Қазақтың көрнекті тұңғыш режиссері Асқар Тоқпановтың есімі берілген облыстық қазақ драма театрында халықпен тығыз қарым-қатынасты қалыптастыру, көрерменнің жалпы мәдени деңгейін көтеру мақсатында бірталай жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сондай тәлім-тәрбиелік маңызы бар жобаның бірі – «Біз театрға барамыз!» жобасы.
Қоғамда қазіргі таңдағы қиын мәселе – балаларды смартфонсыз елестету мүмкін еместігі. Себебі, кішкентай балаларымызға телефон ұстатып, мультфильм, әуен, тағы басқасын қосып береміз. Бұған әбден үйренген бала смартфонсыз жұбанбайды да. Мектеп жасына келгенде де кітап оқудың орнына барлық бос уақытын смартфонмен өткізеді. Ендеше, баланы гаджеттерден тәуелсіз етудің жөн-жобасын қарастыруымыз керек секілді.
Міне, осындай тығырықтан шығу және бүгінгі өзекті проблемаларды шамалы болса да шешу мақсатында балабақша бүлдіршіндері мен мектептің бастауыш білім алушыларына арналған театр репертуарындағы ертегілер, әртүрлі драмалық және психологиялық шығармалар, символикалық композиция, комедия мен трагедиялық қойылымдар айына бірнеше мәрте сахналануда.
Театрға келудің басты пайдасы – көрерменнің кітап оқығанмен тең білім алатындығы. Әрбір қойылым бірнеше күн жүріп оқитын кітаптың оқиғасын 50 минут немесе 1 сағатқа сыйғызып, көз алдыңда тірі кейіпке енгізіп, жанды дауыста және жанды бейнеде көрсетіп береді. Бұл деген керемет емес пе?! Қаншама уақыт үнемделеді. Театрға келіп, қойылымдарды көрген адам энциклопедия-википедияға кіріп, түсінігін одан әрі толықтыру мүмкіндігіне ие болады. Сөз сөйлеу мәнеріне аса мән береді. Сол арқылы өзін тәрбиелей алады.
Театр тарихында өмірлерін өнермен байланыстырып, ерекше құрмет қалыптастыра білген Тұңғышбай Жаманқұлов, Асанәлі Әшімов, Гүлжамал Қазақбаева сынды тағы да басқа өнер адамдарының есімі тарихта мәңгіге қалады. Себебі, өскелең жас ұрпақ осы аттары аталған өнер саңлақтарын өздеріне идеал тұтады. Демек, халқымыздың бітім-болмысын оның өнерінен және сол киелі өнерді дәріптеп жүрген өнер иелерінен көруге болады.
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Біз театрға барамыз» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталай кетсек, үстіміздегі жылдың ақпан айында театр репертуарындағы бастауыш білім алушыларына арналған драматург Сәнтөре Пірмановтың «Төрткүл ханзадасы» тарихи-аңыз ертегісін сахналап, қойылымнан кейін балалармен өлкеміздің тарихын кең ауқымда тереңірек түсінулері үшін «Төрткүл» тарихи музейіне саяхат жасадық.
Экскурсия барысында Тараз қаласындағы Ыбырайым Сүлейменов көшесінде орналасқан «Төрткүл» кешені IX ғасырда бой көтергендігі, тарихи деректерде бұл нысанның ХІІІ ғасырға дейін ірі сауда орталығы болғандығын, «Төрткүл» керуен-сарайына зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 80-жылдардан бастап жүргізіле бастағандығы туралы деректермен таныстырдық. Оқушылар өздерінің туған өлкесі жайында көптеген қызықты және пайдалы ақпараттар алды.
Сонымен қатар, аталмыш жобада театр өнерінің терминдерімен таныстыру: актер, театр, грим, ертегілердің иллюстрацияларын, ертегі кейіпкерлерінің, атақты актерлердің портреттерін қарау, театрдағы музеймен таныстыру, сөз мәдениеті мен көрермен мәдениеті, театр өнерінің ерекшелігі, қойылым туралы әңгіме өрбіту, мерекелерге арналған әртүрлі костюмдердің үлгілерімен тігін бөлімінде киім тігу жолдары сияқты мәліметтер берілді.
Бұдан өзге, биылғы жылдың жаңа маусымына көрермендерге бірнеше жаңа қойылымдар премьерасы ұсынылуда. Бұл деген көрермендеріміздің жанына азық болар жақсы, рухани дүниелер дайындалып жатыр деген сөз.
Жүсіпбек Аймауытов айтқандай: «Театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны! Шын мәнінде онда ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қасірет секілді қасиеттердің ара жігін көрсетеді. Бұл бойына адами, рухани құндылықты жинаған адамдар легін көбейтіп, елдің, қоғамның ортақ рухани жетістігін арттырады».
Олай болса, театрға бет бұрып, мақсатты және жоспарлы түрде келуді жаппай қолға алатын кез келді, құрметті талғамы биік көрермен!
Гүлнұр ӘДІЛХАНҚЫЗЫ,
Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әкімшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді