Жуырда Жуалы ауданындағы Билікөл елді мекеніне іссапармен бардық. Ондағы тұрғындар ауыл ішіндегі жаңалықтарды бізбен бөлісуге асыққан екен. Бір кездері 700-ден аса адамы қалаға қоныс аударған өлкенің қазіргі келбеті күннен күнге жаңаруда. Осы ауылда кіндік қаны тамып, қазір елдің қамқоршысына айналған кәсіпкер азаматтар туған жерлерінің өркендеуіне жиі қолдау көрсетіп жүр. Тарихын бастаудан алған тұрақтың бүгінде тұғыры биік. Кіші Қаратаудың етегінде орналасқан елді мекенде ежелден пайда болған мөлдір бұлақ бар. Сол тіршілік нәрінің атымен аталған Билікөл ауылдық округінің орталығы – Қарабастаудың тіршілігімен танысу барысында бастаудың көлге, тұрғындардың бастамашыл елге айналғанына көзіміз жетті.
Ауылды аралау кезінде алдымен Ұлы Отан соғысына қатысқандарға арналған ескерткішке атбасын бұрдық. Қан майданда от кешкен бабалардың рухына құрметі ерекше билікөлдіктер монументті жаңалапты. Оның орнын ауыстырып, ескерткішке жаңаша сипат берген. Ел басына күн туғанда қолына қару мен күрек алғандардың ерлігі ел үшін ескірмейтін ескерткіш екенін Еңсебек ақсақал өз сөзінде айтып өтті.
– Ауыл тұрғындары жыл сайын 9 мамырда осы ескерткіштің алдына жиналамыз. Жеңіс күніне арналған іс-шарада салтанатты рәсімдер жасалып, соғысқа қатысқан ардагерлерімізді еске аламыз. Олардың рухына тағзым етіп гүл шоқтарын қоямыз. Бұрынғы монумент мәдениет үйінің ауласында орналасқан болатын. Айналасы қоршалған құндылығымыз жан-жағында өскен талдардан көрінбей қалды. 20 жылдан аса сол маңда тұрған ескерткішті ашық алаңға көшіруге ұсыныстар айтылды. Бұл істі кәсіпкер, осы ауылдың тумасы Ерғали Миразов қолға алды. Ол азамат алдымен бізбен ақылдасып, рұқсатымызды алып, іске кірісті. Биылғы 9 мамыр мерекесін осы ескерткіштің алдында атап өттік,–дейді Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Түгелбайұлы.
Тақтада соғысқа осы елден аттанған жауынгерлердің есімі жазылған. Ал ел ұмытпайтын есімдердің ішінде ерекше атап өтетіндер өз алдына бір төбе. Сол майданда билікөлдік Төре Мірәзұлы да аңызға айналған қолбасшы Жуковтың атындағы «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне таққан майдангердің артында қалған ұрпағы да ұлтқа адал қызмет етуде.
Ауыл тұрғындарының сөзінше, осы әулеттен өніп-өскен ұрпақ қазіргі таңда елге танымал тұлғаға айналды.
– Төре Мірәзұлының үлкен қызы Аягүл Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері атанса, ұлдары Артығали Төреұлы, Ерғали Төреұлы және «Қазақстанның Құрметті өнертапқышы» атанған ғалым, профессор күйеу баласы Жұмабай Байнатов үшеуі де «Құрмет» орденінің иегерлері, Ғабит Төреұлы генерал-майор шенінде еліміздің бас прокуратурасында 34 жыл қызмет атқарып келеді, ал Рысғали мен Аян Төреұлы Құрметті құрылысшы. Ең кіші қызы Айгүл Төреқызы Құрметті энергетик,–дейді кәсіпкер Бекболат Қоралбаев.
Сондай-ақ, ол осы ауылдан шыққан кәсіпкер Қайрат Есмұратовтың игі істерін ерекше атап өтті. Бастаманы Ерғали Миразов көтергеннен кейін монументтің құрылыс жұмыстарын осы азамат жүргізген екен. Ауылдағы жаңа мешіт, футбол алаңы, сахна және елді мекенді абаттандырып тұрған тал-дарақтар аты аталған азаматтардың ықпалымен жүзеге асуда.
Билікөл ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Қамбарбеков елді мекенде атқарылып жатқан игі шараларды таныстыра жүріп кәсібін енді бастап жатқан жастардың да жұмысына тоқталды.
– Бүгінде еліміздің жастары өлкеміздің көркеюіне көптеп үлес қосуда. Өздері жеке кәсіп бастап Қарабастау бұлағының маңайынан демалыс орнын ашқалы жатыр. Қазір онда құрылыс жұмыстары жүруде. Жалпы, ауылдың ахуалы жақсы. Елді мекенге көгілдір отын кірсе елдің жағдайы бұдан да жақсара түсер еді, – дейді Еркебұлан Қамбарбеков.
Нұржан ӘЛІШ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді