Оның қолындағы гитараға жан бітіп, синтезатордың қаншалықты сезімтал дыбыстай бастайтынын көргенде, ақ-қара пернелерді саусақтарымен соншалықты шебер ұстаған адамның шынайы әлемде ештеңе естімейтініне сену қиын. Осыдан көп жыл бұрын музыкалық білімі бар, жан-тәнімен әсем әуен әлеміне берілген ер азаматқа қорқынышты диагноз қойылған еді, яғни, есту қабілетінің мүлдем жоғалуы.
Мұрат Сматайұлының музыкаға деген әуестігі бес жастан басталған. Ол баян мен гитараны өз бетінше үйренді. Оның мұндай құлшынысы елеусіз қалмады, бозбала шағында оның жағдайын ескеріп, Сұлутөр ауылдық клубы оны жұмысқа алады. Сонымен, өткен ғасырдың 70 жылдарының басында Мұрат Жолдасбаев кәсіби музыкант ретінде өз жолын бастаған еді. Жас жігіт бос уақытының барлығын үйірмеде әуен үйреніп, аккорд таңдаумен өткізетін. Күрделі де қызықты процесс оны таң қалдыратын. Сол уақыттары құрылған «Таугүл» ансамблін оның шығармашылық ізденістерінің жемісі деуге болады. Мұрат Жолдасбаев вокальды-аспапты ансамбльдің идеялық дем берушілерінің біріне айналды.
1976 жылы құрылған ансамбльдің құрамы бірнеше талантты дарындармен толықты, олардың қатарында Борис Жарқымбаев, Мұрат Жолдасбаев, Мұрат Тұрысбеков, Керімқұл Қанарбаев, Людмила Нудьга, Светлана Галушкина және Валентина Ткачева болды. Айтпақшы, ауылдағы музыканттар ауданнан тысқары жерлерде де таныла бастады. Топ жарып, елге танылып, репертуарын үнемі жаңартып отырды. Жылдар өтті, басымдықтар өзгерді, қиын күндер келді, бірақ ол үшін жеті нотаға деген махаббат өзгеріссіз қалды. Мүгедектігіне қарамастан, кәсіби қызметін жалғастырып, өзінің хоббиінен бас тарта алмады. «Өмір мен музыка арасында таңдау жасау керек болса, мен музыканы таңдаймын», – деді ол. Тағдыр осылай оның өмірін музыкамен байланыстырған еді.
Ол тапқан табысының барлығын жаңа аспаптар, құрал-жабдықтар, арнайы құлаққаптар алуға жұмсады. Сөйтіп, үйіндегі бөлмелердің бірін студия етіп жабдықтаған. Музыканттың репертуарында кеңестік эстраданың ретро-хиттері бар, дегенмен ол заманауи трендтерге ілесуге тырысты.
Жанұясы музыканттың хоббиін толығымен қолдады. Күні кеше Мұрат Жолдасбаев, Борис Жарқымбаев, Фарида Меңдібаева, Еркін Сәрсенбаевтар Сұлутөр ауылында өнер көрсетіп, өз шеберліктерін елге тағы паш етті. Көптен күткен концерт «Таугүл» ансамблі өнер сапарын бастаған ауылдың мәдениет үйінде өтті. Бірнеше ондаған жылдардан кейін тыңдарманына оралу оңай қадам емес екені түсінікті.
«Күресуге бел буған адамның алдында екі жол болады: жеңу немесе жеңілу. Сахнаға шыққан бойда уайымым сейіліп, тіпті осыншама жылдар сахнадан жырақ болғанымды ұмытып кеттім. Жастық шаққа оралғандай болдым. Бізді жерлестеріміз жылы қарсы алып, шабыттандырды», – деді Мұрат Жолдасбаев. Екі сағатқа созылған концерт ешкімді бей-жай қалдырмады, көрермендер әншілермен бірге ән айтып, би биледі, жастық шақтарын еске алды, тіпті көзіне жас алғандары да болды.
Шолпан САБАНОВА,
журналист.
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді