Жамбылдық оқушылар акцияға белсенді үлес қосуда

Жамбылдық оқушылар акцияға белсенді үлес қосуда
Ашық дереккөз
Облыста республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Экологиялық науқанды жамбылдықтар жылы қабылдап, белсенді қатысуда.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында 600-ден аса мектеп оқушысы қоқыс қалдықтарынан қолөнер бұйымдарын әзірлеген. Олардың еңбектері «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніндегі көрмеге қойылды. Тараз қаласы білім бөлімі техникалық шығармашылық орталығының шәкірттері алдағы уақытта да экологиялық науқанға үлесін қосып, шығармашылықтарын шыңдауға ниетті.

Бұл күні жас ғалымдардың инновациялық жобалары да көрмеге қойылды. Оқушылардың идеялары экологияны жақсартып, адамдардың тұрмыс-тіршілігін арттыруға негізделген. Мәселен, Тараз қалалық №7 мектеп-гимназиясының оқушысы Д.Тарасенко «Жаяу жүргінші өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру», Меркі ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Ж.Жеңісхан «Таза қала сізден басталады», Жуалы ауданы Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейінің оқушысы А.Оңдасын «Ақылды Есо-жылыжай», Меркі ауданы №44 мектебінің оқушылары А.Еркінқызы мен Ө.Еңсебек «Екінші өмір сыйла!» атты қоқыс өңдейтін зауыттың жобасын таныстырып, көпшіліктің жоғары бағасын алды.

Жамбыл ауданы Ерназар ауылының келіндері арасында «Ең таза аула» конкурсы ұйымдастырылды. Байқауға 35 жасқа дейінгі 9 келін қатысып, ауланың тазалығын сақтау бойынша өзара бақ сынасты. Жалпы, келіндер арасындағы байқау экологиялық мәдениетті қалыптастыру, береке мен бірлікті арттыру және ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыруды көздейді. Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ, облыстың барлық ауданында «Ең таза көше», «Ең таза аула», «Ең белсенді волонтер» конкурсы өткізілді. Атап айтқанда, Тараз қаласы «Ұлы дала» шағын ауданында «Біздің аула», Байзақ ауданында «Ең үздік волонтер», Сарысу, Қордай аудандарында «Ең үздік аула», Т.Рысқұлов ауданында «Ең белсенді тұрғын», Талас ауданында «Ең үздік көше», Шу ауданында «Ең үздік аула сыпырушы» конкурсы ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, осы күні волонтерлердің, белсенді азаматтардың, тұрғындардың қатысуымен Тараз қаласы мен аудандарда сенбіліктер, тазалық жұмыстары өткізілді. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Мамыр» саябағында 200-ден астам қала тұрғынының қатысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары, Талас өзенінің бойында, Айша бибі көшесінде тазалық жұмыстары, Б.Момышұлы көшесіндегі аялдамаларды бояу, жуу жұмыстары, «Ұлы дала» шағын ауданында тазалық жұмыстары, «Қарасу» шағын ауданындағы «Әулие бұлақ» каналын тазалау жұмыстары атқарылды.

Осы бағыттағы акциялар барлық ауданда ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Байзақ ауданының орталық саябағында, Жамбыл ауданы Айша бибі кесенесінің маңында, Қордай ауданының орталығында, Меркі ауданында «Сыпатай батыр», Сарысу ауданында «Шоқай Датқа» кесенелерінің маңында, Шу қаласы теміржолшылар саябағында тазалық жұмыстары жүргізілді.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері өңірде 1 770 сенбілік өтіп, оған 220 мың адам қатысты.

Нәтижесінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 шақырым каналдар мен арықтар, 3,1 мың шақырым көше мен 109,1 мың аула тазартылды. 11,4 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылды.

2024 жылға абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына жалпы 10,3 миллиард теңге қарастырылған.

Акция жыл соңына дейін жалғасып, тұрғын үйлер, жолдар, демалыс саябақтары абаттандырылып, жөнделетін болады.

«Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық акциясының аясында Меркі ауданында да абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары жалғасуда.

Осы орайда, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Меркі Радон» шипажайына барар жолдың бойында тазалық жұмыстары жүргізіліп, тау шатқалының аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.

Акцияға аудан жастары, волонтерлер қозғалысының еріктілері қатысты. Жалпы, ауданымызда 100-ден астам ерікті болса, оның 25 тау шатқалында тазалық жұмыстарын жүргізді.

Жастар ресурстық орталығының мамандары аудан аумағындағы қоқыстарды жинаумен айналысу – біріншіден, туған жерге деген махаббат болса, екіншіден, денсаулыққа да пайдалы екендігін жеткізді.

Дана халқымыз «Тазалық – денсаулық кепілі» деп бекер айтпаған. Тазалықты сақтау, оған айрықша мән беру – әрбір адамның туған жеріне деген жанашырлығын, табиғатқа деген қамқорлығын, бір сөзбен айтқанда, Жаратушы сыйлаған барлық құндылықтарға, соның ішінде айнала қоршаған ортаға аса жауапкершілікті қажет етеді. Әсіресе, иін тірескен зәулім ғимаратты, ерсілі-қарсылы ағылған көп көлікті, тұрғындар тығыз шоғырланған қалалар тазалығын сақтау өте маңызды шаруа екені айтпаса да түсінікті. Президенттің бастамасымен қолға алынған акция барысында тазалықты сақтау мен тазалау жұмыстарын ұдайы әрі үздіксіз жүргізіп отыру – бүгінгі күннің басты талабы және баршаға ортақ іс.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекеннің айналасын тазалау, қоқыстан арылту, тал-дарақ егу, арықтар ішін аршу секілді жұмыстар, сондай-ақ, көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру істерінде ілкімді жастардың еңбегі зор.

Осы орайда, аудандағы ерікті жастардың қатысуымен «Ақбұлақ» елді мекеніне түгел тазалық жұмыстары жүргізілді.

Жастар өңірдің тазалығына тек тиісті мекеме қызметкерлері ғана жауапты болмай, барша тұрғынның атсалысуына мұрындық болуға тырысты.

Қазақта «Ауылына қарап, азаматын таны» деген жақсы сөз бар. Әрбір тұрғын көше тазалығын өз ауласынан бастап, туған жерінің көркеюіне өзіндік үлесін қоса білсе, нұр үстіне нұр. Осы тазалыққа өз үлестерін қосқан ерікті жастар жауапты мекемелер тарапынан Алғыс хаттармен марапатталды.

Жуалыда жалғасын тапқан «Таза Қазақстан» акциясынан «Жасыл ел» жасақтары мен еріктілер қалыс қалып жатқан жоқ. Жуалы ауданы әкімінің аппараты мен «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің бастамасымен аудан орталығында орналасқан «Мәңгілік Ел» саябағы мен «Жастар» аллеясы аумағында санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, саябақ күл-қоқыстан тазартылды.

Аталған шараның басты мақсаты – жастардың экологиялық білімін арттыру және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу. Бұл ретте аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жеңісбек Сейтбеков: «Біз тазалық жұмыстарын еріктілермен барынша көбірек жүргізіп келеміз. Бірақ, бұл науқанға біздің тұрғындарымыз да атсалысуы керек. Бұл шаруа тек әкімшілік қызметкерлері мен волонтерлардың міндеті десек, қателесеміз. Көріп жатқан жастарымыз да соған үйренеді. Өзіміздің ауламызды өзіміз тазалайтын болсақ, отырған жерімізді өзіміз ретке келтірсек, жастарға үлгі көрсете аламыз», – деп атап өтті.

Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай сенбілік күнделікті өткізіліп тұрады. Көптеген ерікті аталмыш шараға «Таза Қазақстан» акциясы бастау алғаннан бері атсалысуда. Олар ауданды тазартуға үлес қосып қана қоймай, өздеріне жаңа дос тауып жатқанын айтады.

– Біз осы аудан ішінде қоқыстарды жинаумен айналысып жатырмыз. Ол денсаулығымызға да пайдалы. Өзіме осы жерден жақсы достар таптым. Барлығымыз атсалысып, жинап жатырмыз, – дейді ерікті Рүстем Махамбетжан.

Сондай-ақ, Президенттің бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған шара барысында аудандағы ең белсенді волонтер анықталды.

 

Дайындаған

«Aq jol» газетінің тілшілер тобы.

Ұқсас жаңалықтар