«Көне дәуірден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды. Рухымызды көтеріп, мерейімізді өсірген қара домбыра асыл мұрамызға, ұлттың символына айналды. Біз оны жан-жақты дәріптей береміз» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Әсет пен Әміренің рухы сіңген, Жошының ұлын жоқтаған, халықтың мұңын күй етіп, даланың сырын сақтаған домбыраның қашанда қадірі асқақ, киесі мол.
«Дариға, домбырамды берші маған» деп мұзбалақ ақын Мұқағали жырлағандай, даналығының дариясы кең дархан даланың мәңгілік қазынасы да – мәртебелі домбыра. Бүкіл елдің тарихын бір күймен жеткізетін құдірет те сол. Онда елдің мұңы, «тар жол, тайғақ кешкен» тағдыры, өткені мен өшпес өнегесі, арманы мен аманаты, парасаты мен пәлсапасы бар. Ұлттық домбыра күнінің күнтізбеден өрнектеле орын табуының өзі де халқымыздың осынау қасиетті аспабына деген риясыз құрметін білдірсе керек.
...Бір боранда, бір жаңбырда,
қазақ көшті қырдан-қырға,
Күй де көшті қырдан-қырға,
іздеп бізді – келешекті.
Барлық дала – бір домбыра, – деп марғасқа ақын Жұмекен Нәжімеденов жырлағандай, расында, бүгінгідей құндылықтар алмасып, ар мен ақша, намыс пен нарық «дуэльге» шыққан алмағайып уақытта күйдің «күйі» болмай, ұмыта бастаған ұрпағына риясыз ренішпен мұңайып қараған қарияның халін елестетіп тұрғандай. Абай Құнанбайұлының «…жан қуаты әуелден кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам ол қуатын зорайтады, ескерусіз қалса, ол қуаттар жоғалады, не аз-маз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсе жарамайтын болады. Адам ішіп-жеп тән қуатын ғана ойламай, жан қуатын да жетілдіруі үшін қам жеуі керек» деп айтқан тұғырлы тұжырымы бар. Ал, адамзаттың жан қуатын арттыратын, халқымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін, ұлттық мәдениетіміздің деңгейін көрсететін асыл қазыналарымыздың бірі – домбыра.
Бүгінгі буынның алдында домбырадай асқақ мұраларымызды жастардың санасына сіңіртудің жаңаша жолдарын табу міндеттері тұр. Бұл туралы әйгілі «Көне Тараз күмбірі» күйінің авторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Аман Малдыбаев әрбір бала дүниеге келгеннен ұлттық құндылықтармен тәрбиеленуі керек деп санайды.
– Қазір қоғамдағы түрлі өзгерістер, жаһандану, ғылыми технологиялар ұлттық құндылықтарымызды барынша ысырып бара жатқаны жасырын емес. Құндылығымызды сақтап қалудың жалғыз жолы – тәрбие. Әрбір отбасының қазақи дәстүрімізге, қастерлі салтымызға көзқарасы дұрыс болса, ол шаңырақта дүниеге келген бала да ұяда көргенін істейді. Кеңестік кезеңде орыстандыру саясаты тұсында санасы тұманданған адамдардың ұрпақтары қазіргі таңда домбырамызға да жат көзбен қарайтынын көріп жүрміз. Оған қоса қазір біз көзді ашып-жұмғанша ұмытылып кететін жалтыраған нәрселерге құмармыз. Ол құмарлықтың соңы рухани құлдырау мен құрдымға апарары анық. Сондықтан әрбір шаңырақта домбыра болуы тиіс және ол тек сән үшін ілініп тұрмауы керек. Ұлттық сана балаға бесік жыры арқылы беріледі. Сол арқылы баланың патриоттық сезімі, отансүйгіштігі оянады. Бізде қазір балаларды ата-ана емес, өкінішке орай смартфондар, ондағы қисынсыз әрі қисапсыз ақпараттар, гаджеттер тәрбиелеп жатыр. Қоғамдағы үлкенді сыйламау, қатыгездік дегеннің барлығы құндылықтарға деген құрметтің жоқтығынан орын алып отыр. Саналы ғұмыры аттың жалында өткен ата-бабаларымыз жаугершілік заманда да, небір нәубет кезеңдерінде де, сұрапыл соғыстарда да домбырасын қолынан тастамай, құндылықтарын ұмыт қалдырған емес. Ал, бүгінгідей берекелі бейбіт заманда сол киелі құндылықтарымызға лайықты құрмет көрсете алмай жүргеніміз жанға батады. Сондықтан әрбіріміз домбырамызды қызғыштай қорып, көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Домбыра – біздің бойтұмарымыз. Өз құндылығымызды өзіміз қадірлемесек, ол ешкімге керек емес. Ал, домбыраға бейжай қарайтын, оны қаралайтын адам, идеологиялық тұрғыда ол халықтың жауы деп айтар едім, – дейді белгілі күйші Аман Малдыбаев.
Жамбылдың жыр жолбарысы жортқан, Кененнің «Көкшолағы» кезген Әулиеата жерінде домбыраға деген құрмет айрықша. Мәселен, «Домбыра үйрету әдістемесі» электронды оқулығының авторы Ержан Рысметов ұлттық құндылықты ұрпаққа ұмыттырмай, ұлықтау үшін насихаттау шаралары жыл он екі ай жалғасуы қажет деп отыр.
– Мектептер мен жоғары оқу орындарында домбыра сабағын енгізу арқылы балалар мен жастарды ұлттық өнерге баулу қажет. Домбыра үйрену курстары, шеберлік сыныптары ұйымдастырылып, балаларға домбыра тартуды үйрету арқылы олардың мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға болады. Сонымен қатар, домбыра күніне арналған мерекелік шаралар, конкурстар, фестивальдер тек атаулы мезетте ғана емес, тұрақты түрде әрі кеңінен насихатталуы керек. Мұндай шаралар халық арасында ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті оятып, домбыраның қадір-қасиетін арттырады. Оған қоса баспасөз, теледидар, интернет арқылы домбыра туралы ақпарат таратып, оның тарихы, маңызы, ерекшеліктері туралы және танымал домбырашылардың шығармашылығын насихаттау маңызды. Домбыра күні – қазақ халқының рухани құндылықтарын сақтап, оларды болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды мереке. Домбыраны сақтау және насихаттау арқылы біз ұлттық мәдениетімізді, бірегейлігімізді сақтап қана қоймай, оны байытып, дамыта аламыз. Сондықтан әрбір қазақ домбыраның қадірін біліп, оны келер ұрпаққа аманат етуі тиіс,– дейді Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ержан Рысметов.
Ал, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіндегі халық аспаптары кафедрасының домбыра пәнінің оқытушысы Төрехан Курпебаев домбырамен қатар басқа да ұлттық аспаптарымызға құрмет көрсетілмесе, талай мұрадан көз жазып қалатынымызға алаңдаушылық білдіруде.
– Сананы тұрмыс билеген қазіргідей уақытта замандастарына еріп, цифрлық әлемнің сиқырына алданбай, ұлттық құндылықпен сусындап өсіп келе жатқан жастар арасында домбыраға құштар таланттардың өнері көңіл қуантады. Балабақшадан бастап, мектептерде де домбыра үйірмелері көбейіп келеді. Дегенмен, қоғамда осынау қасиетті құндылықтарымызға діни, жат ағымдық немесе жаһандық я болмаса басқа да көзқарастағы базбіреулер күйе жаққысы келетін жайттар көбейді. Бұл өте қауіпті мәселе. Себебі, ондай арам пиғылдылар құндылықтарды қаралау арқылы тікелей ұлттың болашағына балта шауып отырғанын ұмытпағанымыз жөн. Жалпы, домбыраның үні, ол – бабаларымыздың үні. Сондықтан алдағы уақытта домбырамызды және басқа да құндылықтарымызды қорлағандар еліміздің Ата Заңына сәйкес жазалануы тиіс деп санаймын. Соған қарамастан еліміздің домбыраға деген құрметі артпаса, азаймайтыны анық. Мемлекет басшысы да домбыра күнін атап өтуге басымдық бергені, бабалар мұрасына деген мәңгілік құрметтің бір көрінісі. Тек осы ретте домбырамен бірге біздің сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз секілді ұлттық аспаптарымыз да шет қалмаса екен,– дейді Мәдениет саласының үздігі, алты жасынан домбыра тартып, ұлттық өнерге отыз жылдан аса өмірін арнаған Төрехан Курпебаев.
Жалпы, өңірдегі Айбол Құдайбергеновтің «Көне Тараз күмбірі», Марат Бердіғұловтың «Шахристан», «Әулиеата толғауы», Шолпан Қорғанбектің «Төрткүл түмені», «Қасиетті Тараз», «Батыр Бауыржан», Қуаныш Ахметовтің «Қарахан батыр», Есжан Әміровтың «Айша бибі», Руслан Қойшыбаевтың «Қарахан баба», Тоғжан Жахиннің «Кенен ата ізімен», Қалихан Сапаровтың «Тараз толғауы», Дулат Байзілдаевтың «Ақыртас», Ғибадат Тұрғалиевтің «Тарихи Талас», Мұхтарбай Рахманқұловтың «Аңырақай шайқасы», Әбдімомын Желдібаевтың «Әулиеата», Аман Малдыбаевтың «Көне Тараз» туындылары мұқым елге мәшһүр. Осы тақылеттес, тек домбыраның үнімен жүрекке жететін күйлер бүгінгі таңда өзінің көркемдік қуатын да, тәрбиелік мәнін де, эстетикалық идеалын да жойған жоқ. Сондықтан қазыналы аспабымызды тек қана домбыра күні немесе наурыз мерекесінде ғана қолға алмай, өскелең ұрпаққа күнделікті насихаттасақ, одан ұтылмасымыз анық. Себебі, ол – ұлтымыздың, рухани құндылығымыздың мәңгілік символы, сарқылмас қайнары.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- 3 желтоқсан, 2024
Халық театрларының халі мүшкіл
- 3 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді