Подъезд тұрғындарымен сөйлесу барысында көпқабатты тұрғын үйдің 1972 жылы соғылғаны белгілі болды. Бұл үй Ленинград қаласының жобасымен салынған екен. Жертөлеге бір ғана подъезден кіреді. Ғимарат 2012 жылы модернизациядан өткен. Бірақ жаңғырып, жағдайы жақсарған көпқабатты тұрғын үйге сырты да, іші де мүлдем ұқсамайды.
– Бұл үй «Даму» пәтер иелері кооперативіне қарайды. Кооператив жертөлеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізбейді. Енді 2024 жылдың 1 маусымынан бастап техникалық қызмет көрсетпейтінін хабарлады. Не үшін, қандай негізде техникалық қызмет көрсетпейтінін тұрғындарға айтқан жоқ, жиналыс жасамады. Жай ғана параққа жазып, есікке ілген. Бұл кооператив өзінің жұмыс істеу барысында тұрғындармен тығыз байланыс орнатпаған, кооператив жұмысының жылдық жоспарымен де, жылдың соңында атқарылған жұмыстардың есебімен де таныстырмаған, сонымен қатар, тұрғындардың өтініші мен шағымына селсоқ қараған. Біздің 6 подъезд арқылы жертөлеге түседі. Бұл үйдегі жертөленің жағдайы өте ауыр. Он жылдан аса уақыт осы көпқабатты үйге «Даму» пәтер иелері кооперативі қарап келген, тұрғындар ақысын төлеген. 2012 жылы бұл көпқабатты тұрғын үй жаңғыртудан қағаз жүзінде ғана өткізілген сияқты. Ешқандай жаңарудың белгісі жоқ, – дейді подъезд тұрғыны Балмира Мырзабаева.
Подъезд тұрғындарының айтуынша, жертөлеге қарапайым ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, ішіне бұрын төгілген кәріз суы жинала келіп, саз балшыққа (болота) айналған.
– Жертөленің сасық иісі бүкіл үйге тарап, осы иіске құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, маса, тышқандар подъезге толып, тіпті пәтерге кіріп кеткен. «Даму» пәтер иелері кооперативіне жертөлені ерте көктемде дәрілеу туралы өтінім тастадық, бірақ тендердің әлі ойнатылмағанын, тұрғындардың өздері дәрілей беруіне болатындығын айтты. Алтыншы подъездің бірінші қабатында жарық жоқ. Өтінім тастағанбыз, бірақ сол күйі орнатылмады. Бұл кооператив барлық кінәні тұрғындарға артқаннан басқа түк істемейді. Сонымен қатар, бұл үйге қайта жөндеу жұмысын жүргізу керектігін айтып, міз бақпай отыр. Үйдің тұрғындары онсыз да үй ішіндегі ыстық және суық су сантехникасын өздері ақыға жөндетеді. Тіпті пәтерде жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде ыстық және суық суды жертөледен сөндіру жұмыстарын да өздері істейді. Жертөледе және подъезде электр сымдары салбырап тұр. Бала былай тұрсын, бұл үлкендер үшін де қауіпті. Жертөледен сасық иіс сыртқа шығатын тесіктер де бітеліп қалған, тіпті жоқ десе де болады, – дейді подъезд тұрғындары.
№2 көпқабатты үйдің тұрғындары бұл үйге жуық арада жаңғырту жұмыстары жүргізілмесе, бір күні іргетасы жырылып, астында қаламыз ба деп қорқады. Себебі, бақа-шаянды былай қойғанда, жылу маусымы басталғанда жылу құбырларынан су атқылап, бу жертөле есігінен сыртқа көтеріліп, подъезді ыстық бу басып кетеді екен. «Ыстық будан балаларымыз күйіп қала ма деп те қорқамыз. Ондағы жылу және кәріз жүйелері құбырлары шұрық тесік», – дейді олар.
«Өзіңіз қараңызшы, бұл үй 2012 жылы жаңғыртудан өткенге ұқсай ма? Ештеңе істелмеген. Электр сымдары салбырап, жертөлесі белшеден балшыққа батып, бірінші қабаттың қабырғалары мүжіліп, қызыл кірпіші үгітіліп түсуде. Қабырға біткен шұрық тесік. Атжалмандар, бақа-шаян дегеніңіз өріп жүр. Сасық иіске тұншығып отырған тұрғындардың жанайқайын ешкім тыңдар емес. Арызданбаған, шағымданбаған жеріміз қалмады. 2012 жылдан бері жаңғырту жұмысы бойынша әрбір пәтер иесі мемлекетке ақша төлеп келді. Жаңғыртудан өтпеген үйге не үшін ақша төлеп келгендерін де білмейді. Жертөлеге «Даму» тұрғын үй кооперативі ағымдағы жөндеу жұмыстарын істемеген. Оны жертөлеге түскен адам бірден-ақ байқайды. 109 нөміріне, СЭС-ке шағым жазғанбыз, бірақ нәтиже жоқ. Біз осы тұрғын үйдің жертөлесін тазалап, жылу, кәріз және ауыз су құбырларын жаңғыртып, шатырын қайта жауып берсе, электр сымдарын жаңартса дейміз. Бізде одан басқа талап жоқ», – дейді подъезд тұрғындары.
«Даму» пәтер иелері кооперативі осы үйдің бұрышында орналасқан екен. Жалпы №2 көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында мемлекеттік мекемелер орналасқан. Атап айтқанда, облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің пробация қызметі, учаскелік полиция, ветеринария мен Қазпоштаның бөлімшелері бар. Аталған мекемелердің басшылары мұндағы қызметкерлерінің қандай жағдайда жұмыс істеп отырғанынан бейхабар сияқты. Мұндағы жағдайды, сасыған иісті сөзбен айтып жеткізу қиын. Бірінші қабат болғандықтан, көктің иісі ғимарат ішін тұтас алып тұр. Жертөледен жоғары ұрған иіс бірден тамақтан алады. Полиция қызметкерлері де еденде жорғалаған бақа-шаян мен атжалманнан зәрезап болған.
«Осындағы тұрғындар атжалмандар мен бақа-шаянды улау мақсатында дәрілер себеді. Өткен аптада ғимарат ішін өлген атжалманның иісі алып кетті. Оның иісінен зорға құтылдық. Бір қызығы, еденде өмірі көрмеген, тасбақа сияқты қоңыздар жүреді. Интернеттен іздесек, түркімен қоңызы екен. Мына қабырғадағы тесіктерден үнемі көктің исі шығып тұрады. Астымыздағы жертөледе не болып жатқанын білмейміз. Бірақ, осы иістен арыла алмадық. Шыны керек, жағымсыз иіс киімімізге дейін сіңіп қалады. Жұмыс болған соң амалсыз шыдап отырмыз. Мұнда әжетханаға бармақ тұрмақ, су ішуге қорқамыз», – дейді полиция өкілі.
Мұндай мәселенің барын өзге мекеме қызметкерлері де айтып отыр. Барлығы да есімдерін атап, түсін түстемеуді өтінді. Өйткені «шындықты айтамыз деп жұмыстан айырылып қаламыз ба» деген үрейлерінің барын аңғартты. Олардың сөзіне қарап, жоғарыда аталған департамент пен акционерлік қоғам басшылығының қызметкерлерінің денсаулығы мен өміріне деген немқұрайлықты аңғарғандай болдық. Әйтпесе, қабырғасы сыздан сөгіліп, сылағы түсіп, едені көтеріліп, ішін сасық иіс алып кеткен мекемеге бір рет те бас сұғып көрмеген басшылардан не сұрайсың?.. Осының өзі олардың қызметкерге деген көзқарасының қаншалықты екенін аңғартып тұрған жоқ па?
Бұл-бұл ма, «Даму» пәтер иелері кооперативі орналасқан ғимараттың сырты бүтін болғанымен, іші бүлініп, қабырғаларының сылағы түсіп, құбыр тіректерінің кірпіштері құлап жатыр. Пробацияның ішін аралап жүргенде қабырға жағалай көтерілген қосымша кірпіш қабырға тұр. Оның кіндік тұсында қолақпандай тесік бар. Оны арнайы пластик есікпен жауып қойған. Сөйтсек кәріз, жылу мен ауыз су трубалары осы қабырғаның ішіне жасырылған екен. Ол жертөледен жоғарғы қабатқа апаратын болғандықтан, иіс те бір жағы осымен жоғары көтерілетін сияқты. Бұл жоғары-төмен судың ғана жолы емес, иістің де, басқаның да жолы.
«Даму» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Жандос Жарасов 2012 жылдан бері осы қызметті атқарып келе жатқанын айтты. Тұрғындардың пікірімен келіспейтінін, қолдан келгенше қызмет көрсетіп жатқанын жеткізді. Пәтер иелеріне қарағанда, бірінші қабатта отырған мекеме қызметкерлері көбірек зардап шегіп отырғанын айтып қалды.
«Қазір бұл үйге қызмет көрсетуден бас тартып отырмыз. Қандай қызмет көрсетсек те, алдын ала жұмысын істейміз. Содан кейін төлемін талап етеміз. Қазір бұл үйдің берешек қарызы көп. Пәтер иелері өз мүліктеріне дұрыс қарамайды. Біздің келісімсіз жылу желілерін, кәріз жүйесі мен ауызсу жүйелерін ауыстырады. Суды жаппай төменгі қабатты су алдырады. Ол судың соңғы құйылатын жері жертөле. Біздің сантехниктерге айтса оның бәрін істеп берер еді. Бірақ, бөтен адамдарға жасатып, соңынан шикілігі шығып, су тасыса да, су ақпай қалса да біз кінәлі боламыз. Әйтпесе біз өзімізге қарасты үйлерге мұқият қараймыз. Аулаларын таза ұстаймыз. Тұрғындар айтқан жертөледегі кәріз, ауыз су мен жылу трубалары толық пластикке ауыстырылған. Ғимарат ескі. Елу жылдан асты. Біз алдыңғы жаңғыртудың қаржысы толық өтелмей өз күшімізбен жаңғыртудан өткізе алмаймыз», – дейді ол.
Кооперативтің слесарь-сантехнигі Тұрсынбек Болтақаев 15 жылдан бері осында жұмыс істеп келеді екен.
– Мен күнде келемін. Кәріз жүйесін жиі ашамыз. Өйткені, пәтер тұрғындары кәріз құбырына не болса соны салып жібереді. Талай рет кәріз құбырын тазалау кезінде шүберектер мен балалар-дың жөргектері шықты. Кейде балалардың ойыншығы мен қойдың қарыны да шығып қалады. Сөйтіп бізді кінәлайды. Біз қолдан келгенімізді істеп, тұрғындар түнде шақырса түнде де барып, уақытпен санаспай қызмет етіп жүрміз, – дейді ол.
Жұрттың жабылып жамандаған жертөлесіне де түстік. Бұрын жертөленің қандай болғанын білмеймін, менің көргенім жан-жаққа тарайтын құбырлар бөлінісінен бөлек жерде бойыңды тіктеп жүру мүмкін емес. Биіктігі жарты метр шамасындағы сегіз подъезден тұратын үйдің астында бұл сантехниктердің тізерлеп қалай жүріп, қалай құбыр тазалап жүргеніне қайран қалдым.
Қалай болғанда да жертөленің мұндай болмау керегі, оның ішінде сантехниктің тізелеп жүрмеуі керектігін көкірек көзім айтып-ақ тұр. Қанша үйдің жертөлесіне түссем де, мұндайды тұңғыш көруім. Бұл жертөледе жылдап жиналған кәріз жүйесі мен үй сыртындағы желдеткіштен ішке сумен бірге құлаған топырақ пен лайдың жиынтығы қаншама.
ТҮЙІН:
Бұл көпқабатты үйдің жағдайымен жақынырақ таныса келе, мұндағы мәселені шешуге тұрғындардың да, пәтер иелері кооперативінің де шамасы келмейтінін аңғардық. Тұрғын үйді жаңғырту үшін көп қаржы, көп күш керек. Қазірдің өзінде төменгі қабаттың кірпіш қабырғалары опырылып, құлап жатқанына қарағанда, бойына дымды әбден сіңіріп алған күйген кірпіштердің де жарамдылығына күмән бар. Әрине, соңғы нүктені сараптамалық комиссия қояды. Алдағы уақытта бұл үйдің жайын Тараз қаласы әкімдігі өз бақылауына алып, көмек қолын созбаса, ондағы тұрғындардың құр айқайынан тағы он жылда да ештеңе шешіле қоймасы анық.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді