«Кең дала»: 95 жамбылдық шаруа төмендетілген несие алды

«Кең дала»: 95 жамбылдық шаруа төмендетілген несие алды
Ашық дереккөз
Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған «Кең дала» бағдарламасы аясында 95 шаруаға несие қаражаты берілді, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Басқосу барысында көктемгі дала жұмыстары мен әскерге шақыру науқанының қорытындысы қаралып, өзекті мәселелер талқыланды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтің айтуынша, өңірдегі көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілді. Дегенмен, Т.Рысқұлов, Шу, Меркі, Сарысу аудандарында ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспары белгіленген межеде аяқталмаған.

Аудан әкімдіктерінің соңғы ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, облыстағы 611,1 мың га алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Атап айтқанда, 188,9 мың га жаздық масақты дақылдар, 19,3 мың га көкөніс, 29,3 мың га көпжылдық шөп, 35,2 мың га майлы дақылдар, 10,8 мың га алқапқа қант қызылшасы, 4,6 мың га бақша дақылдары, 3,2 мың га картоп және 11,7 мың га алқапқа дәндік жүгері егілді.

– Статистикалық мәліметтер нақты әрі тұрақты бақылауда болуы керек. Болмағанды болды деуге жол берілмейді. Біз тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу қажетпіз. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласына жіті көңіл бөлгеніміз жөн. Жеміс-жидек пен көкеністен мол өнім аламыз. Бірақ, оны өңдейтін өндіріс жоқтың қасы. Бұл кемшіліктің орнын толтыру мақсатында инвестициялық жобалар қолға алынады. Шаруаларды тиімді қаржыландыру, ескірген техниканы жаңарту бойынша түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Өңірде техника тапшылығы болмау керек, – деген Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының алдына нақты міндеттер қойды.

Cондай-ақ, биыл 44 мың тонна тұқым дайындалып, толық себілген. Жалпы көктемгі дала жұмыстарына 7 506 ауыл шаруашылығы техникасы қатысты. 9,2 мың тонна дизель отыны шаруаларға таратылған.

 

Ұқсас жаңалықтар