«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Домбырашылар әулетіндегі қуаныш

Домбырашылар әулетіндегі қуаныш
Ашық дереккөз
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы» КММ-де Ұлттық Домбыра күніне орай «Домбырам – асыл қазынам» атты танымдық сағаты өтті.

Ғасырлардан ғасырларға, ұрпақтан-ұрпаққа бабалардың үнін жеткізіп, Ұлы Даланың сазды сарынын жырлаған қазақтың қасиетті қара домбырасы – ұлттық руханиятымыздың бастау бұлағы, мәдени мұрамыз. Сондықтан кешті ұйымдастырушылар домбыра шерту, күй ойнау өнері арқылы домбыра тартуға мектеп оқушыларының, жасөспірімдер мен білімгер жастардың қызығушылығын ояту, ұлт аспабын құрметтеуге баулуды, ұлт құндылықтарын насихаттауды басты мақсат тұтты.

«Домбыра» сөзі кей деректерде көне шумер тілінен аударғанда «кішкене садақ» деген мағынаны білдіреді екен. Ал белгілі зерттеуші Хайролла Жүзбасовтың пікірінше, домбыра сөзі «дөп бұра», «дәл бұра» деген тіркестен туған деседі. Бұл пікірді ақын Қадыр Мырзаәли де бәрімізге таныс мына өлең жолдарымен қоштағандай: «Қос ішектің бірін тарт та, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра».

Еврей халқын айтқанда сызыла сайрайтын скрипканы еске алсақ, қазақ дегенде құлағыңа күмбірлеген күйі келетін қасиетті домбыра да ұлтымыздың төлқұжаты болды деп іс-шараны жүргізген орталық қызметкері Назым Қожамарова жиынға келген қонақтарды аспап туралы ел ауызындағы қызықты мағлұматтармен таныстырды. Орталық қызметкері Гүлгауһар Бүркітбаева-Қашкеева да кештің мәдени-әдеби көрігін қыздырып, балдырған дарындардың бар өнерін салуға мүмкіндік жасапты.

Нәтижесінде, күні кеше ғана мәңгілік сапарына аттанған жамбылдық композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін Мырзақұл Бекасыл мен Ералы Мұратұлы есімді жас өнерпаздар нәшіне келтіре орындады. Бауыржан Момышұлы атындағы қазақ классикалық гимназиясының оқушысы, Жаңабевтар отбасылық ансамблінің мүшесі Нұрқанат Жандарбек Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін, қалалық мектеп оқушылары Айша Гайсина мен Асылай Сәбитқызы «Көңіл толқыны», «Нар ағашы» күйлерін ұлт аспаптарында шебер тартса, Аса ауылының 9-сынып оқушысы, әуесқой домбырашы Аңсар Сағынтай сал-серілердің ізімен, қазақтың қоңыр даусымен әсем әннен шашу шашты.

Айзере Жандарбек сазында бірнеше аспаптың үні үйлескен жетігеннің құдіретті әуенін көпшілікке паш етті.

Әдемі кешке арнайы шақырылған осы жолдардың авторына домбырашылар әулетінің перзентінің тұсауын кесу құрметі берілді. Қазақы салттың көрінісін өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, тәй-тәйлап басқан Айя есімді бүлдіршініміздің тұсауын кесіп, апыл-тапыл басқан қадамына ақ жол тіледік.

 

Үміт БИТЕНОВА

Ұқсас жаңалықтар