«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Белсенді қызмет – абыройлы міндет

Белсенді қызмет – абыройлы міндет
Ашық дереккөз
Өмір – бес күндік жалған. Аққан жұлдыздай зу етіп өте шығады. Ел мен жұрт тыныш, басымыз аман, бауырымыз бүтін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз, шүкір. Аққан жұлдыздай зу етіп өте шығады. Ел мен жұрт тыныш, басымыз аман, бауырымыз бүтін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп жатырмыз, шүкір.

Жас кезде «жұмыс, қызмет» деп жүріп бала-шағаға дұрыстап көңіл бөле алмадық, ағайын-туыс, дос-жаранмен жиі бас қоспадық. Зейнеткерлікке шыққанда кеткен осындай кейбір олқылықтардың орнын толтырамыз ба деген ой болған… Алайда, «таяқтың екі ұшы бар» демекші, бойыңда қайратың бар жасырақ кезде елмен араласып, ұжымдастармен өткізген қызықты күндерді де сағынады екенсің. Әсіресе, зейнеткерлікке шыққан алғашқы жылдары қоғамнан тыс қалғандай, емен-жарқын отырып бір шәугім шайды бірге ішетін, ортақ әңгіме айтатын адам таппай жалғызсырайтын кездер болады екен.

Осылайша қызмет деген бір белестен өтіп, құрметті демалыс деген кезеңде жүрген кезде бір танысымнан зейнеткерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір орталығы» ашылып, қызмет жасап жатыр деген жақсы хабарды естіп, сонда бардым.

Бұл осы жылдың 15 ақпаны еді. Міне, үш айдан астам уақыттан бері осы орталықтың белсенді қызмет алушысымын. Орталықтың қызмет көрсету сервисі мен мамандарының жасап жатқан еңбектеріне, қызметтеріне алғысым шексіз. Барлық қызметкер зейнеткерлерге өз ата-аналарындай қарап, жан аямай, бар мейірімдерін төгетін, жылы жүзді, қайырымды жандар. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген қағида осы мекеменің әрбір қызметкері үшін айтылғандай. Біз бұл орталықтан түрлі ем алып, демалумен қатар, өзіміз сияқты әр ұлт өкілінен жиналған зейнеткерлер арасынан сырласатын, сыйласатын, әзіл-қалжыңымыз жарасып әзілдесетін қатар, құрбы-дос таптық. Тіпті үйге қайтар уақыттың қалай тез болып қалғанын да сезбей қаламыз.

Біз бұл орталықта түрлі спортпен шұғылданамыз, тұзды шахтасын, массаж креслосы мен массаж төсегін және «Полимаг» деп аталатын құрылғыда ем қабылдаймыз, фитошай ішеміз. Қолөнермен, йогамен айналысып, ән-би, бейнелеу өнері сияқты түрлі үйірмелерге барамыз. Қызметкерлермен бірлесе отырып «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында ағаш көшеттерін отырғызып, көше тазаладық. Ұйымдасқан түрде наурыз мерекесін өткіздік. 4-6 мамырда орталық жанынан құрылған «Ғұмыр-Дария» ән-би ансамблінің құрамымен қарттар үйіне концерт беріп, қарттардың көңілін бір серпілтіп қайттық.

12 мамыр – Аналар мерекесі күні орталықтан қызмет алушы төрт ардақты ананы құттықтап, сыйлықтар беріп, концерт қойдық. Бұл іс-шараға Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова қатысып, кешті ашып берді. Іс-шара соңында облыстық өлкетану мұражайына, көркемсурет галереясына саяхат жасадық. Алдағы уақытта облыстағы тарихи орындарға, Түркістан қаласына саяхат жасау жоспарланып отыр. Мұның бәрі қызмет алушы біздер үшін атқарылып жатқан игі істер. Орталық қызметкерлерінің бізге үйретіп, ақыл-кеңес беруінің арқасында «игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, жас кезде танылмаған талантымыз ашылып, нәтижесінде түрлі дәрежедегі дипломдар мен алғыс хаттар иеленудеміз.

Сөз соңында, «Белсенді ұзақ өмір орталығының» басшысы Олжас Бақытұлына, орынбасары Баян Шолпанқызына, мәдени ұйымдастырушы Нұржамал Тілеуқұлқызына, басқа да қызметкерлерге алғыс білдіремін.

 

Баршагүл БАЯЛИЕВА,

орталықтың қызмет алушысы, зейнеткер.

Ұқсас жаңалықтар