«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бұқа бордақылап, табысқа кенелген

Бұқа бордақылап, табысқа кенелген
Ашық дереккөз
Қазақта еңбекқор азаматтардың болмысын ашатын «Істің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Ақсу ауылдық округі, Оразалы батыр ауылының тұрғыны, «Төкен» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Өктешбаев бүгінде нәсібін кәсіптен тауып отырған азамат.

Бақыт Өктешбаев осыдан біраз жыл бұрын шаруа қожалық ашып, ұсақ мал мен мүйізді ірі қара өсірумен айналысты. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегендей, ізденісінің арқасында өзінің қолынан іс келетінін дәлелдеп, тиісті тараптың сеніміне ие болды.

Кәсіпкер былтырдан бастап Оразалы батыр ауылының маңынан 220 бұқаны бордақылауға мүмкіндігі бар мал бордақылау алаңын ашты. Әзірге Керекуден қызыл қасқа тұқымды 75 бас бес айлық бұзау сатып әкеліп, бордақылап отыр. Сатып алынған кезде әрқайсысы 60 килограмм болған асыл тұқымды бұзаулар он ай бойы күтімде тұрады. Әрине, ол белгілі дәрежеде тәуекел мен шығынды талап етеді. Бірақ, сәтін салса, айдан соң әлгі бордақылардың әрқайсысы 300 килограмм ет береді деп күтілуде. Бес айлық бұзаулар әрқайсысы 180 мың теңгеден сатып алынса, он айдан кейін әрқайсысы шамамен 420 мың теңгеден сатылатын болады. Сонда әр бордақыдан 50 пайыз таба табыс табу жоспарланған. «Балапанды күзде сана» демекші, сол уақытта Бақыттың да сенімі мен үміті ақталатыны анық. Бордақының жем-шөп, суын беру, астын тазалау электронды жүйемен жүзеге асады. Осы шаруаның барлығын Олжас Құсайынов жүзеге асырады. Оның жалақысы – 150 мың теңге.

Одан бөлек, «Төкен» шаруа қожалығы бір отар қой өсіріп отыр. Жақында Бақыт Өктешбаев ауыл тұрғындарының малдары үшін тоғыту орнын ашқан. Оның барлық керек-жарағын сайлап қойыпты. Енді тұрғындар малдарын айдап әкеліп, тоғытудан өткізулеріне болады. Сонымен қатар, «Төкен» шаруа қожалығының төрағасы «Ауыл аманаты» бағдарламасына да арқа сүйеп, тиімді пайдалануға бел буған. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал сою алаңын ашуға ниеттеніп жатыр. Мұнда жылына мың қой, мың мүйізді ірі қара союға мүмкіндік бар. Тіпті жұмыс жолға қойылса, сойылатын мал санын арттыра беруге болады. Кәсіпкер де арық айтып, семіз шыққысы келеді. Ал, Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбай: «Мұндай белсенді кәсіпкерлер ауыл экономикасының өрлеуіне әсер етеді»,–дейді. Кәсіпкер Бақыт Өктешбаев: «Енді менің бір өтінішім, жауаптылар егістік жерімнің ұлғаюйына ықпал етсе, өзіміз жоңышқа, бидай, жүгері өсіріп, бордақылаған малымызға мал азығын тауып беріп отырсақ деген ниетім бар. Әзірге бес кісіні тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Келешекте 10-15 адамды тұрақты жұмыспен қамту ойда бар», – дейді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар