Мойынқұмда жел электр стансасы салынады

Мойынқұмда жел электр стансасы салынады
Ашық дереккөз
Бүгінгі таңда облысымыз «Жасыл» экономика бағдарламасын жүзеге асыруға қолайлы аймақ қатарына жатқызылып отыр. Оған облысымызда күн, су және желден қуат алатын баламалы энергия көздерінің қанатқақты жобаларының іске асырылуы дәлел. Бұл жұмыстар өңірде 2010 жылдан бері жақсы жүзеге асырылып келеді.

Бастапқыда облыста жаңартылатын энергия көздерін игеретін жалпы қуаты 2 мегаватты құрайтын 2 жел электр стансасы пайдалануға берілді. Ал, 2015 жылы оның қатары 9 нысанға жетіп, 114 мегаватты құрайтын жаңа күн, су және жел электр стансалары іске қосылды. 2021 жылы қуат өндіру 387,8 мегаватты құрап 17 нысанға, ал 2022 жылы 451,3 мегаватқа жетіп, барлығы 21 нысанды құрады. Ал, өткен жылы оның көлемі 551,3 мегаватқа жетіп, бір нысанға ұлғайды. Оның 24,4 мегаваты алты су электр, 275,65 мегаваты он жел электр, 251,25 мегаваты алты күн электр стансаларына тиесілі. Бұл ретте облысымыз жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан алдыңғы қатарлардың бірінде.

Мойынқұм аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақовтың айтуынша, бірқатар шетелдік инвесторлар өңірде жел электр стансаларын салуға қызығушылық танытып отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамасымен облыста бірқатар ірі жобалардың іске асуы жоспарлануда. Атап айтқанда, франциялық «Total Eren», Біріккен Араб Әмірлігінің «Masdar» және «Kidf» компаниялары ауқымды жел электр стансаларын салуға ниет білдіріп отыр. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Қытай еліне ресми сапары кезінде қытайлық «State Power Investment Corporation» компаниясымен тағы осындай тағы бір жобаға келісім жасалды. Нәтижесінде бұл салаға тартылатын қаржылық көлем шамамен 3 миллион АҚШ долларынан асады. Ал, Мойынқұм ауданында франциялық «Total Eren» ЖШС тарапынан жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарлануда. Жалпы, әлемдік сарапшылардың зерттеулері дарқан даламыздың басым бөлігінде желдің жылдамдығы секундына 6 метрден асатынын дәлелдеді. Ал, күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жылына сағатына 2,5 миллиард киловатт деп белгіленген. Әсіресе, елдің оңтүстігі күннің қызуынан қуат өндіруге таптырмас өңір болып бағалануда.

Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы табиғат көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса толық шешімін таппаған. Ал, әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл» экономикаға бет бұрды. Ал, бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік. Жалпы, еліміздің сағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар екен. Бұған елордадағы ЭКСПО-2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуге көшкенін және қосыңыз. Мұны көріп-біліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда.

Өңірде жаңартылмалы энергетикалық жобалар мықтап қолға алынған. Атап айтсақ, Қордай мен Сарысу аудандарында жел электр стансалары жұмыс істеп тұрса, Қаратау қаласының маңында әрқайсысы 4,5 мегаватты құрайтын 5 жел электр стансасы пайдалануға берілген. Енді Мойынқұм ауданында 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасын салу жоспарланған.

Мойынқұм аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Әбдіғали Әбдіразақовтың айтуынша, Мойынқұм ауданында «Total Eren» ЖШС жел электр стансасын салуды қолға алмақ.

– Қазіргі таңда бұл жоба аясында инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін Бетпақдала аймағынан, дәлірек айтсақ Ермей елді мекені маңайынан жел электр стансасын орналастыруға 3 мың гектар алқап қаралған. Облыс орталығынан шалғай жатқан осындай жоба іске асса аудан экономикасының артуына оң серпінін тигізер еді, – дейді ол.

Бүгінгі таңда аталған жобаны іске асыру мақсатында аудан әкімдігі облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, осы жобаларды іске асыру бойынша инвесторлармен жұмыс істеуде.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар