«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сөз – тасқа басылған тарих

Сөз – тасқа басылған тарих
Ашық дереккөз
Сөзде жан бар, сөзде рух бар. Бабатаным әр сөздің киесі болатынын ұқтырады. Сөз – тарихи құжат, негіз, тасқа басылған таңба. Киелі көне кітаптарда да «Ең әуелі сөз болған...» делінеді. Қолына қалам ұстаған жанның серті де, дерті де сөз. Ұлттың ұлы тілі сөз ұстаған қауымның қалам қасиеті арқылы ары қарай дамиды, өмірлікке өркен жаяды. Бұған дейін қазақтың басынан қандай қасірет өткені тарихтан белгілі. Сол кезде де сөз өлген жоқ. Тәуелсіздік алған кезеңнен кейін де төл тілімізді тұғырына қондыруға ақын, жазушы, ғалымдар, жалпы зиялы қауым өлшеусіз үлес қосты. Әрине, олардың қатарында журналистер де бар.

Алаш қайраткері Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы мықты» деп, ұлттық баспасөздің қоғамдағы орнының жоғары екенін айтып кетті. Кезінде қазақ даласында шыққан «Ұшқын», «Айқап», «Қазақ» сияқты әйгілі басылымдар да ұлттың рухани ұпайын түгендеуге қызмет етті. Қазақ журналистері сол кездегі саясаттың салқынына қарамай, айтарын ашық айтып та, астарлап та жеткізді. Сондықтан да баспасөздің ұлт тарихында алатын орыны ерекше. Бүгінгі жаңа заманда да ғасырлар бойы рухани желісін үзбей келе жатқан қазақ баспасөзі жаңа белеске көтерілді. Қазіргі кезде жаңа медиакеңістікте журналистерге артылатын жауапкершілік те жоғары. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда «Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек», – деп атап өткен болатын. Хакім Абай айтқандай, «Жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге» үндейтін де негізгі күш – журналистер. Журналистің қоғамда беделі артқан сайын айтқан сөзі де өтімді болады. Шерхан Мұртаза айтқандай, «арқалағаны алтын» журналистер қоғамдағы беделін өзінің шығармашылық әлеуеті арқылы қалыптастыра алады. Қазіргі кезде сыны да, шыны да нысанаға дөп тиетін білікті қалам қайраткерлері жетерлік. Олар қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, өздерінің азаматтық пікірін айтып та келеді.

Шыны керек, бүгінгі таңда қоғамда қауіпті кесел көп. Адамдарды бір-біріне қарсы қою, өзгенің өмірін талқылау, тіпті, біреудің трагедиясына дейін күлу, табалау, әлденеге кінәлі біреуді іздеген кейбір топтар өкінішке қарай қоғамда бар. Бұл үрдіс жастардың психологиясын бұзады, өмір сүру дағдысына кері әсер етеді. Мұндай қауіпті кеселдерге ақпараттық тұрғыдан тойтарыс беруге, көпшілік арасында рухани құндылықтарды кеңінен насихаттауға да қалам иелерінің қосатын үлесі мол болмақ. Одан кейін, бүгінгі таңда қоғамда көпшіліктің журналист қауымға деген көзқарасының өзгергені де күрделі мәселенің бірі. Әлеуметтік желідегі әсіребелсенділікті де журналистика деп қабылдайтындар бар. Ақпараттың дұрысы мен бұрысын көпшілік ажырата алмай қалды. Мұндай жағдайда сапалы әрі дәл ақпаратты көптің көкейіне жеткізу де оңай шаруа емес. Алда да мұндай жағдайларды болдырмау үшін журналистердің саналы да сапалы жаңа толқыны ақпарат айдынына келсе құба-құп. Қалай десек те, сөз – тасқа басылған тарих екенін ұмытпаған жөн. Сөз – бәрібір ұрпақтың алдынан шығады.

Сонымен қатар, басылымдардың болашағы туралы әңгімелер де қоғамда жиі айтылады. Алайда, қазақ баспасөзінің болашағына күмәнмен қарау орынсыз дер едік. Бүгінде баспасөзге билік тарапынан қолдау бар. Ат төбеліндей болса да оқырманы бар, көрермені бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазақ баспасөзі әрдайым «қоғамдық ойдың қайнар көзіне айналуы керек». Бұл талапқа жауап бере алатын білікті кадрлар да бүгінде баршылық. Әлі де қазақ баспасөзінің байрағы биіктен желбірей беретініне сенім мол!

 

Хамит ЕСАМАН

Ұқсас жаңалықтар