Жиында алғаш құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Әбілқайыр Тамабек тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтитын қуатты өндіріс орындарын ашудың маңыздылығына тоқталды. Облыс әкімінің орынбасары аймақта бағыттағы жұмыстар Президент тапсырмасы аясында кешенді түрде жүргізіліп жатқандығын айтты.
– Мемлекет басшысы экономикалық өнім түрлерін кеңейту мақсатында өңірлердегі өндіріс ошақтарын жаңартып, бірқатар жаңа өндіріс орындарын ашуды да тапсырған болатын. Осы мақсатта өңірде құрылыс индустриясын дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру басты мақсатымызға айналып отыр. Өңірде 117 кәсіпорын тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Бүгін осы қатарды «ALASHPROM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі толықтырды. Зауыт құрылысына жергілікті бюджеттен 50 миллионнан астам қаражат көлемінде қолдау көрсетілді. Алдағы уақытта да мемлекет тарапынан өнімді өндіру мен өткізуге қатысты барлық қолдау көрсетілетін болады, – деді Ә.Тамабек.
Жалпы қуаттылығы жылына 50 мың текше метрді құрайтын зауыт әртүрлі өлшемдегі автоклавты газоблоктан бөлек, құрамы күшейтілген желім, қарапайым желім, сылақ секілді құрғақ құрылыс қоспаларын шығарады. Зауыт бүгінде 85 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Аталған жоба «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылған. Өндіріс басшысы Талғат Жолтаев аталған зауыттың нарықта бәсекеге қабілетті өндіріс орнына айналатындығын атап өтті.
– Өңір экономикасының әлеуетін арттыру мақсатында зауыт құрылысына бел шешіп кірістік. Бүгінде мұндай өндіріс орындары Алматы мен Шымкент қалаларында ғана орналасқан. Мұндай зауыттарға өзге елдерде орташа есеппен 7 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалады. Жергілікті атқарушы биліктің кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бастамалары арқасында аталған зауыт 1 миллиард 620 мың теңгеге реконструкцияланып, іске қосылды. Жаңа ашылған өндіріс орнына көрші өңірлердегі әріптестеріміз оң бағасын беруде. Бүгінгі күннің өзінде көрші Қырғыз Республикасы тарапынан газоблокқа сұраныс түсіп отыр. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды қолға алуға ниеттіміз. Бүгінгі күнде зауытта өндірілетін өнімдер нарықта бәсекеге қабілетті болғандықтан облысымыздың экономикасына тигізетін әсері үлкен деп есептейміз, – деді зауыт құрылтайшысы Талғат Базарбекұлы.
Айта кету қажет, облыста құрылыс индустриясындағы негізгі кәсіпорындар – портландцемент өндіретін «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, құрылыс гипсін және оның құрылғыларын өндіретін «Жамбылгипс» АҚ, темірбетон бұйымдарын, бетоннан жасалған құрылыс құрастырмалы құрылымдарын өндіретін «Ғимарат Темірбетон» ЖШС, «Жамбылхимстрой» ЖШС сияқты өндіріс орындары жұмыс істейді. Аталған өндіріс орындарының өнімдері Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне экспортталады.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ана мен бала мемлекет қорғауында
- Бүгін, 09:57
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді