Ел тәуелсіздігін алғалы тарихымыз бен мәдениетімізді жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінді. Ұлттық ойындарымыз кеңінен насихатталып, тіпті халықаралық ЮНЕСКО ұйымының мәдени мұраларының тізіміне енді. Атап айтар болсақ, олар – асық ату, қазақ күресі. Сонымен қатар, ұлттық-интеллектуалдық ойынымыз тоғызқұмалақ та 2020 жылдан бері әлемдік мұралардың қатарын толықтырғандығын атап өткен жөн. Тоғызқұмалақ – әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын интеллектуалды логикалық ойлау өнері. Қазіргі таңда елімізде қарқынды дамып келе жатқан тоғызқұмалақ ойынын алыс- жақын шет елдер де қызыға ойнауда. Сонымен қатар, АҚШ-тың Альяска университеті осы ойынды зерттеуде. Тоғызқұмалақ ойынына қатысты алғашқы дерек әйгілі түркі ғалымы Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінде кездеседі. Ғалым жазып қалдырған түсіндірме сөздікте жерге шұңқырлар қазып, жаңғақ немесе соған ұқсас заттармен ойналатын мәліметтер бар. Тоғызқұмалақ ойынына қатысты қазақ ғалымдарының да іргелі еңбектері жарық көрген. 1936 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Сәрсен Аманжоловтың «Тоғызқұмалақ» атты еңбегі жарыққа шыққан. Онда автор алғаш болып тоғызқұмалақ ойынының ережелерін, қағидаларын қағаз бетіне түсірді. Осылайша тоғызқұмалақтан өтетін жарыстарға аса қажет мәліметтер бір кітапқа жинақталды. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл ойынның пайда болуы шамамен 4 мың жылдан астам кезеңді қамтитын көрінеді. Бұны тіпті әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби де ойнаған екен, терең зер салып зерттеп, өз жазбаларында қалдырып кеткен. Ал, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев қызыға ойнаған және өзі сол заманның түрлі ойыншыларымен сынға түсіп, ойын жарыстырған деседі. Тоғызқұмалақты ойнаушылар қатарына қазақтың ең алғашқы ғалымы Шоқан Уәлихановты да қосуға болады. Қазақтың әйгілі жазушысы Мұхтар Әуезов пен батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да ойнаған екен.
Бүгінде елімізде ұлттық ойынның пайда болуынан сыр шертетін көптеген археологиялық ескерткіштер кездеседі. Солардың бірі – Түркістан облысы, Отырар ауданы, Қожатоғай ауылынан 34 шақырым жерде орналасқан Дастарбасы үңгірінен табылған тоғызқұмалақ ойынының екі тақтасы. Ал, 1970 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында осыдан 2500 жыл бұрын пайда болған қоныстарға қазба жұмысын жүргізген кезде әр түрлі пішіндегі дөңгелек тастар табылған. Ғалымдардың пікірінше бұл тастар тоғызқұмалақ ойынының құмалақтары ретінде пайдаланылған. Тоғызқұмалақтың тасқа қашалған тақтасы 2012 жылы Абай облысы, Абай ауданы, Медеу ауылының маңындағы Қозыбағар қыстауынан табылды. Ұлттық ойынға қатысты жәдігерлер Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Суықсай ауылдық округіне қарасты Көксу өзенінің бойында да кездеседі. «Көшпенділер алгебрасы» саналатын тоғызқұмалақтың тақталары еліміздегі құдықтардың басынан да табылуда. Мысалы, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Манашысор сорынан оңтүстік-батысқа, Шаған төбешігінен солтүстік-батысқа қарай орналасқан мекенде Құлажат құдығы бар. Бұл құдықтың ернеуінде тоғызқұмалақ тақтасы қашалып салынған. Тоғызқұмалақ ойынына қатысты тарихи жәдігерлер орта ғасырларда да кездеседі. Жартастарға тоғызқұмалақ тақтасын ойып салу үрдісі кейінгі кезеңдерде де жалғасын тапты. Облысымыздағы Талас ауданы, Қызыләуіт ауылынан 10 шақырым жерден табылған «Тоғызқұмалақ тас тақтасы» археологиялық ескерткіші соның айқын дәлелі болып табылады. ХVII ғасырға жататын е скерткіш әйгілі Тәңірқазған және Бөріқазған тұрақтарының жанында орналасқан. Жергілікті тұрғындардың дерегінше мал бағып жүрген малшылар жоғарыда орналасқан жарға шығып тоғызқұмалақ ойнап әрі төрт түлігін қарап отырған. Ойын тақтасын зерттеп жүрген азаматтар мен ойын шеберлеріне қызығушылық тудыратындай археологиялық ескерткіш, яғни тоғызқұмалақ ойын тақтасының тағы бірі облысымыздан табылып отыр. Талай тарихи кезеңдерді бастан өткеріп, көп сырды қойнауына жасырған қарт Қаратаудың жоталарының бірінде сақталған бұл жәдігерге неше ғасыр болғаны бізге беймәлім. Археолог- ғалымдармен жазғы маусымдық қазба жұмыстарына қатысып, археологиялық барлау жасап жүргендіктен болар, ерекшелеу тас немесе төбе көріп қалсам мұқият қарап үңілетінім бар. Сондай бір іссапармен барлау жасап жүріп, Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылына қарасты Қызылтаң елді мекенінің солтүстік-шығыс жағындағы тау беткейінде тоғызқұмалаққа арналған ойын тасын кездестіріп қалдым. Орналасқан жері де ерекше. Солтүстігі мен солтүстік-батыс жағы алаңқай жазық, оңтүстігі мен оңтүстік-батыс жағы таулы аймақ, қыратты, тік жартасты болып келеді. Шығыс жағында, екі таудың ұштасатын жерінде өзеннің табаны бар, солтүстігіндегі алаңқай жазық 300 метрден астам, тіпті бұнда малшылар аталмыш ойыннан жарыс өткізген сыңайлы. Тегіс алаңқайдың оң жағындағы қыраттың үстінде құпиясы көп т арихи жәдігер орна ласқан. Тақтаның құпиясы мен ерекшелігі де таңқаларлықтай. Ұзындығы 2,8 метр, көлденеңі 1,4 метрдей болатын тастың бетіне екі бірдей ойын тақтасы ойылып жасалған. Бас жағындағы ойық ауызының диаметрі 18 сантиметр, тереңдігі 16 сантиметр, ойын тақтасының біріншісінің отауларының (ойықтарының) саны 18-ден көп. Екіншісі қарапайым, өзіміз көріп, кездестіріп жүрген тоғызқұмалаққа ұқсас. Тоғызқұмалақтың әр ойығының өзіндік атауы бар. 1 отау – арт, 2 отау – тектұрмас, 3 отау – ат өтпес, 4 отау – атсырартар, 5 отау – бел, 6 отау – белбасар, 7 отау – қанды қақпан, 8 отау – көкмойын, 9 отау – маңдай деп аталады.
Ал енді құпия мен сырға толы бұл жәдігердің қалған оншақты отауы (ойықтар) қалай аталды екен? Сонымен қоса көлемі өте үлкен отау бар (үлкен ойық), ол не деп аталған? Сол үлкен от аудың шұңқырындағы күйенің жұғындысына қарап менің пайымдағаным, бәлкім ішіне отын толтырып жаға отырып тасты қыздырып, сол қызған тастың үстінде ойынның қызығына кірген-ау. Десе де тарихы терең бұл ойынның әлі де беймәлім сырлары көп болса керек. Олай дейтін болсақ, жоғарыдағы тоғызқұмалақ ойын тақтасының құпиясы да жетерлік деп ойлаймын. Ендігі кезекте осы тарихи мұрамызды сақтап, қорғап, ата-бабаларымыздың асыл қазынасын келешек ұрпаққа аманат етуге әрекеттенуіміз қажет. Сонымен қоса, бұл жәдігерге ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, кеңінен насихатталса екен деген ойдамын.
Жандос БАЙТІМБЕТОВ,
«Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» маманы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді