
700-ден астам бала әскери-патриоттық жиынға қатысуда
Бірер күн бұрын елімізде «Айбын-2025» әскери патриоттық жиыны басталды. Жалпы, далалық лагерь аумағына 50-ден астам команда, оның ішінде 5 шетелдік команда келген. Бірінші күні командалар үшін «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны, пневматикалық мылтықтан ату, «Smart sarbaz» технологиялық байқауы және Калашников автоматын толық бөлшектеу және құрастыру секілді төрт байқау қарастырылған.
– «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиынының барлық конкурстары қатысушыларға қиын әрі қызықты болатындай етіп жасалды. Командалық жарыстар жолдастық сезімді дамытады, интеллектуалды-ойлауға және күрделі мәселелерді шешуге мәжбүр етеді. Спорт – ерік-жігерді қатайтуға көмектеседі. Біз, ұйымдастырушы ретінде жарыс соңында қатысушылар жаңа дағдыларға, жаңа білімге және жаңа достарға ие болатынына сенімдіміз, – деп атап өтті «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев.
Сонымен, «Айбын дарыны» квиз-ойыны жаңа жастар хоббиі форматында өткізіледі. Байқауға логика, тарихты білу, медицина негіздері және жалпы эрудиция мәселелері кіреді. Қатысушылар дұрыс және жылдам жауап беріп, рейтингтік ұпайлар жинауы керек. Ал пневматикалық мылтықтан атуға 5 адамнан тұратын командалар қатысады. Мақсат – нысанаға 10 метр қашықтықтан дөп тию. Орындар ұпай санына қарай бөлінеді.
Бұдан бөлек «Smart sarbaz» өнертапқыштық технологиялық байқауына жиынға қатысушылар жасаған робототехника саласындағы әзірлемелер қатысады. Бұл – жауынгерлік жағдайларда адамды алмастыратын роботтар мен роботтық құрылғылардың модельдері. Байқау балаларды өзіне деген сенімділікті, сыни ойлауды және командада жұмыс істеу қабілетін дамыта отырып, эксперимент жасауға бейімдейді.
«Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны 28 маусым күні қорытындыланады. Биыл 11-ші рет өткізіліп отырған бұл шараға осы уақыт ішінде 10 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысқаны белгілі.
Әскери тергеу департаменті құқықбұзушылықпен күресті күшейтті
«Құқықбұзушылықтардың алдын алу жылы» аясында әскери-тергеу органдары әскер қатарында құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарын күшейтіп, негізгі назарды профилактика мен құқықтық тәрбиелеуге аударуда. Жыл басынан бері 1265 профилактикалық іс-шара өткізілсе, олардың қатарында дәрістер, әңгімелесу, спорттық жарыстар және сауалнамалар бар. Бұл іс шараларға 987 әскери бөлім мен бөліністе 30 мыңнан астам әскери қызметші қатысқан.
Сондай-ақ өткен жылдан бастап әскери психологтардың біліктілігін арттыру бағдарламасы іске асырылуда. Бұған қоса Ұлттық ұланда психологиялық тестілеуге жасанды интеллект жүйесі енгізіліп, аталған жұмыстар тұрақты бақылауға алынған. Мамандар бұл жұмыстар алдағы уақытта жүйелі түрде жалғасын табатынына сенім білдіруде.
«Ашық есік күні» іс-шарасы ұйымдастырылды
Маусым айының басында матростар ресми түрде ант қабылдағаны баршаға аян. Енді олар Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелерінде – теңіз жаяу әскерлерінің десанттық шабуылдау батальонында, коменданттық ротада және әртекті кемелер дивизионында қызмет ететін болады. Ал жуырда сарбаздардың ата-аналары мен туған-туыстары үшін «Ашық есік күні» іс шарасы ұйымдастырылды.
Әскери-теңіз күштері теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальонында әскерге шақырылушылардың туыстарымен өткен кездесуге жүзден астам адам келді. Бұл күні бөлім басшылығы матростардың күнделікті өмірі, теңіз бөлімшелеріндегі қызметтің ерекшелігі туралы егжей-тегжейлі айтып, келушілердің сұрақтарына жауап берді. Бұдан кейін қонақтар әскери бөлімнің казармасын аралап көрді. Олар асханаға барып, тамақтану рационымен танысты. Әскери техника мен қару жарақ көрмесінде сарбаздарды оқытуда және күнделікті қызметте қолданылатын үлгілерді көруге мүмкіндік алды.
– Менің ұлым Әскери-теңіз күштерінде бір айдан астам уақыт қызмет етті. Оның элиталық әскери бөлімге келгеніне өте қуаныштымын. Сарбаздардың жатын орны жаңа. Бәрі тап тұйнақтай таза екен. Біз оқу процесінің, тұрмыстық және тамақтану жағдайларының қалай ұйымдастырылғанын өз көзімізбен көрдік. Матростардың дастарханынан дәм де таттық. Ұйымдастырушыларға рақмет айтамын, – деді жерлесіміз Анар Смайылова.
Запастағы сарбаздарға білім сертификаттары табысталды
Жақында Қарулы Күштер қатарында белгіленген қызмет мерзімін аяқтаған сарбаздарға білім беру сертификаттарын табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Бұл сертификаттар елдің жоғары оқу орындарында тегін оқуға құқық береді. Іс-шараға ұлдарының өміріндегі маңызды оқиғаның куәсі болған ата-аналары да шақырылды. Әскери қызметшілерді қолдау бағдарламасы жастарды қызметтен кейін әлеуметтік бейімдеуге бағытталған және оларға білім алуға және кәсіби дамуға нақты мүмкіндіктер береді. Осы ретте жас сарбаз Данияр Молдахановтың анасы Еркеш Нұрпейісованы сөзге тартқан едік.
«Менің ұлымның қызметке кеткені есімде. Толқып, сонымен бірге мақтанышпен жіберген едім. Бүгін оның сертификат алғанын көріп, қуаныш пен ризашылықты сезіндім. Әскер оны күштірек, жауапкершілікті қылып тәрбиелеген.
Енді мемлекет оған білім беру арқылы өмір жолын жалғастыруға мүмкіндік берді. Осындай қолдау үшін алғысым шексіз», – деді ол.
Әуе қорғанысы әлеуетті құрылым
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері – еліміздің ұлттық қауіпсіздік жүйесінің аса маңызды бөлігі. Аспанымыздың амандығын күзететін бұл әскерлердің тиімді қызметі тек радарлар мен зымыран жүйелеріне ғана емес, сонымен қатар сенімді байланыстың болуына тікелей жауапты.
Жалпы, байланыс әуе қорғанысы – жүйесінің «жүйке жүйесі» іспетті. Онсыз бірде-бір зымыран дер кезінде ұшырылмайды, бірде бір есеп тобы өз міндетін нақты орындай алмайды. Осы күрделі әрі жауапты салада қызмет ететін байланысшылардың еңбегі көбіне көзге көрінбейді, бірақ олардың рөлі орасан зор. 44803 әскери бөліміндегі аға радиотелеграфист, сержант Бауыржан Жұмаділов бригада мен дивизион арасындағы байланысты қамтамасыз етіп отырған маман. Оның кәсіби біліктілігі ақпараттың уақытында жетуі, бұйрықтардың дұрыс берілуі мен кез келген жағдайда байланыс құралдарының мүлтіксіз жұмыс істеуіне тікелей әсер етеді.
Ол қызмет еткен жылдары түрлі оқу-жаттығулар барысында сенімді әрі қорғалған байланысты қамтамасыз етіп, өз ісінің маңыздылығын бірнеше рет дәлелдеген – Байланыс – бұл әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің жүйкесі. Онсыз ешбір зымыран уақытында ұшпайды, ешбір есеп тобы тапсырманы дәл орындай алмайды, – дейді сержант.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріндегі байланысшылар – көзге көрінбейтін майданда қызмет ететін мамандар. Олар – жоғары техникалық дайындықты, төзімділікті және тәртіпті қажет ететін жұмысты мінсіз атқарып жүрген жандар. Алайда, олардың көрінбейтін майдандағы еңбегі – бүкіл әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің сенімді жұмыс істеуінің кепілі.
Есен ӨТЕУЛ
Ұқсас жаңалықтар
Отан қорғау өмірлік ұстанымына айналған жауынгер
- 22 шілде, 2025
Әскердің әлеуеті – білікті маман
- 22 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді