Журналистердің жұмысымен танысты

Журналистердің жұмысымен танысты
Ашық дереккөз
Баспасөз қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Aulieata-Мedia» ұжымына арнайы атбасын бұрып, әріптестердің талап-тілегін тыңдап, шығармашылығына толағай табыстар тіледі.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесін Ербол Шырақпайұлы Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйіне келуден бастады.

Ғибратты тарихы ғасырдан асқан «Aq jol», «Знамя труда» газеттері мен «Ar-Ai» жастар басылымының, сондай-ақ, «Jambylinfo» ақпараттық агенттігі, «Цифрлық контент орталығының» басын бір арнаға тоғыстырған «Aulieata Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен жан-жақты танысып шықты.

Медиахолдингтің шығармашылық және материалдық әлеуетімен толыққанды танысқан аймақ басшысы өңірлік коммуникациялар алаңында сала мамандарымен жүздесіп, ұсыныс- пікірлерді тыңдады. Тілшілер тіршілігінің мән-маңызына, қоғамдағы алар орнына кеңінен тоқталды.

– Қадірлі «Aulieata-Мedia» ұжымы, ең алдымен Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңізбен кәсіби мерекелеріңіздің қарсаңында ке зде судің сәті түсіп отыр. «Aulieata-Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде облысымызда ғана емес, еліміздегі ақпарат саласындағы беделді ұжымдардың бірегейі десек қателеспейміз. Себебі, ұжым құрамындағы аймағымыздың ата басылымдары – «Aq jol» және «Знамя труда» газеттері ғасырлық тарихтан сыр шертеді. Сондай- ақ, «Аr-Ai» жастар газеті мен «Jambylinfo» ақпараттық агенттігі де жаңалықтың жаршысы, ақпарат айнасы болып үлгерді. Талай тұлғалардың ізі қалған қарашаңырақта көптеген қалам иелері еңбек етіп, өңіріміздің шежіресін жазуға атсалысты. Бүгінде «Aulieata-Мedia» ұжымы заман талабына сай жаңарып, жаңғырып келеді. Журналистердің еңбегі арқылы елдің талабы мен тілегі, ойы мен пікірі, мұқтаж жандардың өмірі айқын көрініс тауып отыр. Сіздер көтерген мәселелерді біз үнемі назарға алып отыруға мүдделіміз. Қазіргі таңда біз де өзіміздің тараптан тиісті қолдаулар көрсетіп келеміз. Сіздердің басшылық тарапынан көтерген мәселелерді мүмкіндігінше шешуге күш салып отырмыз. Бұл журналистердің күнделікті жұмыстарын тиімді атқаруына өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Жалпы, мен қашанда журналистер қауымына ашықпын. Билік пен халық арасын жалғап жүрген тілшілердің айтқан сыны шын болса, нәтиже шығаруға тырысамыз. Шын мәнінде, қазіргі таңда сіздер көтерген мәселелерді билік өкілдері назарға алып, тиісті шаралар қабылдауға дағдыланып келеді. Бұл Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға да зор пайдасын тигізіп отыр. Әрине, өңірімізде бірқатар мәселелер бар. Десе де, атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Тек соны халыққа мобильді және шынайы жеткізу қажет. Біз сыннан қашпаймыз. Бірлесе жұмыс істеуге қашанда дайынбыз. Ақпарат аламанында алдыңғы қатарда бола беріңіздер,– деп облыс әкімі әріптестердің еңбегіне табыс тіледі.

Өз кезегінде серіктестіктің бас директоры Данияр Асқарұлы медиа холдингтің жұмысымен таныстырып, жаңа цифрлық технологияларды енгізудегі жетістіктерге тоқталды.

– Жыл басынан бері серіктестіктің жұмысын одан әрі жандандыруға әріптестермен бірге барынша күш салып келеміз. Мәселен, үш басылымның жекелеген сайттары мен әлеуметтік желідегі, яғни Facebook, Instagram парақшалары арқылы оқырмандарға жылдам әрі сапалы ақпарат тарату мақсатында «Цифрлық контент орталығын» құрдық. Бұл бастамамыз өзінің оң нәтижесін беріп, қазіргі таңда үш газеттің желідегі ресми парақшаларының қаралым қамту саны 1 миллионнан асып отыр. Бұл көрсеткіш облыс халқының 80 пайызын құрайды. Сондай-ақ, біздің оқырмандарымыз газет беттеріндегі маңызды іс-шаралардың бейненұсқасын QR арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. Мұндай жаңашылдыққа республикалық басылымдардың ішінде, алғашқылардың бірі ретінде бастамашы болып отырмыз. Мұнымен қоса, жуырда ғана «Aq jol», «Знамя труда» және «Ar-Ai» газетінің сайттарын жаңа, заманауи LAVR (лавр) платформасына ауыстырдық. Ал, серіктестікке қарасты «Jambylinfo» ақпараттық порталы жыл басында республикалық деңгейде хабар таратуға көшті. Қазіргі таңда Мәдениет және Ақпарат министрлігіне ресми тіркелген 1600-ден астам сайттың ішінен ZERO және LIVEINTERNET статистикалық ресурстарының қорытындысы бойынша «Jambylinfo» ТОП-50 сайттың тізіміне кірді. Бұл – біз үшін үлкен меже! Мұнымен қоса, «Jambylinfo» ақпарат агенттігінің әлеуметтік желілердегі оқырмандарды қамту үлесі бір айда 2 миллионнан астам аудиторияға жетіп отыр. Сонымен қатар, басты жаңалықтың бірі – жуырда серіктестікке қарасты үш газетке онлайн жазылу тетігін елімізде алғаш болып Halyk Bank қосымшасына енгіздік. «Kaspi.kz», «Post.kz» қосымшалары арқылы да біздің оқырмандарымыз үйден шықпай-ақ өзінің қалаған мерзімді басылымына онлайн жазылуға мүмкіндік алды. Бұл – газеттің әрбір нөмірін күтіп, қоғамның тыныс-тіршілігінен қалыс қалмаймын деген адамға қолайлы жағдай. Аймақтың әлеуметтік-рухани дамуына бар күш-жігерімізді салып, қызмет ете береміз!, – деді Данияр Асқарұлы.

Ал, аймақтың бас басылымы саналатын «Aq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман қоғамдағы өзекті мәселелерді сын садағына алып, олардың оңтайлы шешілуіне ықпал жасау бағытындағы жұмыстардың жалғасын таба беретіндігін жеткізді. Сондай-ақ, биыл 105 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «Знамя труда» газетінің бас редакторы Людмила Мельник мерейтой қарсаңында газет тарихынан тағылымды сыр шертетін сурет көрмесі ұйымдастырылса деген ұсынысын жеткізді. Ал, жастар басылымы «Ar-Ai» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек жастар, студенттер арасында газет оқу ісін жандандыру қажеттігін алға тартты. Басқосу соңында «Aq jol» газетінің тілшісі, айтыскер ақын Есет Досалы әріптестерге арнаған арнауымен жырдан шашу шашты.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Ұқсас жаңалықтар