Үлкен сауда орталықтары мен жайма базарлардан бір тауардың екі түрлі бағада өткеріліп жатқанын көруге болады. Сатушыға «неге бұлай?» десең, арзаны Өзбекстан немесе Қырғыз мемлекетінің өнімі болып шығады. Ал отандық өнім одан 150-200 теңгеге қымбат жүреді. Киім- кешек, аяқ киім сауда орталықтарында отандық өнімді таппайсың. Оны да Түркия, Қытай мен Корея елдерінің тауарлары жаулап алған.
Осы ретте ауыл шаруашылығы саласының маманы, «Злиха» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Керімқұл Бегалиевті сөзге тартқан едік.
– Қазір қайсыбір ірі сауда желісіне бармаңыз, ол жерде Ресей, Беларусь, Қырғыз мемлекеттерінің өнімдерін көресің. Ең алдымен, олардың бағасы халыққа қолжетімді. Әрі безендіруі көңілден шығады. Бұл, әрине, сатып алушылардың үлкен қызығушылығын тудырады. Ал, еліміздегі Фермерлер одағы үнемі қазақстандық өндіріс өнімдеріне басымдық беруді, сондай-ақ, сауда сөрелерінің 50 пайызын ұсынуды талап етіп келеді. Өйткені, бұл кез келген ел экономикасының негізін құрайтын, мемлекеттік бюджетті қалыптастыратын және жұмыс орындарын құратын – отандық өндіріс.
Бірақ біздің мемлекетімізге, әсіресе сауда желілерінің иелеріне өз экономикасын дамыту мәселелері қызық емес сияқты. Яғни, сауда орталықтарында шетелдік өнімдерге көп орынның берілуі отандық өнімге зиян келтіруге бағытталған сауда желілерінің саясатының айқын көрінісі, – дейді ол.
Оның айтуынша, сауда желілеріне импорттық өнімдерді сату үшін коммерциялық тұрғыдан әлдеқайда тиімді, өйткені сатып алу бағасы төмен. Ресейдің, Беларусьтің және басқа да шетелдердің барлық жеткізуші кәсіпорны қазақстандықтардан едәуір үлкен, оларда неғұрлым дамыған шикізат базасы бар және өз өндірістерінің ауқымы мен көлемі есебінен неғұрлым тартымды бағаларды ұсына алады. Сонымен қатар, ресейлік және беларусьтік азық-түлік компаниялары өз елдерінде субсидия ала отырып, мемлекеттік қолдауды пайдаланады. Нәтижесінде, олардың өнімдерінің құны айтарлықтай төмендейді. Ал, қазақстандық азық-түліктерде мұндай қолдау айтарлықтай аз, сондықтан өнімнің өзіндік құны жоғары.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Тынысбекұлының айтуынша, жергілікті өнім өндірушілерді қолдау мақсатында облыс пен аудандарда көктем және күз айларында тұрақты жәрмеңкелер ұйымдастырылады екен. Шаруаларға мал, егін шаруашылығын, тамшылатып суару жүйесін енгізу үшін субсидиялар беріледі. «Қазіргі таңда көкөніс Өзбекстан мен Қызғыз елдерінен және Түркістан облысынан жеткізілуде», – дейді ол. Оның айтуынша, өңіріміздегі жеті ауданда 25 жылыжай жұмыс істейді. Оның көлемі 18 гектар алқапты құрайды. Мәселен, Байзақ ауданындағы 6 жылыжайда осы айдың 10 күнінде 60 тонна қияр мен қызанақ жиналып, сауда орталықтарына түскен. Шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлердің өнімі негізінен базарларда өткерілуде. Ал сауда орталықтарындағы «Қазақстанда жасалған» және «Алқаптан сөреге» жобалары бұрынғы әкімдермен бірге келмеске кетіпті.
Қазір нарықты қырғыз бен өзбектің киім-кешегі мен сүт өнімдері жаулап алған. Бағасы қымбат емес. Сапасы да қарапайым жұрттың көңілінен шығады.
Кәсіпкердің де алаңдайтын жөні бар. Себебі, бізде бәсекеге қабілетті кәсіпорын өте аз. Мәселен, өңіріміздегі ірі кәсіпорынның бірі – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестікте сегіз мыңға жуық адам еңбек етеді. Дегенмен, отандық өндіріс ошағының аяғына тұсау салатын мәселелер де жетерлік. Серіктестіктің бас директорының орынбасары Ерсін Сариевтің айтуынша, олардың әлемдік нарықтағы бәсекелесі Ресей мен Қытай мемлекеттері.
– «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты минералдық тыңайтқыштар зауыты ауыл шаруашылығы үшін минералды тыңайтқыштар мен жем-шөптік фосфатсыздандырылған фосфаттар өндіруге маманданған қазіргі заманғы химиялық кәсіпорын. 2022 жылы біз «Аммофос-2» тыңайтқыштарын өндірудің екінші желісін іске қостық, бұл өндіріс көлемін жылына 1 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Біздің өндіріс ошағында «Аммофос», «Сульфоаммофос», «Жемшөп трикальцифосфаты» және «Фосфогипс» өндіріледі.
Біздің өнімдеріміздің көп бөлігі бүгінгі таңда ішкі нарыққа өткерілуде. Отандық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін тыңайтқыштарды субсидиялаудың мемлекеттік бағдарламасы бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Сонымен қатар, біздің тыңайтқыштар Еуропа, ТМД және Орталық Азия нарықтарында сұранысқа ие. Жаһандық химия өнеркәсібінде – кәсіпорын толық циклді жұмыс жүйесімен әйгілі. Зауыт шикізаттан бастап дайын өнімге дейін процестің барлығын қамтыған. Минералды тыңайтқыштар өндіру цехі жылына 1 миллион тоннаға жуық өнім шығарса, жемтік фосфат өндіру цехі 70 мың тонна өндіруге қауқарлы. Ал, күкірт қышқылын шығаратын цех жылына 600 мың тонна өнімді нарыққа жібереді. Дегенмен, бізде проблема да жоқ емес. Бізге қазіргі таңда мемлекеттің қолдауы қатты қажет. Өйткені, сыртқы нарықта бізден мықты екі бәсекелесіміз бар. Қолдау болмаса алдағы уақытта біз олармен нарықта бәсекелесе алмайтын түріміз бар. Өндіріс шикізат пен көгілдір отын бағасының жоғарылауынан өнім төмендеуі мүмкін. Экология талаптары да зауыттың құлашын кеңге аштырмай тұр. Осылай жалғаса беретін болса алдымызда не күтіп тұрғаны белгісіз?, – деді Ерсін Сариев.
Жеңіл өнеркәсіп саласының қазіргі жағдайы мүшкіл. Өңірдегі іргелі кәсіпорын саналатын «ТаразКожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де қиын кезеңдерді бастан өткеру үстінде. Зауыт директоры Еркін Абдыбаев еліміздегі жеңіл өнеркәсіп орындарының шетелдік әріптестерімен бәсекелесе алмай отырғанын жасырмады. Жалпы, зауыттың жылдық қуаты 500 мың жұп аяқ киімді құрайды. Серіктестік 250 адамға жұмыс беріп отыр.
– Бүгінге дейін біз тығырықтан Қазақстан Қарулы Күштерінің тапсырысын орындап шығып келген едік. Биыл ол тапсырыстан да айырылып қалдық. Біздің аяқ киімге деген сұраныс бар. Бірақ, талай жылдан бері өндіріс қуатын арттыра алмай келеміз. Қазір қарап отырсам, елдегі жеңіл өнеркәсіптің бірде-бірі шетелдік компаниялармен бәсекелесе алмайды. Біз аяқ киім өндірісімен көп жылдан бері айналысып келеміз. Оның өзінде ішкі нарықтың бар болғанда 3-ақ пайызын қамти аламыз. Қалған 97 пайызы шетелдіктердің үлесінде. Шынын айту керек, бүгінгі біздің нарықты Қытай, Өзбекстан мен Түркия жаулап алған. Ал, отандық нарықта бізге қолдау жоқ. Тапсырыстың болмауы жұмыс күшін қысқартуға әкеліп соғуы мүмкін, – дейді серіктестік директоры.
Қазірдің өзінде еліміздің нарығын толыққанды жаулаған отандық өнім жоқтың қасы. Ал, отандық өндірушілерге атағынан ат үркетін әйгілі брэндтермен бәсекеге түсу қиын соғуда. Бірақ нарыққа шетел мен өз еліңнің тауарлары қатар шығарылғанда, басқа мемлекеттің өнімін құп көретініміз өкінішті. Олай етпеске шараң да жоқ. Шеттен жеткізілетін өнімнің көбі құрамына түрлі химикаттар қосылған тауар екенін жақсы білеміз. Сөйте тұра, аламыз. Өйткені, отандық табиғи таза өнім дүкендерге көп қойылмайды. Сұраныс та жоқ оларға. Оның үстіне, бағасы қымбат.
– Біздің шаруа қожалықтар неге бәсекелесе алмайды. Көктемде көкөністі Өзбекстаннан тасимыз. Құлпынай мен өрік, алқоры жәшік-жәшік болып Қырғыз елінен келеді. Алманы Қытай мен Иран нарығынан аламыз. Ет те сырттан тасымалданады. Ал, өзіміздің балғын етке не жетсін. Шынын айтқанда тынбай еңбек етіп жатқан шаруалар көп бізде. Тек мемлекеттен жарытып субсидия ала алмай жүр көбі. Қайтсін енді, қаражатқа әне-міне қол жеткіземін дегенде, ірі компаниялар кесе-көлденең тұрып алады алдарына. Біздегі шаруалардың барлығы мүсәпір немесе мүшкіл күйде деуден аулақпыз. Ебін тауып, өнімін тұрақты түрде ел-елге, жер-жерге тасымалдап жатқан кәсіпкерлер баршылық. Кейбірі тіпті, күнделікті тұтынып жүрген асымызға жаңашылдық енгізіп, құрамына ұлттық сусындарды қосып жатыр. Кеше газеттен тараздық жігіттің сиыр сүті мен құрмадан алкогольсіз құрма сүтін дайындап, өндіріске шығарғанын оқыдым. Мұндайға қалай ғана қайран қалмайсың? Бізде осындай жаңалық ашқан кәсіпкерлерге тиісті деңгейде қолдау көрсетілмейтіні қынжылтады, – дейді «Тырнақбай» шаруа қожалығының жетекшісі Мейіржан Төлеген.
Ет өндірісімен айналысып отырған жеке кәсіпкерлер де қаржылық қиындық көріп отырғанын жасырмайды. «Бізді қинайтыны қаражат. Субсидия алуға барамыз. Банктердің қойған талаптары ауылды жерге сай келмей жатады. Көбіне кепіл сұрайды, кепілдеріміз олардың талабына сай келмейді. Саман үйіміз өтпейді, алмайды. Біз көбінесе қолымыздағы малды сойып та, тірідей де апарып өткізуге тырысамыз. Бірақ ол көбінесе өтпейді. Сойып апарсақ бағасы арзан кетеді. Сұраныс басқа қалалардан да келеді. Бірақ басқа өңірлерге апара алмаймыз. Себебі, оны жеткізу өте қиын. Жағдайға қарай өнімімізді Тараз қаласының төңірегінде өткіземіз. Мүмкіндігіміз соған ғана келеді», – деді жеке кәсіпкер Қуат Жақаш.
Соңғы жылдары ет өндірісінде құс еті мен құс жұмыртқасына сұраныстың артқанын байқау қиын емес. Қазір облысымызда ауыр және жеңіл өнеркәсіп ошақтары бастарынан қиын кезеңдерді өткізіп жатқанда, құс фабрикалары жанданып келеді. Соның бірі – бүгінде отандық нарықта өз брендін қалыптастырып үлгерген Байзақ ауданындағы «Аулие-Ата-Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік директоры Фарида Жүнісованың айтуынша, зауыттың жылдық қуаты 8 мың тонна. Бүгінде алты құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Алда оның санын 12-ге жеткізіп, жылдық қуатын 12 мың тоннаға арттыру жоспарланған. Зауыт өндірген өнімін облыс нарығымен қатар Ресей мен Қырғыз мемлекеттеріне экспорттап отыр. «Қандай кәсіп болса да оның көзін табуға болады. Елімізде қазір құс фабрикаларының жұмысы жақсы жолға қойылып келеді. Ең бастысы – мемлекеттен қолдау бар. Соның нәтижесінде жер-жерде өз филиалдарымыз ашылып, жұмысымыз жандануда. Жұмыс істеймін, кәсібімді дамытамын деген адам бәріне қарсы тұра да білуі керек», – дейді ол.
Отандық кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарының, шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлердің аяқ алысы әрқалай. Нарық заманында әркім өз арбасын сүйрейтіні белгілі. Бірақ, оның көпшілігі отбасы бизнесі төңірегінен аса алмай отырғаны қынжылтады. Тараз қаласы мен аудандарда топ жарып, алға озып, өз брендін қалыптастырған не шаруа қожалық, не жеке кәсіпкер жоқ. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдарды айтпағанда, іріленемін, әлемдік нарыққа шығамын деген шаруа қожалықтар мен жеке кәсіпкерлер некен – саяқ.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- Бүгін, 02:59
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді