Өңірдегі сирек кездесетін өсімдіктер

Өңірдегі сирек кездесетін өсімдіктер
Ашық дереккөз
Еліміздің флорасында 5700-ге жуық түр болса, соның мыңға жуығы сирек кездесетін өсімдіктер. Ботаникада мұндай түрді реликті өсімдіктер деп атайды. Реликті өсімдіктер жасыл әлемнің тарихы мен эволюциясының куәсі. Сондықтан сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау және көбейтуге үлкен мән беріледі. Олар біздің өңірімізде Бетпақдалада, Шу өзенінің аңғарында, Қаратаудың сілемдерінде кездеседі. Бұған дейін де еліміздің Қызыл кітабына 306 өсімдік енгізілсе, соңғы жылдары қорғалатын өсімдіктердің тағы жүзден астам түрі анықталған. Жамбыл өңірі десе, сирек кездесетін өсімдіктер қатарында ең алғаш қызғалдақтардың көш бастайтыны белгілі. Елімізде қызғалдақтың 30 түрі кездесетін болса, соның ішінде ең ірісі – Грейг қызғалдағы да осында кездеседі. Бұдан бөлек, өңірде таусағыз, құртқашаш, түңесіңір, көбенқұйрық, ұшқат, лапыз секілді атауы жалпы жұртқа беймәлім өсімдік түрлері де бар.

Ұшқат

Қыстың күні де атын жасырмай «мен мұндалап» тұратын өсімдік бар. Ол – ұшқат өсімдігі. Бұл өсімдікті қалың орманның ішінен оңай жаңылмай тануға болады. Ол майыстырғанда сына қоймайтын шымыр және ауыр келеді. Осы қасиетіне байланысты өсімдік атауын латыншадан аударғанда «сүйек ағаш» деген мағынаға ие. Бұрын ұшқат бұтағынан мықтылықты қажет ететін мылтықтың сүмбесі, қамшының сабы сияқты заттар жасаған. Оның туыс аты лоницера, XVII ғасырдағы ботаник Адам Лоренцанның құрметіне қойылған. Ұшқаттар тұқымдасына жататын биіктігі 1-1,5, кейде 3-4 метрге жететін, әжептәуір көп тіршілік ететін бұта тектес өсімдік. Сондай-ақ, бұл газға да шыдамды. Сондықтан Қазақстанның өндірістік аудандарын көгалдандыруға ыңғайлы. Әсіресе, гүлдеген және жеміс берген кездеріндегі жемдік сапасы өте жоғары. Бұл ежелден көгалдандыру және орман шаруашылығы мақсатында пайдаланылып келеді. Мұның жеке түптерін де, топтап та және тірі қоршау ретінде де өсіруге болады. Ғалымдар бұтағының қаттылығына байланысты қазақша «ұшы қатты» деген сөзден «ұшқат» деген ат шыққан болу керек деп санайды. Жер шарында ұшқаттың екі жүз, ТМД елдері кеңістігінде елу түрі тараған.

Итшомырт шырғанақ

Тоғайлардың тез жойылуына байланысты республикалық «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктің бірі – шырғанақ. Ертеден сібірліктер сырттан келген меймандарын шырғанақ жемісінен жасалған тосаппен күтіп, тағы басқа да тағамдарға қосқан. Қазіргі зерттеушілер де шырғанақ жемісінің тағамдық сапасының өте жоғары екенін мойындап отыр. Әсіресе, оның итшомырт шырғанақ деп аталатын түрі нағыз витамин ошағы. Оның бойында өсімдіктерде өте аз кездесетін, адам организмінің ішкі секреция бездерінің қызметін күшейтіп, зат алмасуды реттейтін дәрумендер табылған. Бұдан бөлек жеміс құрамында болатын майдың шипалық қасиеті өте жоғары бағаланады. Кеңес дәуірінде ғалымдар шырғанақ майымен операциядан кейінгі жараны, күйікті, үсікті, дененің ойылуын, тері туберкулезін, құлақтың, тамақтың, мұрынның қабынуын, көз ауруларын, тағы басқа көптеген ауруларды емдеуге болатындығын анықтаған. Асқазанның қатерлі ісігін сәуле арқылы емдеген кезде шырғанақ майын ішу ұсынылады. Шырғанақ майын ауруды бәсеңдету үшін, балалар көбіне ішуден бас тартатын балық майының орнына пайдаланады. Ертедегі монғолдар мен тибеттер жеміс пен жапырақ қосылған қайнатпа буынның сырқырап ауруына бірден-бір дауа деп санаған. Косметикада жеміс қайнатпасын шашы түсу қаупі туса ішуге немесе жағуға пайдаланылады. Итшомырт шырғанақ Шығыс пен Батыс Сібірде тараған, аздап Орта Азияда кездеседі. Бұдан біраз уақыт бұрын Кавказдағы Балқар, Баксон аңғарларында, Әзірбайжанда Самур өзенінің аңғарларындағы шырғанақ күтімінің жоқтығынан құрып кеткен. Шырғанақты көбейтіп, табиғи қорын болашаққа сақтап қалу үшін елімізде бірқатар шаралар жасалуда. Қазір бұл өсімдікті қолдан өсіріп, табиғи қорын қорғау қолға алына бастады.

Таусағыз

Синтетикалық каучук шықпас бұрын кеңес ғалымдары табиғи каучукты өзімізде өсетін өсімдіктер арасынан іздей бастаған еді. Бұл зерттеулер каучук тек қана тропикалық және субтропикалық белдеудегі ағаш немесе бұта тектес өсімдіктерде емес, өзімізде өсетін шөптесін өсімдіктерде де болатындығын дәлелдеді. Ондай өсімдік күрделі гүлділер тұқымдасына жататын – таусағыз. Бұл өсімдікті 1929 жылы Қаратаудың жергілікті шаруасы М.Дюрбенов алғаш рет табады. Содан соң 1930 жылы ботаниктер сипаттама жасап оны жаңа түр ретінде жариялады.

Таусағыз 1930 жылдан бастап резина өндірісіне пайдаланыла бастады. Сол жылдары бүкілодақтық «каучуконос» бас басқармасы Қазақстанға каучукті іздеп, оның қорын анықтау мақсатында бірнеше экспедициялар ұйымдастырды. Бұл экспедициялық зерттеулер Сырдария аңғары мен Қаратаудың батыс, орталық және шығыс бөліктерін және Талас Алатауының солтүстік беткейлерін қамтыды. Осы кездерден бастап таусағыз шикізаты жинала бастады. Әсіресе, соғыс жылдары таусағыз шамадан тыс көп жиналды. Отанның басына төнген бұл қауіп таусағыздың болашағын ойлауға мүмкіндік бермеді. Негізгі мақсат неміс босқыншыларын жеңуге жұмсалғаны мәлім. Осы сұрапыл кезеңде қазақстандық таусағыз басқыншыларды жеңуде орасан көп үлес қосқанын ешкім теріске шығара алмайды. Ұлы Отан соғысы жылдарында одан алынған каучук әскери техникалық дөңгелектер жасауды қамтамасыз етті. Басқаны айтпағанда осы қасиетінің өзі таусағызды құрметтеуге тұрарлық. Отты жылдары соғыстың кесірінен Қазақстанда таусағыз қоры күрт азайып кетті. Осыдан келіп бұл бағалы өсімдікті қолдан өсіру қажеттілігі туа бастады. Елімізде қазіргі кезде синтетикалық каучуктің шығуына байланысты таусағыз өндірістік мақсатта жиналмайды. Алайда, жоғарыда айтылғандай, пайдаланудың әсерінен таусағыз қоры азайып кеткендіктен Қызыл кітапқа енді.

Құртқашаш

Заманауи медицинада түрлі дәрілік заттар дайындалатын эндемиялық өсімдіктің бірі – құртқашаш. Оның тамыр сабағынан «шегіргүл тамыр» деген атпен медицинада және парфюмерияда қолданылатын зат алады. Кейбір түрлерінің жапырақтарынан жуан талшықтар алынады, оны сыпырғы жасауға пайдаланады. Құртқашаштың жемістері антибиотик есебінде пайдаланылады. Тибет медицинасы құртқашаштың тамыр сабағын, гүлін, тұқымын дәрі ретінде жаратқан.

Құртқашаш гүлдерінің бейнесін шығыс халықтары мен римдіктердің галереяларынан, ескерткіштерінен кездестіруге болады. Ондағы гүл өрнегінде үш күлте жапырақшаның жалпақ біреуі тік, шағындау, қалған екеуінің ұштары сыртқа қарай иіліп тұрады. Египетте құртқашаш шешендіктің символы болған. Ал, арабтар керісінше, үнсіздіктің, қасіреттің белгісі ретінде зираттарға өсірген. Арабтар құртқашашты Солтүстік Африкаға, Испанияға, Мексикаға және Калифорнияға таратқан. 1840 жылға дейін әлгі түрлерден жүзге тарта жаңа сұрыптар шығарылады.

Құртқашаш ғасырлар бойы Флоренцияда өсірілген. Дегенмен, мұнда құртқашашты өсірудің эстетикалық мәнінен гөрі пайдакүнемдік мақсат басымдау. Себебі, құртқашаштың тамырсабағында болатын 0,1-0,2 пайыз эфир майларын парфюмерияда пайдаланады. Осы өлкеден құртқашаш шикізаты Франциядағы парфюмерия өндірісінің орталығы болып саналған Грасс қаласына көптеп жіберіліп отырған. Кейбір елдерде өсімдікті көркемдік мақсатта пайдаланады. Мысалы, Пәкістанда, АҚШ-та, Жапонияда құртқашаш жапырақтарынан әдемі тоқыма бұйымдар, жіп, щетка, мата, әк тас, ал өңделген гүлдерінен жасыл, сия, көркем сурет және піл сүйегін бояйтын сұйық бояу жасайды.

 

Дайындаған Нұрболат АМАНБЕК.

Ұқсас жаңалықтар