Жамбылдан қанат қаққандар…

Жамбылдан қанат қаққандар…
Ашық дереккөз
Елдегі алып ақпарат айдынында Жамбыл топырағынан түлеп ұшқан журналистердің қарасы аз емес. Оған қазақ баспасөзінің қайраткеріне айналған Шерхан Мұртазадан бастап бүгінгі қарлығаштарды мысал етуге әбден болады.

Жарко Петан есімді ғұлама: «Елдің жарқын болашағы хақында саясаткерлер, оқиғаға бай өткені турасында тарихшылар ойлансын. Ал журналистер – дәл қазіргі сәттің қаһармандары», – деген екен. Рас, дәл қазір болғанды қаз қалпында оқырман мен көрерменге боямасыз жеткізу – журналистің басты миссиясы. БАҚ саласы мамандарының кәсіби мерекесі қарсаңында аталған миссияны адал атқарып, өңірдегі жаңалықтар ағынынан суырылып шығып, алып шаһардағы ақпарат айдынына қанат қаққан журналистермен тілдестік. Олардың бірі – өмірлік серіктерін осы саладан тауып, бүгінде оңтүстік астананың тұрғыны атанған. Ал бірі – жергілікті телеарнадан түлеп ұшқан, елдегі беделді арнаның продюсері. Тағы бірі – ұшқыр қаламын жанынан тастамай, баспасөзде баянды еңбек етіп келе жатқан газет журналисі.

Қаламқас Андасбекова, «Хабар» телеарнасының продюсері:

«ЕЛІКТЕП ӨСКЕН ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ҚАТАР ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮРМІН».

– Менің журналистикаға келуіме себепкер болған жандармен бүгінгі таңда қатар қызмет етіп келемін. Қателеспесем екінші сыныпта «Болашақта кім боламын?» деген тақырыпта шығарма жазатынбыз. Сол шығармада «Дана Нұржігіт секілді танымал журналист боламын» деп жазатын едім. Өйткені, сол заманның жұлдыздары Дана Нұржігіт, Ләззат Танысбай, Қымбат Досжан сынды әпкелеріміз еді. Сол кісілерге еліктеп өсіп, бүгінде әріптес атанып, қатар жұмыс істеп жүрміз. Ал, Жамбыл журналистикасы біздің көкжиекке кең қанат жаюымызға серпін берген құтты ордамыз іспетті. Біздің негізіміз осы өңірде қаланды. Қай жерде, қай елде болмасын Жамбылдың журналистеріне сұраныс жоғары. Мәселен, үлкен телеарналарға жұмысқа орналасарда «қызметті қайдан бастадың?» деген сауал үнемі қойылады. Сонда «Жамбылда оқыдым, Таразда қызмет еттім» десек қуана қарсы алып, жұмыс ұсынуға дайын тұрады. Жамбыл журналистикасы қолына қалам ұстаған кез келген жасты шыңдап шығарады. Журналистиканың маған, менің өміріме берген нығметі мол болды. Жолдасым Олжас екеуміз осы салада танысып, табыстық. 2013 жылы отау құрдық. Ол кезде жолдасым жергілікті «Қазақстан-Тараз» телеарнасында графикалық дизайнер болып қызмет ететін. Ал мен екінші курс студенті едім. Студенттік тағылымдамадан өтіп жүргенде жұбайым екеуміз танысып, кейін отбасын құрып, бас қалаға қол ұстасып келдік. Бүгінде үш баланың ата-анасымыз. Биыл отау құрғанымызға тоғыз жыл болды. Қазіргі таңда жолдасым Amanat партиясының баспасөз қызметінде жұмыс істейді. Ал, мен «Хабар» агенттігінде продюсер болып қызмет етемін.

Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріме еңбектерінің жемісін көрсін деймін. Осындай от пен судың ортасында жүретін мамандық иелерінің отбасыларына амандық, еңбектеріне толағай табыс тілеймін.

Нұрбек Қасым, Aspan.fm радиосының жүргізушісі:

«ЖАМБЫЛДАН ЖИҒАНЫМ АЛМАТЫДАҒЫ ҚЫЗМЕТІМЕ ЖАРАП ТҰР».

– Өмірлік серігім Мөлдір екеуміз ең алғаш танысқанда, біріміз Өнер академиясын, біріміз Қазақ ұлттық университетін жаңа аяқтаған түлектер болатынбыз. Сол кездегі әлеуметтік желілердің бірінде «Махаббат қызық мол жылдарды» талқылап, бастаған әңгімеміз әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бір-бірінің жанын ғана емес, жұмысын да түсіне білетін адамдардың жолыққаны бір бақыт шығар.

Алматыға қоныс аударғанымызға бес жылға жуық уақыт болып қалды. Алғаш келген кезде аздап тосырқағанымыз болмаса, жаңа ортаға тез үйреніп кеттік. «Jambyl» телеарнасында жиып-терген тәжірибем Алматыда айтарлықтай көмегін тигізді. Бұрын режиссер, тележүргізуші, продюсер ретінде жұмыс істесем, мұнда өзім үшін жаңа сала – радиожүргізушілікті қолға алдым. Zhuldyz.fm радиосында төрт жылдан аса қызмет етіп, бүгінгі таңда жуырда қазақ эстрадасының қоңыр үні Мейрамбек Бесбаевтың бастамасымен ашылған Aspan.fm радиосының таңғы бағдарламасын жүргіземін. Бес жыл бойы радиожурналистиканың қыр-сырына қанықтым. Телеарна мен газеттің жұмыс қарқыны, тәсілі радиодағыдай емес. Радиода журналист көзден таса болады. Мұнда ештеңені көзбен көріп, қолмен ұстата алмайсың. Тағы бір ерекшелігі адамдарға сөз, интонация арқылы ғана эмоция сыйлайсың. Сырт келбетіңе көп бас ауыртпайсың. Сол жағынан еркіндік бар. Кез келген жаңа істі бастау оңай емес, бастапқыда жүрексінесің, кейін төселген соң, барлығы өз қалпына келе бастайды екен. Негізгі мамандығым режиссура болса да, өмір осылайша журналистика деген сиқырлы әлемнен бір-ақ шығарыпты. Қазір де болдым-толдым деп айту қиын, олай айтар болсам, жеке әрі шығармашылық дамуымның тоқтағаны деп білемін. Журналистикада соны із қалдырған алдыңғы буын ағалардың деңгейіне жету үшін біраз еңбектену керек, дегенмен өзімді дұрыс бағыттамын деп санаймын.

Күз келсе, қысты күтеміз. Қыстан соң, көктем шықса дейміз. Бір жақсылықты күтумен өтіп жатқан өмір ғой бұл. Журналистер күні – барлығымыздың жыл сайын асыға күтетін кәсіби мерекеміз. Бір-бірімізді шын жүректен құттықтап, марқайып қалатынымыз да рас. Отбасымызда аста-төк тойламасақ та, ерекше атап өтеміз, отбасылық мереке ретінде балалардың есінде қалса дейміз бір жағынан.

Халықтың қайғысын да, қуанышын да жеткізіп жүрген жүгі ауыр барша әріптестерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Қаламдарыңыз мұқалмасын, жазар көбейсін, шабыт шарықтасын!

Сәндібек Піренов, «Egemen Qazaqstan» газетінің «Әлеумет және спорт» бөлімінің тілшісі:

«РЕДАКЦИЯНЫҢ «КЕНЖЕ БАЛАСЫ» БОЛДЫҚ».

Талай жақсы-жайсаңды тәрбиелеген Тараз топырағы ақын-жазушы, журналистке кенде болмады. Ол кісілермен бертін келе, 2016 жылы студенттік жылдарда таныса бастадық. Келместің кемесіне мінген ағалардың бірін оқулықтан танысақ, екіншісімен көзбе-көз жүздесудің сәті түсті. Студенттік жылдарда, жаны пейіште шалқысын, Болат Мәуленов ағамыздың шақыртуымен «Университет тынысы» газетіне қабылданып, шағын ақпарат жазуға машықтана бастадық. Болат ағаның қолына түскен мақалалар қысқарады, тым құрығанда үтір-нүктесі бар, әйтеуір, ақ парақта көк сия түседі. Бет қатталарда көлдей мақалалар Арал теңізінің күйін кешеді. Мұның барлығын редакцияда біз құралпы бір топ студентке мақаланың қате-кемшілігін көрсетіп, оқушыға әріп үйреткендей тәптіштеп түсіндіруден шаршамайтын Гүлбақыт Әбсәт жақсы біледі. Ұжымда Мәуленовтің алдынан шимайсыз шығатын материалдарды жазатын да ағаның төл шәкірті Гүлбақыт әпкеміз болды. Одан кейінгі таныған кісінің бірі – Мақұлбек Рысдәулет. Әттең, марқұм Мақұлбек Рысдәулет ағаны көзі тірісінде көргенмен, жеке отырып әңгімелесу бұйырмады. Дипломның тақырыбы етіп алған «Күміс белдік» шығармасы ағамыздың шығармашылығымен кейінірек таныстым.Үшінші курс студентіміз. Қалай, қайдан ойыма сап ете қалғаны белгісіз, бірақ, қалалық «Jambyl- Taraz» газетінде келер күзден жұмыс істеймін деп шештім өзімше, құдды мені редакцияда бір кісі күтіп отырғандай. Бұл сырымды топтағы жақын деген бірер досыма айтқаным бар. Содан уақыт зулап 25 мамыр келді.М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің алаңында сабақтан шыққан бір топ студент мектеп түлектерінің қоштасу кешін қызыға да қызғана тамашаладық. Мектеп бітіргендегі мезет, сәт көз алдымызда көлбеңдейді. Кенет, жүргізуші қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің бас редакторы Эльмира-Мырза-Ғалиды ортаға шақырғанда, әлгі топтағы досымыз «Міне, қара, қазір сенің бастығың сөйлейді» деп газеттің редакторымен сырттай таныстырғаны бар. Айтса айтқандай-ақ келер жылы қалаға жол түскен бойда университетке емес, «Jambyl-Taraz» газетіне тіке тарттым. Газеттің бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали, редактордың орынбасары Бекнұр Сатыбалдиев бастаған Құралай Сейсенбекқызы, Арайлым Шабденова, Арайлы Жақсылық сынды тілші аға-әпкелердің шапағатын көрдік. Оқырманға ой саларлық сапалы дүние ұсынуды мақсат тұтқан тілшілермен қатар бет қаттаушы, корректордың еңбегі қандай?! Редакцияның «кенже баласы» болдық. Кейін, басшылық ауысып, Дәулет Төленді, Саятхан Сатылғанов сынды ағалардан түйген- білгеніміз көп болды. Мұратхан Әлімхан, Құрбанәлі Шахабай, Жұматай Көксубай, Гүлжауһар Бажақай сынды аға, қатарлас тілшілермен еңбек еттік. Тараз қаласының басты үнпарағында қолтаңбасы қалған аға буынның шежіресімен басылымның 25 жылдық мерейтойы қарсаңында таныстық. Өткенге шолу жасап, сол кездегі газеттің ұстанымын, мақсат-мұратын білдік. Қарап отырсақ, «Jambyl-Taraz» газетінде еңбек жолын бастап, облыстық «Aq jol» газетінде де жеті ай еңбек етіппін. Тарихи басылымның табалдырығын аттаған күннен бастап Оралхан Дәуіт, Хамит Есаман, Маржан Рақай, Эльвира Жарылқасынова, Жүрсінгүл Жақып, Фариза Әбдікерімова сынды аға-әпкелер арқамнан қақты. Олардың ерекше мейірімін сезініп, кейін ел газетіне қызмет ауыстырып, бүгінде осы басылымда жемісті еңбек етіп жүрмін. Бұл өңірден жиған білім мен тәжірибенің арқасы деп ойлаймын.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар