«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құрылыс қарқын алып келеді

Құрылыс қарқын алып келеді
Ашық дереккөз
Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің сапалы инфрақұрылымның болуы. Осы бағытта қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бүгінде аймақта табысты іске асырылуда. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, биыл «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жалпы құны 12,3 миллиард теңгені құрайтын 56 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғын үйлерде 2909 пәтер бар. Яғни, аталған көпқабаттың құрылыс жұмыстары аяқталған сәтте үш мыңға жуық облыс тұрғыны баспаналы болады деген сөз.

– Мемлекет басшысы Жолдауларында құрылыс саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Әсіресе, ел халқын пәтермен қамту күн тәртібінде, тұрған басты мәселенің бірі. Осы ретте облысымызда жоғарыда айтқанымдай, 56 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның құрылысына бөлінген қаражаттың 11,1 миллиард теңгесі құнды қағаз есебінен, 1,2 миллиард теңгесі облыс бюджетінен қаралған. 56 көпқабатты тұрғын үйдің 50-і, яғни жалпы 2531 пәтерді құрайтын тұрғын үй құрылысы Тараз қаласында салынуда. Оның ішінде, 2231 пәтерден тұратын 45 көпқабатты тұрғын үй несиелік, ал 300 пәтерлі 5 көпқабатты тұрғын үй арендалық үй санатында. Бұдан бөлек, Қордай ауданында 120 пәтерлі 2 арендалық, Сарысу ауданында 90 пәтерлі 1 арендалық, Талас ауданында 88 пәтерлі 2 арендалық тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізілуде. Ал, Шу ауданында 80 пәтерлі 1 арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысымен 2749 пәтерге арналған 54 көпқабатты тұрғын үйді аяқтау жоспарлануда, – дейді Ерлан Құрмантайұлы.

Сонымен қатар, облыста 76 көпқабатты тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жоспарланған. Басқарма басшысының айтуынша, Тараз қаласында 2451 пәтерлі 49 әлеуметтік тұрғын үйді, Қордай ауданында екі, Сарысуда бір, Таласта екі арендалық көпқабатты тұрғын үйді қайта жаңғырту көзделген. Сонымен бірге, Тараз қаласы «Әулие Ата» жаңа шағын ауданында (автобекет маңындағы) 800 пәтерлі 22 әлеуметтік несиелік тұрғын үйдің құрылысын бастау үшін 5,2 миллиард теңге қажет екен. Жоғарыда аталған құрылыс нысандарына қажетті тиісті жобалық-сметалық құжаттама жасалып, өтінім берілген.

– Облысымызда бірнеше жыл «Асар» жобасы жақсы жұмыс істеді. Соның арқасында көптеген аз қамтылған, көпбалалы және халықтың әлеуметтік осал топтары баспаналы болды. Бұл үрдіс әлі де өз жалғасын табуда. Дегенмен, әлі де баспана алуға мүмкіндігі жоқ азаматтарға баспананы коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз пайдалануға берілетін 354 пәтер сатып алу үшін республикалық бюджеттен 4,7 миллиард теңге қаралған. Бұл қаражатқа Байзақ ауданынан 60, Жамбылдан 20, Қордайдан 20, Мойынқұмнан 12, Сарысудан 30, Шу ауданынан 50, ал Тараз қаласынан 162 пәтерді сатып алу көзделген. Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы есебінен жекешелендіру құқығымен жалға берілетін қосымша 1221 пәтер сатып алуға 18509,4 миллион теңге қаралып отыр. Бұл жоспарланған қаражат қала және аудан қажеттілігіне қарай бөлініп, көпқабатты тұрғын үй тұрғызуға қабілеттілігі бар жекеменшік мердігерлерге берілді. Бүгінгі таңда жеке құрылыс компаниялары сұранысқа сай Байзақ ауданында 60, Жамбылда 20, Жуалыда 60, Қордайда 100, Меркіде 30, Мойынқұмда 4, Т.Рысқұловта 60, Сарысуда 150, Таласта 180, Шу ауданында 50, ал Тараз қаласы 507 пәтерді көпқабатты тұрғын үйден пәтер сатып алу мақсатында құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бұдан бөлек, жеке меншік инвестиция есебінен 1750 пәтерлі 15 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, мемлекеттік бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен жалпы 750 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру міндетте тұр, – дейді басқарма басшысы.

Осы жылдың бес айының қорытындысына қарайтын болсақ, бюджет қаражаты есебінен 60 пәтерлі бір арендалық пилоттық тұрғын үй және жеке меншік инвестиция есебінен 280 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Жалпы, бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен 215,7 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда жоспар 102 пайызға орындалған.

Облыстағы елді мекендерде тұрғын үй салуға бөлінген жер телімдері бойынша инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстары да құрылыс талаптарына сай жүргізілуде. Басқарма басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, биыл бұл мақсатқа 70 инженерлік инфрақұрылым жобасына барлығы 8,3 миллиард теңге қаралған. «Елді мекендердегі халықтың тұрғын үй салуға берген өтініштерін қанағаттандыру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бүгінгі күні 9 алқапта 13 инфрақұрылым жобасы бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оған жұмсалған қаржы 3,3 миллиард теңгені құрайды. Жыл соңына қарай Асқаров көшесінің соңындағы алқаптан 351 жер телімі беріледі деп жоспарлануда. Жалпы, қазір Тараз қаласы мен Қордай, Жамбыл, Меркі мен Сарысу аудандарында инженерлік инфрақұрылым бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, 5 алқапта кеңейту жұмыстары басталды. Оның 2 жобасы алдағы жылға өтпелі. Сондай-ақ, Қаратау қаласындағы республикалық маңызы бар «Тараз» индустриялық аймағы бойынша 5 жоба қолға алынған болатын. Оның 4 жобасы 2025 жылға өтпелі. Тұрғын үй мен инженерлік инфрақұрылым шеңберіндегі жобалар мұнымен аяқталмайды. Алдағы жылдарға да жобалау жұмыстары қолға алынып, тиісті жұмыстар жалғасады», – дейді басқарма басшысы Ерлан Құрмантайұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар