Өлең – өмір

Өлең – өмір
Ашық дереккөз
Бүгінде еліміз өңірлерінде жемісті жүзеге асырылып жатқан «Оқитын ұлт» жобасы аясында Жамбыл облысының 85 жылдығына орай, Талас аудандық орталық кітапханасында ақын, прозашы, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Баймаханбет Ахметтің шығармашылығын насихаттау мақсатында «Өлең – өмір» атты оқырмандармен кездесу кешінде «Көкөзек шақ» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Айтолқын Әбдібекованың кеш иесін құттықтап, таластықтар тарапынан сый-сияпат көрсетуімен басталған іс-шара барысында аталмыш прозалық шығармалар жинағы оқырмандарға таныстырылып, оған қысқаша шолу да жасалды.

Кітап авторы «Көкөзек шақ» романы негізінен аудан малшыларының кеңестік кезеңдегі тұрмыс-тіршілігі мен жанқиярлық еңбегі тұрғысында жазылғанын, кейіпкерлерінің прототиптері кімдер екенін айтып, маңызы мен мәніне де тоқталып өтті.

Автордың айтуынша, бұл аудан еңбеккерлері жөнінде жазылған екінші көлемді туындысы. Мұның алдында жарық көрген «Тайталас» романында таластықтардың артельге бірігу, ұжымдастыру, шаруашылықтарды ірілендіру, ашаршылық ке зеңдеріндегі тұрмыс-тіршіліктері қамтылған.

Басқосу барысында ардагер журналистер, ауданның Құрметті азаматы, ҚР Ақпарат саласының үздігі Сәулембай Әбсадықұлы, аудандық «Талас тынысы» газетінің бас редакторы Дүйсен Молдақұлов, ардагер ұстаз, Д.А. Қонаев мұражайының экскурсоводы Ілес Нұрұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, ақынның сыныптастары Жексенбай Төлепбергенов, Жалғасбек Тәукебаев, Пернебек Ақылбеков кеш иесі туралы жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Led экран арқылы Б. Ахметтің өмір жолы мен шығармашылығы жөніндегі бейнеролик көрсетілді. Кітапханашылар тобы ақынның Отан, ел мен жер, махаббат т ақырыбындағы өлеңдерін нақышына келтіре оқып берді.

Сонымен қатар, оқырмандар тарапынан қойылған сауалдарға тиісінше жауаптары қайтарылды.

Бұл іс-шараның өткізілуіне ақынның туып өскен жері – Ойық ауылындағы кітапхананың меңгерушісі Малика Қарабаева да өзіндік үлесін қосқанын атап өту ләзім. Көктөбелік жас әнші Сұлтан Кенішбек әннен шашу шашты.

Соңынан жерлестері аталмыш кітаптың тұсауын кесіп, автордың алдағы уақытта да шығармашылық жетістіктерге жете беруіне тілектестіктерін жеткізді.

Кеш иесі аудандық кітапхана қорындағы кітаптарының қатары артып, олардың насихатталуы да жүйелене түскеніне ризашылығын білдіріп, кітапханаға өзінің соңғы жылдары жарық көрген «Дүрия дәурен», «Бақытты балалық шақ», «Ақ қанат армандастар» атты кітаптарын сыйға ұсынды.

 

«Aq jol» – Aqparat.

Ұқсас жаңалықтар