Аталған су қоймасының басшысы Қайрат Шымыровтың айтуынша, нысан 1963 жылы пайдалануға берілген. Ондағы судың сыйымдылығы 158,6 миллион текше метрді құрайды. Қойма суын Жамбыл ауданының диқандары пайдалануда. Бұл сумен аудандағы 21,5 мың гектар егістік алқап ылғалдандырылады. Қазіргі таңда арнаға секундына 2 текше метр су тасталуда. Жалпы, су қоймасы қайта жаңғыртуды қажет етеді.
Сенат депутаты бұдан кейін Ақтөбе және Түктібай ауылдарында жүргізіліп жатқан таза ауыз су құбырының құрылыс жұмысымен танысты. Қос нысанның құрылыс жұмысын «Темір-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алған. Қазіргі таңда Ақтөбе ауылына кіреберісте су тарату стансасының құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда. Стансаның айналасы темір-бетон қабырғамен қоршалып, жалпы сыйымдылығы 150 текшеметрді құрайтын су жинау ғимараты орналастырылуда. Сонымен қатар, сусорғы стансасының да құрылысы жүруде. Ақтөбе ауылындағы үш көше бойындағы 141 үйге таза ауыз суды жеткізу үшін 7 километр құбыр тарту жоспарланған.
Түктібай ауылында таза ауыз су құбырын тартумен қатар М.Әуезов атындағы орта мектептің жаңа ғимараты бой көтеруде. Оның құрылысына бір миллиард теңгеден аса қаражат қаралған. Бұл нысанмен қатар қасындағы ескі мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу де жоспарланып отыр. Оның құрылыс жұмысына тараздық «Бином» ЖШС жауапты.
Сәкен Қаланұлы Жетітөбе ауылдық округіндегі «Алатау сүт өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысын да көрді. Зауыттың тәуліктік қуаты 10 тонна. Бірақ бүгінгі күні 7 тонна сүт өңделіп, одан онға жуық өнім шығарылуда. Кооператив сүтті ауыл тұрғындарынан қабылдауда. Зауыт басшысы Н.Кенжебеков алдағы уақытта бие байлап, қымыз өндірісін қолға алмақ ниетте.
Сенат депутаты Боралдай ауылдық округіндегі Көлтоған спорт кешенінің құрылыс жұмысымен де танысқан болатын. Жаңа спорт кешені үшін ауыл іргесінен бір гектар жер телімі қаралған. Бүгінгі күні жаңа нысанның іргетасы құйылуда. Халық қалаулысымен болған кездесуде ауыл тұрғындары ауылдан елге белгілі көптеген спортшылардың шыққанын айтып, ауыл жастары үшін бұл спорт кешені олардың үлкен мүмкіндікке жетуіне бастамашы болатындығын жеткізді. Ауыл қариялары айтқандай, бұл ауылдан қазақ күресінен әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің жүлдегері Ғани Сейділдаев түлеп ұшқан. Ауыл тұрғындары спорт кешенінің басталып, бірақ аяқталмай қалу қаупінің барын алға тартты. Яғни, ол нысанға республикалық бюджеттен әлі қаржы бөлінбепті. Сенат депутаты Сәкен Қаланұлы бұл мәселені жеке бақылауына алып, оған қаржы көзін қарастыруға күш салатынын атап өтті.
Бұдан кейін Қарасаз ауылындағы жиһаз жасайтын цехтың жұмысын көрді. Цех басшысы Серік Мақатаев «Ауыл аманаты» жобасы аясында 5,3 миллион теңге несие алып, ол қаражатқа ағаш өңдеуге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, бүгінгі күні бір адамды жұмыспен қамтып отырғанын айтты. Іскер азаматтың жұмысымен танысқан халық қалаулысы алдағы уақытта кәсіпті одан әрі кеңейту үшін 30 миллион теңгеге дейін несие алуға болатынын жеткізді.
Депутаттың Жуалы ауданындағы сапары Шақпақ ауылдық округінің Т.Дүйсебайұлы ауылында қорытындыланды. Сәкен Қаланұлы ондағы Амангелді атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысып, құрылыс барысының өте баяу жүріп жатқанын сынға алып, мердігерге ескерту жасады.
Сәкен Арубаевтың іссапары бұдан кейін Жамбыл ауданында жалғасын тапты. Мұнда халық қалаулысы каналдардың жай-күйімен, әлеуметтік құрылыс нысандарының барысымен, «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылуымен танысты. Сенат депутаты аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлымен бірге Айша бибі ауылындағы «Райс», «Исмайл», «Бошақай», Қаратөтөбе ауылдық округіндегі «Жанұзақ» каналдарын көрді. Сәкен Қаланұлы каналдарды аралау барысында жөндеу жұмыстарына назар аударды.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы каналдардың жайы жақсы деп айтуға келмейтінін, 76 каналдың жөндеу жұмыстары созбалаңға салынып келе жатқанын айтты. Сенат депутаты каналдар бойынша толық ақпарат беруді, бұл жұмыстармен жеке айналысатын атап өтті.
Сәкен Қаланұлы бұдан кейін Жамбыл ауылдық округіндегі 10 гектар алқапқа орналастырылған қант қызылшасы мен 35 гектар алқапты алып жатқан пияз алқабының өсімділігімен танысты. Сонымен қатар, аудан орталығы Аса ауылында салынып жатқан музей, жастар орталығы, архив және кітапхана ғимараттарының құрылыс жұмыстарын аралап шықты. Халық қалаулысы аудандық бюджет арқылы осыншама құрылыс жүргізу әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал ететінін алға тартты. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан аспалы көпірдің де игіллікке берілуі аудан әлеуетінің артып келе жатқанын білдіретінін атап өтті.
Сенат депутаты Қаракемер ауылында болып, ондағы «Ауыл аманаты» жобасының тиімді іске асырылуына көз жеткізді. Жеке кәсіпкер Исағали Омаров жоба аясында 15 жылқы алып, оны бордақылап, бірнеше қайтара айналдырып, етін Тараз, Алматы мен Шымкент қалаларына өткеріп отырғанын айтты. Сәкен Қаланұлы жоба аясында ризық-несібесін арттырып отырған азаматқа сәттілік тіледі.
– Жуалы мен Жамбыл аудандарын аралау барысында көптеген құрылыс нысандарының басында болып, олардың жағдайымен жақын танысуға мүмкіндік алдым. Мәселен, Жамбыл ауданын ағын сумен қамтамасыз етіп отырған «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының жамбылдықтар үшін тигізіп отырған үлесі зор. Оның күрделі жұмысына қаржы керек көрінеді. Оны алдағы уақытта Парламентте көтеріп, күн тәртібіне қоятын боламын. Сол сияқты өзге құрылыс нысандары басында кездескен мәселелер назарымда. Біз үшін басталған жобалардың уақытылы әрі сапалы аяқталғаны маңызды. Оның бәрі еліміздің, жастардың игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс екенін ұмытпағанымыз абзал, – дейді Сәкен Қаланұлы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді