Акция аясында Жамбыл ауданы Аса, Қаракемер ауылы мен Ақкөл тас жолында сенбілік өтті. Экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақырған іс-шараға аудан әкімі Ерлан Қыдыралұлы мен аудандық ардагерлер кеңесі, жастар, еріктілер, ауыл тұрғындары және мекеме қызметкерлері атсалысты.
– «Баланы тазалыққа, әдептілікке тәрбиелеймін деп әуре болма, бала бәрібір саған ұқсайтын болады. Сен одан да өзіңді тәрбиеле. Ұл-қызың саған қарап өседі, бой түзейді» деген асыл сөз бар. Расында, өсіп келе жатқан жастар, балалар тазалықты, қоршаған ортаға мейірімділікті бізден көріп үйренеді. Сондықтан да кез келген адам тазалықты өз бойынан көрініс табатындай етсе, өзі туып-өскен жеріне бейқам қарамаса, өзгелерге үлгі болатыны сөзсіз, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев.
Атап өту қажет, бұл жолы игі бастамаға пробация есебінде тұрған азаматтар да қатысып, сенбілікке үлес қосты. Нәтижесінде акция аясында аудандық мәндегі 30 шақырым автомобиль жолы тазаланды. Алғадай істің басында жүрген ардагерлер ұрпаққа үлгі боларлық бастаманың алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді.
***
Жуалы ауданында да «Таза Қазақстан» республикалык экологиялық акциясы жүйелі түрде жалғасын тауып жатыр. Табиғатқа жанашырлық көрсетуге шақыратын акция аясында батырлар туған өлкеде көптеген игі іс-шаралар өтуде.Атап айтсақ, күні кеше Қаратау жотасының оңтүстік-шығыс баурайынан басталып, оңтүстік-шығысқа қарай ағатын өзен бойындағы Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының аумағына санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Мұнда жаз келе салысымен адам қарасы көбейіп, суға түсіп салқындап, алыстан арнайы келіп демалыс өткізетіндер арта түседі. Себебі, аудандағы су көп жиналатын жалғыз нүкте осы жер. Демалысқа келген көпшіліктің барлығы тазалықты қатаң сақтайды деп айта алмаймыз. Осындай арнайы сенбіліктердің арқасында қойманың маңайы тазарып, Теріс ерекше тыныстап қалады. Акцияға ауданның ерікті жастары мен Нұрлыкент, Көкбастау мен Қызыларық ауылдық округтерінің тұрғындары мен қоғамдық қызметкерлер өз үлестерін қосып, су қоймасы мен ауыл маңын көркейту үшін санитарлық тазалау, көгалдандыру жұмыстарын атқарды. Су қоймасының маңайын тазалауға 2 техника мен 100-ден аса адам жұмылдырылды.Науқан басталғалы тазалықты серік еткен аудан жастары мұнымен тоқтамай, алдағы уақытта аудандағы адам қарасы көп жиналатын қоғамдық орындарға да үнемі сенбілік жүргізіп тұруға бекініп отыр.
***
Талас ауданындағы Кеңес ауылдық округінің тұрғындары көше бойындағы тікендер мен шөп-шаламдарды орып, ауыл іші тазалады. Ұйымшылдық – ұйысқан елде болады. Міне, кеңестіктер осы қасиеттерді өз бойларынан көрсете білді. Іс-шараға 200 адам қатысып, 2 техника жұмылдырылып, 1 тонна қоқыс шығарылды.
– «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді ғой дана халқымыз. Көрікті ауылды келген қонаққа ұялмай көрсетуге болады. Ауыл тұрғындарына алғысымыз шексіз, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдіғұл Бекбауов.
Сонымен қатар, аталған акциясы шеңберінде Үшарал ауылдық округінде атқарылған жұмыс та ауқымды. Тұрғындар аулалары мен көшелерін, ауыл маңын күл-қоқыс, шөп-шаламнан тазартып, талдардың түбін әктеп шықты. Осылайша, бұл ауыл да ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті. Тазалыққа қатысты шараға 250 адам қамтылып, 11 мекеме қатысты. Бірнеше техника жұмылдырылып, 2 тонна қоқыс шығарылды.
– Үшаралдықтар қашанда ұйымшылдығымен көзге түсіп жүргенін бәріңіз де білесіздер. Ауыл тазалығы – бәрімізге ортақ. Мәдениет – тазалықтан басталады. Мұндай игілікті істер тоқтаусыз жалғаса беретін болады, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Жүсіпов.
«Aq jol» тілшілері:
Нұрболат АМАНБЕК,
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ.
Ұқсас жаңалықтар
Тиісті жұмыстар жүргізіледі
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді