«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қант тапшылығына қайта тап болсақ қайтеміз?

Қант тапшылығына қайта тап болсақ қайтеміз?
Ашық дереккөз
Осыдан екі жыл бұрын қант қат болып, орын алған тапшылық күні бүгінге дейін ел есінде. Күнделікті қажет өнімнің өндірісі республика бойынша биыл да күрт төмендеп кеткен. Былтыр тамыз айының соңында Ресейден жеткізілетін қантпен баға бәсекелестігіне төтеп бере алмауына байланысты өңірде қант өндірісі тоқтаған болатын.

Қызылшадан өндірілетін, соңына дейін өңделмеген қоңыр қант пен кәдуілгі ақ рафинатталған қанттың өндірісі қаңтар-мамыр айларында соңғы төрт жылда болмаған төменгі көрсеткішке жеткен. Өндіріс көлемі небәрі 39,6 мың тоннаны құрайды. Мұндай төмен көрсеткіш тек пандемия кезінде ғана тіркелген еді. Өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда өндіріс 3,4 пайызға кеміген. Енді мына қызыққа қараңыз, қант өндірісі кеміген тұста қанттың экспорты мен реэкспорты 700 килограмнан 50 мың тоннаға дейін өсіп кеткен. Бірақ, ішкі нарықтағы сатылым бір жыл ішінде 2,3 есеге азайып, небәрі 93 мың тоннаны құраған. Өндіріс пен экспорт арасындағы тұрақсыздық пен өрескел алшақтық бұл тағамды дастарқанымыздан алыстатып жібере ме деген қорқыныш жоқ емес. Себебі, қант күнделікті тұтынатын, әлеуметтік азық-түлік тізімінен бөлек, қаладағы көптеген кондитерлерге ауадай қажет ингридиенттердің бірі.

– Өз басым қант бағасының құбылып тұратынын жиі байқаймын. Сапасына да сұрақ көп. Біз кондитер ретінде бір күнде бірнеше торт пісіреміз. Қант – торт рецептісінің негізгі бөлігі. Қант болмаса ісіміздің мәні де, дәмі де болмайды. Сондықтан қантты жиі сатып аламыз. Көп тұтынамыз. Кәсібіміз тікелей қантпен байланысты. Кейде қанттың тәттілігіне риза болмай жатамыз. Бес қасық салсаң да дәм бермейтін қант болады. Қант тапшылығын соншалықты сезінбесем де, бағасы жиі өзгеретіні анық байқалады. Мысалы, мен ақ қанттың килограмын 395 теңгеден алып жүрмін. Жыл басында 355 теңге болатын. Қантты көп пайдаланатын болғандықтан бағадағы өзгеріс бірден көзге түседі. Қалтаға қатты ұрады. Білуімше, облыста бірнеше қант зауыты бар. Өзіміз өндіре тұра бағаның мұнша қымбат болатыны түсініксіз, – дейді кондитер Нұргүл Есмаханова.

Иә, өңірде бір емес, екі қант зауыты бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, екеуі де былтыр мамыр және маусым айларында бәсекеге төтеп бере алмай өндірісті тоқтатқан болатын. Алайда, араға уақыт салып «Тараз қант зауыты» да, «Меркі қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де жұмыстарын жандандырып отыр. Ел аумағына қантты контрабандалық жолмен әкелу тоқтатылған жағдайда облыстың екі қант зауыты 2024 жылы 160 мың тонна қант өндіруді жоспарлауда.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда өңірлік тұрақтандыру қорында 4260 тонна көлемінде қант қоры бар. 2023 жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасына Ресей Федерациясында өндірілген қанттың килограмы 300 теңгеден әкелінді, ал біздің зауыттардың сату бағасы килограмына 400 теңгені құраған болатын. Биылғы 5 айда қант өндірісі 93,3 пайызға, яғни 81,1 мың тоннаға төмендеген. «Тараз қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 28 мамырда іске қосылды, ал «Меркі қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндірісті 4 маусымнан бастады. Маусым айында «Тараз қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 15,7 мың тонна, «Меркі қант» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 13 мың тонна қант өндіріп үлгерген.

Республика бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында қант бағасы небәрі 0,1 пайызға ғана өскенімен, жалпы алғанда бұл көрсеткіш үш ай қатарынан ұлғайып келеді. Мысалы, наурызда қант 3 пайызға, сәуірде 3,7 пайызға қымбаттады. Салыстырмалы түрде өткен жылдың мамыр айында керісінше, 0,3 пайызға арзандаған еді. Дегенмен, соңғы айлардағы бағаның өсуі кейінгі екі жылдағы қымбатшылықтың ең жоғарғы межесіне жете қойған жоқ. Осылайша, өткен жылдың мамыр айымен салыстырғанда қант бұрынғысынша 4,6 пайызға арзан. Өңірлер бойынша қант бағасы бір жылда үш облыста, атап айтқанда, Ұлытауда үш пайызға, Солтүстік Қазақстанда 2,4 пайызға және Ақмолада 1,1 пайызға өскен. Басқа өңірлерде қант бағасы бір жыл бұрынғы деңгейден төмен. Алайда, соңғы айлардағы баға динамикасы мен өндіріс көрсеткіштерін ескерсек, бағаны ұстап тұру мүмкін емес сияқты. Өкінішке қарай, орын алып отырған ахуалға қарап қант тапшылығын болжау қиындық тудырып тұрған жоқ.

Мамырда түйіршіктелген қанттың орташа бөлшек сауда бағасы килограмына 420 теңгені құрады. Бұл былтырғы мамырдағы көрсеткіштен азырақ. Ол кездегі көрсеткіш бір килограмм үшін 440 теңге болғанымен, орташа есеппен бір килограмм құмшекер 274 теңге болған, бұл 2021 жылдың мамырымен салыстырғанда айтарлықтай қымбат.

Енді өңірдегі ахуалға ойыссақ. Жауапты мамандардың мәліметіне сүйенсек, биыл қант қызылшасы дақылы 11,1 мың гектарға егілген. Орташа өнімділікті гектарына 57 тоннадан есептегенде 640 мың тоннадан астам қант қызылшасын алу күтіліп отыр. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жататын қанттың инфляциясы жыл басынан бері 5,1 пайызды құрайды. Бұл ретте, шілдедегі статистика деректері бойынша соңғы аптада қант бағасы 2 пайызға төмендеді. Яғни, 403 теңгеден 395 теңгеге дейін арзандаған. Ал облыс зауыттарындағы қанттың сату бағасы килограмына 355 теңгені құрайды.

Сәт санап құбылып тұрған экономикалық ахуалға қарап қандай да бір нақты болжам жасау қиын. Дегенмен есеп, статистика, бағаларды салыстыру – келешектегі қиындықтардың алдында қам жасау үшін жүргізілетін жұмыс. Осыны ескерсек, жоғарыдағы деректерге көз жүгірту барысында қант тапшылығына ұрыну ықтималдылығы тым жоғары екенін түсінеміз. Былтыр Ресейден арзан бағада келетін қант өндіріске соққы болды. Ал импортты шектеу арқылы қантқа мұқтаж болып қалмаймыз ба? Шаруалар қант өндірісін уәде еткен межеге жеткізе ала ма? Мұның жауабын астық қамбаға түскенде білеміз.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар