Тұрсынхан Толқынбайұлы «Еңбек ардагері» атанды

Тұрсынхан Толқынбайұлы «Еңбек ардагері» атанды
Ашық дереккөз
Аймақтың шежірешісі – «Aq jol» газеті «Еңбек туы» аталатын кезінен бері тілшілік тіршілікте табан аудармай қызмет еткен басылымның ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Тұрсынхан Толқынбайұлы бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесінде еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан «Еңбек ардагері» төсбелгісін тағып, елордадан аймақ журналистикасының абыройын арттырып қайтты.

Елорда төрінде журналистер мерекесіне орай бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «Құрмет» ордені, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, Президент Алғысы және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Айтулы күнде республиканың түкпір-түкпірінен келген БАҚ саласының қызметкерлері Орталық коммуникациялар қызметі алаңында бас қосты. Мемлекеттік наградаларды Президент кеңесшісі – Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады.

– Президент үнемі бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан материалдарға назар аударып, газеттерді оқып, теледидарды көріп, сайттарға көз жүгіртіп отырады. Барлығын назарда ұстайды, арнайы тапсырмалар беріп, шешу жолдарын көрсетеді. Сол себепті сіздердің қоғамдағы орындарыңыз өте зор. Шын мәнінде «Төртінші билік» атына лайық екендеріңізді дәлелдеп жүрсіздер. Мемлекет басшысының реформаларын жан-жақты халыққа жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдары үлкен рөл атқарып отыр, – деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, биылғы мерекенің басты ерекшелігі – мемлекеттік наградаларды тапсыруда дені өңірлерде, нағыз ақпарат алаңында жүрген әріптестерге басымдық берілуде. Салтанатты сәтте министр Аида Балаева журналистер қауымын төл мерекесімен құттықтады.

– БАҚ өкілдері – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір. Сондықтан осы мемлекетте тұратын әрбір азамат сіздердің жұмыстарыңызды бағалайды. Өйткені, сіздер арқылы қоғамның көптеген өзекті мәселелері айтылады және бұл мемлекеттік органдардың жұмысын жандандырып, жетілдіруге ықпал етеді. Сондықтан осы маңызды еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін. Әрқашан елімізде жақсы жаңалықтар көп болсын. Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді А.Балаева.

Осылайша, мерейлі сәтте еліміздің ақпарат саласында сүбелі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар марапатталды. Солардың арасында жерлесіміз, аймақтағы ата басылымның аға буын өкілі, белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбайұлына «Еңбек ардагері» медалі тапсырылды.

Өзінің ғасырдан аса ғибратты ғұмырында аймақ тыныс- тіршілігінің айнасы болып келе жатқан облыстық газетке тілші болып қабылданып, аға тілші, партия тұрмысы, сонан соң экономикалық бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, зейнет жасына толғаннан кейін бас редактордың кеңесшісі болып еңбек етіп, басылымның бар баспалдағынан бейнетпен өткен, күні бүгінге дейін осы басылымның тұрақты оқырманы, газет жанашыры болып жүрген Тұрсынхан Толқынбайұлын кезекті беделді белесімен құттықтап, отбасына амандық, шығармашылығына шабыт, табыс тілейміз.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар