Қоржынында қазақ және әлемдік драматургияның көптеген жауһар туындылары бар өнер ордасы бұл шығармашылық маусымда төрт күрделі қойылымды сахналаған. Театр директоры Мәлік Ақүрпековтің айтуынша, қоғамға ой салар мұндай шығармалар артистер қауымының шарболаттай шыңдалуына өз септігін тигізеді.
– Бұл маусымда бас-аяғы 241 қойылым көрермен назарына ұсынылды. Осы кезеңде 33 мыңнан астам көрермен театр табалдырығын аттады. Сондай-ақ, осы маусымда театр репертуары төрт жаңа қойылыммен толықтырылды. Олардың үшеуі ересектерге, біреуі жас бүлдіршіндерге арналды. Атап айтқанда, «Соқыр үміт» психологиялық драмасы, «Құсалық» спектаклі, «Мәңгілік бала бейне» мен балаларға арналған «Ғажайып ертегі» қойылымы сахналанды. Биыл шығармашылық тек облыс орталығында ғана емес, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу, Сарысу аудандарындағы театрсүйер көрермендер үшін көшпелі қойылымдар ұйымдастырды. Ал, жетістіктерге тоқталар болсақ, 88-ші маусымда Қырғыз елінде Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдығына арналған театрлар фестивалінде «Ең үздік спектакль» номинациясын жеңіп алдық. Онда біздің театрдың қос артисі «Манас» медалімен марапатталды. Бұдан бөлек, Қазақстанның халық артисі, профессор Райымбек Сейтметовтің 85 жылдығына орай Түркістан қаласында ұйымдастырылған «RAIMBEK Fest» республикалық фестивалінде театрымыздың көркемдік жетекшісі Анар Сағымбеков «Ең үздік әйел образына» лайық деп танылды. Сонымен қатар, халықаралық көше театры фестивалінде театр артистері сахналаған «Суретші» қойылымы лауреат атанды. Шын мәнінде, мұның артында бүтіндей театр ұжымының еселі еңбегі жатыр. Өнер майталмандары алдағы уақытта өз биігінен түспей, театр көрермендерін қуантуға күш салады, – деді театр директоры.
Айта кетейік, қойылым басталмас бұрын жиналған жұртшылық театр музейі ұсынған фотосуреттер көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. Ал, маусымның жабылу салтанаты кезінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің ықылас гүлі тарту етілді. Облыс әкімінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев театр ұжымын кезекті маусымның жабылуымен құттықтап, шығармашылық ұжымға табыс тіледі. Енді театр ұжымы қанық эмоциялар мен керемет туындыларға толы болатын жаңа 89-шы маусымда өз көрермендерін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» қойылымымен және жас бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық бағдарламамен қарсы алатын болады.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді