Шанхай кинофестивалі – әлемдік «А» санатына жататын ірі 10 доданың бірі екенін ескерсек, қазақ фильмінің бұл табысын әлемдік кинодағы тарихи жеңіс деуге болады. Өйткені, осыған дейін Канн, Берлин, Венеция тәрізді «А» санатындағы фестивальдердің бірде-бірінен қазақ киносы бас жүлде алып көрмеген. Киногерлердің айтуынша, Шанхайдағы биылғы халықаралық байқауға барлығы 105 елден 3700-дей өтінім түскен екен. «Алтын кубок» жүлдесіне 29 ел мен аймақтан бес номинация бойынша 50 кинотуындыны іріктеп алды. Осылардан таңдалған толықметражды 14 фильмнің ішінен «Талақ» ең үздігі деп т анылған. Кейіпкерлерінің тағдырын әлемдік, бүкіл азаматтық деңгейде шебер көрсете алуы фильмнің ең басты ерекшелігі деп табылған. Фильм Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» әңгімелері желісімен түсірілген. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарын суреттейтін туындыға күштеп ұжымдастырудың салдары, сол замандағы халықтың тұрмыс-тіршілігі мен мінезі, әйелдің ауыр тағдыры арқау болған. Фильмнің сценариін Даниярдың өзі жазған, бас режиссері де өзі.
Жалпы, Данияр Саламаттың туындыларының дені әлеуметтік драма жанрында болып келеді. Бұған дейінгі түсірген «Ажалын қуған адам», «Жөшә», «Әкем екеуміз», «Кішкентай», «Сағынтайдың бірінші әйелі», «Біздің үй», «Бәйтерек» қысқаметражды фильмдерінің қай-қайсысы да астарлы ойы бар, көкейкесті әлеуметтік тақырыпты қозғайды. Осылардың ішінде «Жөшә» 2005 жылы «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалінде бас жүлдені, Ташкенттегі «Ижоди Парвоз» жастар кинофестивалінде «Үздік режиссерлік жұмыс» жүлдесін жеңіп алды. 2015 жылы «Сағынтайдың бірінші әйелі» фильмі Германияның Котбус қаласында Шығыс Еуропа фильмдері кинофестиваліне конкурстан тыс қатысып, арнайы жүлдеге ие болды. 2019 жылы «Біздің үй» фильмі Римде өткен «Азия» фильмдері кинофестивалінде «Қазылар алқасының арнайы жүлде сін» иеленді. Енді міне, әлемдік деңгейдегі бас жүлдеге де қол жетіп отыр.
Талантты кинорежиссер Данияр Саламат 1970 жылы Қордай ауданының Кенен ауылында туған. 1987 жылы сондағы орта мектепті бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсті. Алғашқы курстан соң «Қордай шамшырағы» газетіне өндірістік тәжірибеден өтуге келген кезі де есімізде. Сол кезден- ақ оның астарлы әңгіме, очерк, киносценарий жазуға талпыныстарын байқаған едік. Бірақ, ол өнердегі өз жолын кинодан іздемек болды. Үш жыл Солтүстік Теңіз флотында сүңгуір кемеде әскери борышын өтеп келді. Сырт өмірді көріп, оң-солын танып, шыңдалып келісімен Т.Жүргенов атындағы театр және киноинститутын «кинодраматургия» мамандығы бойынша Әкім Тарази мен Сатыбалды Нарымбетовтың шеберханасында (класында) 1998 жылы бітіріп шықты. Содан бері кино саласында.
– Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ғана қатысатын бұл додаға алғашқы іріктеуден өтудің өзі оңай болған жоқ. Өздерінің есебі бойынша бастапқыда Шанхай халықаралық фестиваліне дүние жүзінен төрт мыңға тарта фильмнен өтінімдер түскен көрінеді. Бірнеше кезеңдік сұрыптаулардан өткен елу шақты туындының, одан ақтық сынға жіберілген толықметражды 14 фильмнің қатарынан табылғанымызды қанағат тұттық. Осының өзі үлкен жетістік еді. Шынын айтсам, мен жеңімпаздарға тілек айтып, қол шапалақтап қана қайтармыз деп ойлағанмын. Соңғы күндері елден Амира Омарованы ұшақпен шұғыл алдыруды талап еткенде ғана бір жақсылықтың нышанын сездік. Сөйтсек, оған фестивальдің «Үздік әйел рөлі» сыйлығы ұйғарылыпты. Ал, фильміміз бас жүлдені иеленгендегі қуаныштың жөнін айтып жеткізе алмаймын.
«Талақ» – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржысына түсірілді. Басты рөлдерді орындаған Ерболат Әлқожа мен Амира Омароваға, басқа да актерлерге, киноны түсіруге қатысқан продюсерлер мен операторларға, қолдау білдірген барша әріптестерге айтар алғысым шексіз, – дейді Данияр Саламат. Оның айтуынша, «Талақ» – бүгінгі таңда өзектілігі арта түскен әйел теңдігі, ана мен бала проблемаларын көтеретін трилогияның басы. Алдағы уақытта 30 жылдардағы ашаршылық, соғыс жылдары тылда еңбек еткен әйелдер тақырыбы жаңа фильмдермен жалғасын таппақ.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қордай ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 31 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді