Ауыл – алтын бесік

Ауыл – алтын бесік
Ашық дереккөз
КЕНЕН Кенен ауылында жаңа «Street Workоut» спорт алаңшасы ашылды. Түлектердің демеушілігімен ашылған нысанның құрылыс жұмыстарын да түлектер өздері жүргізген. Спорт алаңшасына қажетті жабдықтарды орнатып, бетон қабатын төсеп, орындықтар қойған. Құрылыс жұмыстары бар-жоғы бір аптада аяқталған. Орталықта орналасқан «Street Workоut» алаңшасы ауылдың көркін одан әрі аша түсті. Қазір жастардың дәл осы спорт түріне деген қызығушылығының жоғары екенін ескерсек, жомарт түлектердің тартуы ауыл жастарының саламатты өмір салтын ұстануына жол ашарына күмән жоқ.

ҚАҚПАТАС

Қақпатас ауылдық округінің түлектері де туған өлкелеріне тарту жасаудан қалыс қалмады. «Жомарт түлек» жобасы аясында Қақпатас ауылдық мешітінің ауласына орындықтар орнатып, мешітке барар жолға тас плита төсеп берді. Сонымен қатар, ауласына бірнеше жеміс ағашын отырғызып, демеушілік көмек көрсетті. Бұдан бөлек, «Мектепке тағзым» акциясы аясында ауыл кәсіпкері Құндызай Мейрманова демеушілік жасап, Мұстафа Шоқай атындағы орта мектебінің ауласына төрт әткеншек және екі орындық орнатты.

АУҚАТТЫ

Ауқатты ауылдық округінің құрамына кіретін Қызылсай ауылында Ораз Жандосов атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған жауапты мердігер компания – «Invest Kapital Stroy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 10 мамыр күні басталған жөндеу жұмыстарын мердігер бес айдың көлемінде аяқтауды жоспарлап отыр. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген білім ордасының шатыры түгелімен жаңартылып, оқу кабинеттері қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, мектептің жылу жүйесі де жаңартылмақ.

ЖАМБЫЛ

Жамбыл ауылында да «Street Workоut» спорт алаңшасы ашылды. Аудандық бюджет есебінен салынған нысанның құрылыс жұмыстарын «Алмас» ЖК жүргізді. Спорт алаңшасында денені шынықтыруға арналған түрлі жабдықтар орнатылған. Ауыл тұрғындары жаңа алаңша ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік сыйлайтынына сенімді.

БЕТҚАЙНАР

Бетқайнар ауылында ауылішілік көшелерді жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында үш көше жөндеуден өтуде. Атап айтатын болсақ, Қазақстан және Төле би көшелеріне қиыршық тас төселіп, енді асфальттау жұмыстары басталды. Ал, 1,6 шақырымды құрайтын Қарасу көшесіне қиыршық тас төселіп, толығымен асфальтталды. Жол жөндеу жұмыстарына «Компания Инвест МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Құрылыс жұмыстары осы жылдың тамыз айында аяқталуы тиіс деп белгіленген. Бұдан бөлек, Бетқайнар ауылында балалар ойын алаңшасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Демек, ауыл бүлдіршіндерінің жаңа ойын алаңында әткеншекке тербеліп, сырғанақтан төмен құлдилап, асыр сала ойнайтын күндері де алыс емес.

МАСАНШЫ

Масаншы ауылында ауылішілік ескірген жолдарды кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде Көктем және Пушкин көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер – «СК и Б» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мердігер жобаны мерзімінде аяқтауға және жол сапасына баса мән беруде.

 

Нұржан ҚАДІРӘЛІ.

Қордай ауданы

 

Ұқсас жаңалықтар