«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қос жетімді бауырына басқан

Қос жетімді бауырына басқан
Ашық дереккөз
Кез-келген ата-ананың туған перзенті үшін кеудесін оққа тосып, отқа да түсуге әзір болуы – қалыпты құбылыс. Ал, бөтенді бауырына басып, аялы алақанының жылуын сыйлау – екінің бірінің қолынан келе бермейтін батыл қадам. Жатты жылатпаған, пейілі кең, жүрегі дархан сондай жанның бірі – Гүлден Кеңесбаева. Қасық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы бүгінде екі балаға мейірімін төгіп отыр.

Әлжан ана ауылының тұрғыны негізінен Ақтөбе облысының тумасы. Еліміздің батыс өңіріндегі Алға ауданы, Сарықобда ауылында дүние есігін ашқан Гүлден Жақсылыққызы бірінші сыныптан соң, 2001 жылы Қордай ауданы, Ноғайбай ауылындағы №35 орта мектепке ауысады. Ал, осы оқу ошағында 9-сыныпты аяқтаған соң, Ноғайбай ауылындағы ауылшаруашылық колледжінде «Экономист, бухгалтер және аудит» мамандығы бойынша білім алады. Кейінірек Тараз қаласындағы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне оқуға түсіп, мұнда «Қаржы, экономика және бизнес» мамандығын игереді. 2011 жылы алғашқы еңбек жолын Әлжан ана ауылындағы «Сәтпайтегі» шаруа қожалығында есепшінің көмекшісі болып бастаған Гүлден 2013 жылдан бастап Қасық ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман-қаржы агенті қызметін атқарса, 2020 жылдан бері бас маман болып жұмыс істеуде. Өз жұмысына зор жауапкершілікпен қарайтын жас келіншек мемлекеттік қызметші болуды абыройлы міндет деп біледі.

– Өз басым мамандық таңдауды тағдырыңды таңдау деп білемін. Әрбір адам өзінің қарым-қабілеті жететін мамандықты таңдағаны дұрыс. Себебі, бұл – оның заман көшінен қалмауына әрі өзін-өзі дамытуына оң серпін береді. Мұндай жанның табысты болатыны да түсінікті. Бастысы, мамандығын жан-тәнімен жақсы көретін адам жұмыс барысында кездесетін азды-көпті қиындықтарды еңсеріп, өз ісінде шын шебер болуға талпынады, – дейді Гүлден.

Жалпы, жедел түрде ой қорытып, қандай да бір мәселелерді шешу кезінде бар жауапкершілікті өз мойнына ала білу – кейіпкерімізге тән қасиет. Мұны ауыл халқының Гүлденге деген ерекше ықыласынан анық байқауға болады. Бұл күнде жас келіншек білікті маман ғана емес, асыл жар, аяулы ана. Ол он үш жыл бұрын сүйген жары Ермек Төлендиевпен бірге шаңырақ көтерген. Әйтсе де, сүйіспеншілігі мен сыйластығы жарасқан осынау жұп ұзақ жыл бойы сәби сүйе алмайды. Өз өмірлеріне өзгеріс енгізуді құп көрген жастар екі жыл бұрын бала асырап алу туралы нақты шешім қабылдайды. Бұл – екі жастың өмірінің жаңа парағы ашылған сәт еді.

– Бала асырап алу туралы ұсынысыма жолдасымның қолдау білдіргені маған күш-жігер берді. Сөйтіп, 2022 жылдың наурыз айында Алматы қаласындағы «Жанұя» балалар үйінен екі ағайынды Оразбек Бауыржан және Оразбек Саянды бауырымызға бастық. Ең қуаныштысы, бізге балалардың да бойы тез үйренді. Бірден әке, ана деп атап кетті. Бүгінде үлкен ұлымыз – 11 жаста. Ал, кіші ұлым одан екі жас кіші. Қос балапанымның мінезі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Үлкен ұлымның мінезі біртоға болса, екінші ұлымыз өте белсенді әрі шапшаң. Шынында, балалы болғалы шаңырағымызда бақыт бесігі тербеліп, шаттығымыз еселенді. Ендігі міндет – оларға лайықты тәрбие беріп, елге елеулі, халыққа қалаулы нағыз азамат қылып өсіру, – дейді ол.

Расында, «тұрмысты сана билеген» бүгінгі нарық заманында бір бала емес, бірден екі баланы қамқорлыққа алу – ерлікпен тең. Ермек пен Гүлденнің ендігі арманы – бір қызды болу. Бала асырап алуда тәжірибесі бар осынау жұпқа бұл іс те қиын болмасы анық. Өйткені, мемлекеттік қызметтің қазанында қайнап жүрген Гүлден үшін көпбалалы отбасының отанасы болу, бұл жолда бар қиындықты еңсеру қолдан келмейтін шаруа емес.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Қордай ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар