«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жылағанды жұбатқым кеп тұрады

Жылағанды жұбатқым кеп тұрады
Ашық дереккөз
Жылағанды жұбатқым кеп тұрады

АБАЙДЫҢ МАХАББАТЫ

Ақындық қонды қайдан?
Сор болды даналығы.
Қым-қиғаш болды майдан,
Қос өмір аралығы.

Сонда да сүйді адамның,
Барлығын бауырым деп.
Тіріде бұл ғаламның,
Көрсе де тамұғын көп.

Оянды он бесінде,
Ұлпадай уыз сезім.
Тоғжаны қалды есінде,
Ғашықтық буып көзін.

Айлы түн. Алтыбақан...
Топайкөк.Тоғжан салды.
Қып-қысқа атты да таң,
Айтылмай арман қалды.

Айтылмай арман қалды,
«Жарқ етпей қара көңіл».
Жүректен тамған зарды,
Өлең ғып ағады өмір.

...Жаңа әуен қалықтады,
«Шілікті кезең»жақтан.
Жарқ етті жарық тағы,
Ән саулап сезім бақтан.

Бейтаныс һәм таныс үн,
Сабырын бітті сарқып.
Көргендей көзтанысын.
Бір жалын ішті шарпып.

Айгерім ән боп келді,
Маңайын сазға бөлеп.
Жараны, жазды өткенді,
Елітіп назға бөлек.

Үрниса үмітінің,
Үзігін жалғаған кім?
Тапқандай мұңы тыным,
Сандуғаш сайраған түн!

ТАБИҒАТ – ОРТАҚ АНАМЫЗ

Табиғат – ортақ анамыз,
Аялау парыз ардақтап.
Қатыгез болып барамыз,
Қорғайық оны жан-жақтап.

Мекен қып мақпал төсіңді,
Замана жүгін ақтарған.
Өр кеудең күнде тесілді,
Адамдар атқан оқтардан.

Қайсар ең неткен төзімді,
Селт етпес ешбір жайтқа түк.
Сендегі іңкәр сезімді,
Сезінген Шыңғыс Айтматов.

Сұңғыла жан ол саналы,
Дөп келді айтқан дерегі.
Ешқашан екі ананы,
Жылатпау керек деп еді.

МЕНІҢ КӨҢІЛІМ

Бітпесе де бұл өмірдің сынағы,
Көпке жетсін көңілімнің шуағы.
Кембағал жан көрсем созып қол ұшын,
Жылағанды жұбатқым кеп тұрады.

Адамдарға тілеймін тек жақсылық,
Жарасына жырмен жамаужапсырып.
Аялаймын мен бәрінің арманын,
Құшағыма келеді алғым қапсырып.

Менің жаным – ұлан-ғайыр даламдай,
Шетсіз-шексіз он сегіз мың ғаламдай.
Айналама махаббатпен қараймын,
Мейірімі мөлдіреген анамдай.

Нұрділдә ӘБДІХАНҰЛЫ,
10-сынып оқушысы.
Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар