«Бір туған ағайындарды» айтпағанда, қасиетті қара домбырадан күй төгіліп, әуезді ән шырқалып, жырдан шашу шашылғанда жерлестеріміздің өнеріне ғана емес, қазақ халқының рухани кемелдігіне жырақтан келген жат қонақтар да еріксіз тамсанып, қол соқты. Айтулы іс-шараның өтуіне Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі қолдау білдірді.
Өнерпаздардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашып, өз елінің мәдениетін халықаралық деңгейде танытып, рухын көтеру мақсатында өткізілген ауқымды іс-шарада Түркия, Румыния, Үндістан, Қырғызстан, Қазақстан сынды мемлекеттерден бас-аяғы 18 топ бақтарын сынаған еді. Аталмыш өнер додасында облысымыздың атынан басқармаға қарасты «Белсенді ұзақ өмір орталығының» қызмет алушыларынан құралған «Ғұмыр-Дария» Ұлттық аспаптық ансамблі мен «Әулие-Ата» ардагерлер ансамблі өнер көрсетті. Атап айта кетерлігі, байқау шарты бойынша додаға жасы 35-тен жоғары өнерпаздар қатысуы тиіс болса, жамбылдық ардагерлеріміз өнерімен ғана емес, жасымен де өзгелерінен оқ бойы озық тұрды. Белсенді өмірмен бірге өнерлерін өрістетіп жүрген қарияларымыз аспаптық орындау, хореография, вокалдық өнер, көркемсөз оқу сынды бірнеше номинациялар бойынша сынға түсті. Жамбылдық өнерпаздар аталған бөлімдердің барлығына дерлік үлкен дайындықпен келіп, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысты. Өмір мен өнерін ұштастыра білген өнегелі ардагерлеріміз ә дегеннен-ақ жұрттың ыстық ықыласынан бөлек, қазылардың назарына ілікті. Ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін екі тілде орындаған қариялардан құралған Квартет жүлделі І орынды иеленіп, Румыния мемлекетінде өтетін алдағы байқауға жолдама ұтып алса, «Алтын жас» бишілер тобының орындауындағы вальс көпшіліктің көңілінен шығып, І орынды иеленді.
Сондай-ақ, Тараздан барған топтың қариясы, сегіз қырлы бір сырлы өнер иесі Сыдықназар Қаржаубай «Шалқымалы», «Дүние-ай» әндерімен тыңдарман қауымды тәнті етсе, Аманқұл Искаков жеке би орындауында қазақтың ұлттық биі Қаражорғаны билеп, өзбек ұлтының Андижан полькасын орындауда шеберлік танытты. Аманқұл ақсақалдың бұдан бөлек домбыраның құлағында ойнап, хор құрамында ән шырқауы, жұптық вальсте өзіндік өнер көрсетуі байқауға қатысушы тараздық топтың мерейін үстем етті. Осылайша тараздық өнерпаз ардагерлер жиылған жұрттың таңдайын қақтырып, ыстық ықыласына бөленді. Көргенінен түйгені мол жамбылдық қариялардың өнері әділ қазылар тарапынан лайықты бағаланды. Осы ретте байқауға қатысушылардың сахналық шеберлігі де назардан тыс қалмады. «Ғұмыр-Дария» ұлттық аспаптық ансамблі мен «Әулие- Ата» ардагерлер ансамблінің өнері мен сахналық образдары жоғары бағаланып, жүлделі орындардан көрінді. Поэзия бөлімінде Марат Байдалиев, Ханымкүл Бесінбай және Зәуре Жұмабаева көркемсөз оқудың үздік үлгісін көрсетті. Айтулы шара соңында жүлделі орындардан көрінген қатысушылар алдағы уақытта Түркия, Румыния елдерінде өтетін өнер додаларына жолдама алса, басқа өнерпаздар алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанат ӘЛІМҚҰЛОВА,
«Белсенді ұзақ өмір орталығының» қазақ тілі нұсқаушысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді