Елге беделді, ел ісінде белсенді

Елге беделді, ел ісінде белсенді
Ашық дереккөз
Ұрпақ тәрбиесі, атаның кейінгі толқынға деген тағылымы қашанда маңызды. Бұл облыста қоғамдық жұмыстардың көш басында жүрген қазына кеуде ақсақалдарға етене таныс мәселе. Біз оны Меркі ауданында өткен «Облыс ардагерлеріне қолдау көрсету орталығының қызметін ұйымдастыру» атты аймақтық семинар-кеңес барысында тағы да байқадық.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам. Адал еңбек. Адал табыс» бастамасын және «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамедовтың «Іскерлік және жанашырлық» атты қанатқақты жобасын жүзеге асырудың маңызы жоғары.

Меркі ауданындағы іс-шара Ақтоған ауылынан басталды. Қонақтарды осы жерден Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубеков бастаған ұйымдастырушылар ұлттық дәм ұсынып, қарсы алды. Көпшілікке 84 жастағы қарт Қайнаркүл Тәттіқұлова мен жыршы-термеші Бейбіт Шошабаев жырдан шашу шашты. Біздің бір байқағанымыз, бұл жиын қағаздағы қатталған баяндаманы оқуға емес, атқарылып жатқан нақты істерді көруге негізделді. Мәселен, Ақтоған ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Олжабек Қосубаев ауыл азаматтарымен бірлесіп атқарып жатқан игі істеріне тоқталды. Ақтоғанда соңғы жылдары «Асар» жобасы бойынша 7 үй жаңадан салынса, 7 баспана күрделі жөндеуден өтіпті. Округте 4014 тұрғын болса, әр отбасының мәселелері үнемі назарда. Ауылда анаға құрмет өте жоғары. Айталық, 8-наурыз мерекесі қарсаңында 250 анаға бүкіл ауыл азаматтары құрмет көрсеткен. Ал, ауылдың такси жүргізушілері бір күн бойы аналарға тегін қызмет еткен. Округтің 30 жастағы әкімі Данияр Әбіразақ үнемі ақсақалдармен ақылдасып, батасын алып отырады. Аталған жиын барысында Меркі ауданының Құрметті азаматы Серік Құралбаев Ақтоған ауылынан да белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылса деген пікірін білдірді.

Мұнан соң, семинарға шақырылған қонақтар Меркі аудандық өлкетану мұражайының, еңбек ардагері Бөрібай Кендірбаев ашқан күрделі металл заттар жасау цехының, аудандық Қ.Жандарбеков атындағы жастар өнер мектебінің жұмыстарымен танысты.

Бұдан кейін, тау бөктерінде орналасқан «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагерінде семинар кеңес жұмысы басталды. Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, меркілік ардагерлердің ынтымақты жұмыстарына алғысын айтты.

– Ардагерлердің жұмысы үнемі белсенді жүруі тиіс. Қазіргі таңда елімізде ардагер кәсіпкердің үлгілі істері көп насихаттала бастады. Сіздердің аудандағы белгілі кәсіпкер «Сыпатай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Шайхиевты, ардагер кәсіпкерлер Мақсұт Несіпбаевты, Зиятхан Шерадзені осы қатарға жатқызуға болады. Мемлекет басшысының пәрменімен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясына ардагерлер де белсенді үлес қосуда. Әріптестерімді әрдайым белсенді болуға шақырамын, – деді ол.

Ал, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова алдыңғы толқын ардагерлердің белсенді жұмысына алғысын білдірді.

Сондай-ақ аудан әкімі Жорабек Баубеков сөз алып, ардагерлерге жасалып жатқан қамқорлыққа кеңінен тоқталды. Аудан басшысы өз сөзінде: «Аудандық ардагерлер кеңесі мен Аналар кеңесі ауданның барлық білім беру мекемелерінде ұрпақ тәрбиесі, отбасы құндылықтары тақырыптарында тәрбиелік-танымдық кездесулер өткізуде. Биыл ардагерлер кеңесінің қатысуымен аудандағы тойханалар мен ойын-сауық орындарының басшыларымен кездесулер өткізіліп, той, ас, жаназа өткізу дәстүрлері, балалардың еңбегін пайдалануға жол бермеу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері түрлі комиссиялардың құрамына мүшелікке қабылданып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып жүр. Мәселен, қайтарымсыз грант, жер, аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бірқатар тағы басқа да комиссиялардың құрамына міндетті түрде ардагерлер кеңесінен мүшелер қабылданады.

Сонымен қатар, ақсақалдарымыз патриотизмді ілгерілету мәселесін жолға қойып, ауданның білім беру мекемелерінде жастармен 37 кездесу өткізді. Биыл еліміздің солтүстік аймақтарында су тасқыны орын алғанда ауданымыздан 30 тонналық 3 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жіберілсе, аудандық аналар кеңесінің бастамасымен 200 көрпе қолдан тігіліп көмек ретінде жіберілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспарына сәйкес, ауданымызда «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын» ашу жұмыстары басталып кетті. Бұл орталықтың жұмысы халықтың салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыруға, қарттарымыздың әлеуметтік және психологиялық әл-ауқатын жақсартуға, егде жастағы адамдардың қоғам өмірінің әртүрлі салаларына, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады. Сондай-ақ, ауданда арнайы ардагерлер үйін ашу қолға алынып, мемлекеттік автомобиль инспекциясы ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, ардагерлер үйін жасауға – 88,9 миллион теңге қаражат бөлініп берілді, – деп атап өтті.

Жиында ардагер кәсіпкерлер Қанат Шайхиев, Бөрібай Келдірбаев, облыстық «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов та өз ойларын ортаға салды.

Іс-шара барысында Гүлдара Нұрымова, Еркінбек Солтыбаев, Жорабек Баубеков «Аялы әже» кітабының тұсауын кесті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Меркі ауданы

Ұқсас жаңалықтар