсын демекпіз!

Сағынышпен әкеміз бен анамызды және бауырларымыз Бибігүл мен Расылбекті еске алушылар: артынан қалған ұрпақтары мен бауырлары Асылбек, Рапілбек, Нағима, Талғатбек, Гүльзира, Гүлсара.

 

Талас ауданы,

Қызыләуіт ауылы

Ұқсас жаңалықтар