Жұмбаққа толы жұмыртас

Жұмбаққа толы жұмыртас
Ашық дереккөз
Ортағасырлық қоныстар мен қалалардан табылған ең ерекше және сирек кездесетін археологиялық бұйым – саз балшықтан жасалып, жоғары температурада күйдірілген сфероконусты ыдыстар мен сынапкөзелер. Ыдыс-аяқтың ерекше формасына байланысты «сфероконус» атауы грекше шар және геометриялық дене деген мағына береді. Көптеген сфероконустың ауызы тар, бүйірі домалақ, түбі үшкір, мойыны жіңішке әрі қысқа, басы саңырауқұлаққа ұқсас келеді.

Жұмыртастардың көпшілігі қара сұр және күлгін сұр түсті. Ыдыстардың сыртқы бөлігі әртүрлі тәсілде өңделіп, мөртаңба, баспа өрнектермен әшекейленген, ерекше жолақтармен көркемделген. Б.В.Луниннің еңбегінде Орта Азияда сфероконустық ыдысты «симаб-кузаче», «симаб» – күміс су, яғни сынап, ал «кузача» сынапты құюға арналған тар мойынды саз ыдыс деп суреттелген. Бүгінде бұл ыдыс «сынапкөзе» деп аталып жүр. Парсы тілінде сынап сақтайтындар мойынды ыдысты кузей- симаб деп атауы ХІІ ғасырдың өзінде қолданылғанын археолог Г.А.Джидди өзінің жазба деректерінде келтірген.1920 жылы М.Е.Массонның мәлімдеуі бойынша Ферғаналық Сох қыстағында арық қазу кезінде сынап құйылған үш сфероконус ыдысы табылды.

Ортағасырлық жазба деректерде, атап айтқанда, Махмұд Қашқаридің еңбегінде сұйықтықты сақтауға арналған ыдыс, «жұпар су» тасымалдаушы ыдыс екендігі жазылады.

Сферокониялық ыдыстар өте әдемі жасалғанын және оған өте жағымды иісі бар сұйықтық құйылғанын бірден көруге болады. Сонымен қатар, оның жасалынуы бойынша қысқа және тар мойынына қарап, оның сұйықтықтарды тасымалдау үшін қолданылғанын бірден түсінуге болады. Алайда сфероконустың тығыны табылған жоқ, соған қарағанда ағаштан жасалған деп болжауға болады.

Бүгінгі күнге дейін жұмыртастардың не үшін пайдаланғандығы туралы 20 түрлі болжам айтылған. Кезінде Орта Азиядан тасымалданған сынапты алып жүруге әрі сақтауға, алхимия колбасы ретінде, сондай- ақ парфюмерия, медицинада қолданылған майлар мен хош иісті заттар тасымалдау үшін пайдаланылған. Сонымен қатар, жұмыртасты жарылғыш зат ретінде де қолданылған деп айтылып жүр.Бұл болжамдардың ешқайсысының нақты дәлелі жоқ, себебі бізге жеткен жұмыртастардың басым көпшілігі бізге бос күйінде жетті.

Жұмыртастар көбіне Шу, Талас алқаптарындағы ортағасырлық қалалар мен қоныстардан табылды. Мөлшері аз болғанымен таралу аймағы ауқымды. Т.Н.Сенигова Ортағасырлық Тараз қаласынан табылған жұмыртастарды пішініне қарай екі топқа бөлді. Үлкен және кіші жұмыртастар Х-ХІІ ғасырларға негізделген.

А.Н.Бернштам Шу алқабының таулы аймақтарындағы ортағасырлық қалалардан табылған жұмыртастарды Қарахан кезеңіне, яғни ХІ-ХІІ ғасырларға жатқызады.

1940 жылы Г.И.Пацевич ежелгі Тараз орнына қазба жүргізу барысында құрылыс ішінен өте жоғары температураны талап ететін ыдыстарды немесе жұмыртастарды күйдіретін пештің орнын ашқандығы белгілі. Олай болса Шу, Талас алқабында жұмыртастар Х-ғасырдан бастап тарала бастаған.

Жалпы, жұмыртастардың мұнара маңынан көптеп табылуы да қызық жағдай. Ғалымдардың пайымдауынша Х ғасырға дейін біздің өңірге мұндай ыдыстарды сырттан әкелген.

Тараз қаласының «Көне Тараз» тарихи- мәдени кешенінде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде екі жүзден аса сынапкөзе табылған болатын. Үшеуі үлкен балық пішіндес, қалғандары кіші сынапкөзелер.

«Көпестер қаласында» сауда жолымен қатар өзге елдің мәдениеті, діні де қатар жүрген болатын. Атап айтсақ христиан, будда, несториан, зороастризм діндері. Христиан дінінде балық киелі деп саналған. Балық пішіндес жұмыртастың біздің жерде табылуының өзі Ұлы Жібек жолы арқылы келгендігінің дәлелі. Бізді қуантатыны көне жәдігердің сынбай, бүтін қалыпта бізге жеткендігі. Жұмыртастардың әр түрлі пішінде жасалған түрлері Жамбыл облыстық тарихи- өлкетану музейінің қорларында сақтаулы. Сонымен қатар, музей экспозициясынан тамашалауға болады.

 

Лаура БАЙТҰРСЫНОВА,

облыстық тарихи-өлкетану музейі «Ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету» бөлімінің меңгерушісі.

Ұқсас жаңалықтар