Ақпарат саласындағы азаматтарға құрмет

Ақпарат саласындағы азаматтарға құрмет
Ашық дереккөз
28-маусым Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жергілікті БАҚ өкілдерін айтулы мерекесімен құттықтап, аймақтың әлеуметтік-саяси ахуалын тұрақтандыруға айшықты үлес қосқан сала мамандарын марапаттады. «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде өткен салтанатты жиынға жергілікті басылымдар мен телеарналардың, ақпараттық агенттіктердің журналистері мен республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері қатысты. Жиында аймақ басшысы облыстың даму көрсеткішінің артуында БАҚ саласының рөлі зор екендігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «Отандық ақпарат құралдарының елімізде, әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты өз көзқарасы болуы керек. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты», деген еді. Бұл ақпарат саласының қоғамдағы рөлінің жоғары екендігін көрсетеді. Осы ретте Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ» деген ғұмырлы сөзі еске түседі. Бұл бүкіл ақпарат әлеміндегі журналистердің жұмысына берілген баға. Бұл жыл өңірлік журналистика саласында жаңалықтарға толы жыл болмақ.

Облыстық «Знамя труда» газетіне 105 жыл, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» мен «Меркі тынысы» газеттеріне 90 жыл және қазақ телевизиясының қарашаңырағы «Jambyl» телеарнасына 35 жыл толып отыр. Атаулы мерейтойлар кең көлемде атап өтілу керек, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жиын соңында бірқатар журналистер мерекелік марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Jasyn» ақпараттық порталының жетекшісі, белгілі журналист Оралхан Дәуіт «Құрмет» орденімен, облыстық«Aq jol» газеті редакциясының фототілшісі Ақаділ Рысмахан «Ерен еңбегі үшін» медалімен, аудандық «Талас тынысы», «Меркі тынысы мен «Мойынқұм таңы» газеттерінің бас директоры Олжас Иенберген «Шапағат» медалімен және ардагер журналист Жарылқасын Нұралиев «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен, «Jambyl-Taraz» газеті бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Сондай-ақ, мерекелік жиында облыстық мәслихат төрағасы Абдалы Нұралиев қалам иелерін айшықты мерекемен құттықтап, бірқатар журналистерге облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыс етті. Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов кәсіп иелерін қолдаудағы бастамаларға ризашылығын білдірді. «Ұлы шаңырақ» республикалық газетінің бас редакторы Жапар Сатылғанов аталған Одақтың Алтын медалімен марапатталса, ҚР Құрметті журналисі атағын ардагер журналист Қуаныш Иембердиев иеленді. Ал, «Жамбыл облысының үздік журналисі» атағын «Знамя труда» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Людмила Мельник, «Jambyl» телеарнасының шеф-редакторы Жалғас Саңғыл мен Қордай аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің бас редакторы Шолпан Сабанова алды.

Бұдан бөлек, бірқатар журналистер облыс әкімінің, Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, аймақ басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

 

Нұрболат АМАНБЕК

Ұқсас жаңалықтар