«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қылмыс хроникасы

Қылмыс хроникасы
Ашық дереккөз
Қылмыс хроникасы

Кальян ұсынатын дәмханаларға айыппұл салынды

Тараздық тәртіп сақшылары бейнеоператорлармен бірге кальян бар орындар мен кафе, барларға рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Полицейлер екі күн ішінде темекі өнімдерін (кальян) тұтынуға тыйым салу талаптарын бұзған 27 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ, әкімшілік хаттамалар мекеме иелері мен олардың қонақтарына қатысты толтырылды. Келушілерден тамақ пен сусындармен бірге кальяндарға тапсырыс берген төлем шоттары тәркіленді. Ал, заң бұзушылық деректері «Musetti», «Lord», «Matador», «BarBq», «Sky Lounge», «Bult», «Жаным Сол», «Мята», «С Кайфом», «Мansard» және «Pablo» сынды көңіл көтеру орындарында анықталған.

Бұл күндері полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынатыны, вейптер мен электронды темекілердің таралуы бойынша қылмыстық жауапкершілік туралы нормаларды түсіндірді. Айта кетерлігі, осы жылдың 20 маусымынан бастап өңірлік полиция департаменті вейптерді сатқаны үшін 3 қылмыстық іс қозғады.

– Кальяндар мен вейптерді ересектер ғана емес, өкінішке орай, жастар да өте жиі қолданады. Сондықтан, ойын-сауық орындары тыйым салынған заттардан бас тарта алмай, заңсыз жұмыс істеуде. Олар тек табысты ғана ойлайды. Ал, адамдардың денсаулығына келетін қауіпті ойламайды. Бұл мәселеде екі тарап та өз жауапкершіліктерін түсінуі қажет. Сондай-ақ, темекі өнімдерінің айналымына тыйым салуға қатысты соңғы өзгерістерді ескере отырып, біз осы бағытта күшейтілген жұмысты жалғастыратын боламыз, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин.

Мемлекетаралық іздеуде жүрген әйел ұсталды

Жамбылдық полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Қырғыз Республикасының 43 жастағы азаматшасын ұстады. Әйел адам 2023 жылдың қараша айынан бастап Өзбекстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 169-бабы 2-бөлігінде (ұрлық) көзделген қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде болған. Ол Ресей, Өзбекстан және Қырғыз елдерінің аумағында зергерлік дүкендерден алтын бұйымдар ұрлаған. Ал, біздің елде дәлірек айтқанда, Қордай ауданындағы зергерлік дүкеннен алтын бұйымдарды қолды еткен.

– Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды және Өзбекстан Республикасы Самарқанд облысының ішкі істер басқармасының қызметкерлеріне берілетін болады, – делінген өңірлік полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Қарасораны жинаған күдікті құрықталды

Меркі ауданында жабайы қарасора жинау кезінде 42 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Сонымен қатар, жақын маңдағы аумақты тексеру кезінде аталған күдікті орып дайындаған жабайы қарасора тәркіленді. Бұл күнде ұсталған адам өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Ол бұрын нақ осындай қылмыстарға барғаны үшін сотты болған.

– Күдікті түнде сағат 23:50-де ұсталды. Негізінен, есірткі сатушылар түнде жұмыс істейді. Сондықтан, біз тоқтаусыз режимде қызмет етеміз. Әсіресе, қарасораның қаулап өсіп тұрған кезеңінде демалыс жоқ. Күдіктіге қатысты аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтағаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – дейді облыстық полиция департаментіне бағынысты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Еске салсақ, тәртіп сақшылары осынау жедел-іздестіру операциясын «Қарасора-2024» алдын алу іс-шарасы барысында өткізді. Ал, сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, меркілік азаматтан «кептірілген» және «кептірілмеген» жалпы салмағы 61 келі 700 граммды құрайтын «марихуана» тәркіленген.

«Дәрмек» операциясы: 11 қылмыс анықталды

«Дәрмек» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында медициналық препараттарды пайдаланатын 831 кәсіпорын мен ұйым тексерілген. Нәтижесінде еліміздің Қылмыстық Кодексінің 303-бабы бойынша 11 анықталса, 70 медицина қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, сақтау шарттарын бұзғаны үшін 43 килограмм есірткі және психотроптық заттар, 5 мың дәрі және 20 мың ампула психобелсенді препараттар тәркіленген.

– Лицензиялау нормаларын және оларды сақтау объектілерін техникалық нығайту талаптарын бұзғандықтан, 5 мың тоннадан астам прекурсордың айналымы шектелді. Мәселен, тексеріс барысында өнеркәсіптік объектілерінің бірінің аумағында прекусорлармен жұмыс жасау ережелері бұзылып сақталған 20 тоннадан астам күкірт қышқылы анықталды және тәркіленді. Ал, медициналық ұйымды тексеру кезінде есірткі құралдарын сақтау және жою ережелерінің бұзылғандығы анықталып, онда 614 ампула промедол мен 825 ампула фентанил тәркіленді. Компанияның директорына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл – 160 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұл немесе 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жазаны көздейді, – делінген ведомствоның ақпаратында.

Жиһаз жасаушы ма, алаяқ па?

Тәртіп сақшылардың көмегіне жүгінген ел азаматы алаяқтық әрекеттердің құрбаны болғанын жеткізген. Жәбірленушінің сөзінше, ол жиһаз жасап беруге уәде берген шеберге 500 мың теңге берген. Жедел түрде іске кіріскен криминалдық полиция қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікпен 41 жастағы тұрғынды анықтайды. Тергеу барысында белгілі болғандай, ер адам жәбірленушінің мекен жайына келіп, жиһаз тұратын жерді кесіп-пішіп, оның сеніміне кірген. Күдікті жиһазды қысқа мерзімде жасаймын деп уәде берген. Алайда, кейіннен кері байланысқа шықпаған. Осылайша, жәбірленуші алданғанын сезіп, полицияға арызданған.

Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тиісті тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Ең бастысы, ер адамның бұдан өзге басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы жіті тексерілу үстінде.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар